- Биылғы жылы менің қызым политехникалық колледжді бітіреді. Қазіргі кезде олар мемлекеттік емтихан тапсырып жатыр, артынан диплом жұмысын қорғайтын болады. Көктемде бізге колледж түлектері жоғары оқу орнына тапсыру барысында енді әңгімелесудің орнына кешенді тестілеу тапсырады деген еді, сол рас па?
Телефон арқылы
- Мәжілісмендер мен сенаторлардың қызу талқысына түскеніне қарамастан білім туралы жаңа заң жоғары оқу орнына түсетін абитуриенттердің барлығына біріңғай талап қойып отыр, - дейді Атырау облысы білім беру басқармасы бастығының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ. – Сондықтан да үстіміздегі жылы колледж бітіргендер үшін әңгімелесу өткізілмейді, өткен жылдары мектеп бітірген түлектермен бірге кешендік тесті тапсыратын болады. Оның талабы да ҰБТ секілді: өту балы – 50-ден кем болмайды, пәндер саны – 4, әр пән бойынша сауалдар саны - 30. Колледж әкімшілігі өз түлектері үшін сынама тестілеу өткізуі керек. Сынама тестілеу өткізу үшін материалдар тестілеу орталығынан алынуы тиіс және қорытындыларды өңдеу де осы жерде жүргізіледі.
- Сауалнамалар бізге тек таяу арада ғана түсті, сондықтан да түлектердің кешенді тестілеуге дайындалуға өте аз уақыттары қалды,- дейді политехникалық колледждің директоры Бақыт ШЕРКЕШБАЕВА: - Студенттер 7 шілдеге дейін диплом алып болулары тиіс. Бұдан басқа, студентер жақында ғана республикалық техникалық және кәсіптік білімді дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының сертификатын алу үшін тәуелсіз тестілеуден өтті. 20 маусымнан бастап жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілердің өтініштері қабылдана бастады. Биылғы жылы политехникалық колледждің 137 түлегі кешенді тестілеуден өтуге ниет білдіріп отыр. Өткен жылы КТ 19 шілдеде өтті, биылғы жылы да шілденің екінші жартысында өтпекші. Мемлекеттік білім грантын алуға үміткер колледж түлектері өткен жылы да КТ тапсырды. Грант алған жағдайда да олар жеделдетілген (3 жыл) түрде емес, әдеттегідей жоғары оқу орнының бағдарламасы бойынша (4 жыл) оқитын болады. Өйткені, мемлекет жедел оқыту бағдарламасы бойынша оқитындар үшін грант бөлген жоқ. Колледж өз тарапынан жоғары оқу орнына түсем деген түлектері үшін нақты бір дайындық жүргізуге дайын, бірақ, біз оны барлық мемлекеттік емтихандар және диплом жұмыстары тапсырылып болған соң жүргізе аламыз.