Атырау қалалық прокуратурасы тексеру жұмыстарын жүргізіп, «APEC PetroTechnic» Жоғарғы колледж оқушыларының 2015 жылдан бастап жергілікті бюджеттен оларға тиесілі қоғамдық көлікте жүру қаржысын алмағандығын анықтады. Ал басқа жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері ақшаны уақытында ала алмайтындығына шағымданды.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ
APEC PetroTechnic директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ:
- Бұл біздің кінәміз емес. Шамасы, қалалық билік бізде 18-20 жастағы жастар емес, тек ересектер ғана оқып жатыр деп ойлаған шығар. Прокуратура тексеру жүргізгеннен кейін қалалық білім бөліміне студенттердің тізімі мен сабаққа қатысу табельдерін жолдадық. Енді прокуратура ұйғарымы шыққаннан кейін олардың барлығына жол жүру ақысы беріледі. Қандай сома екенін дәл айта алмаймын.
- Сіздерде оқушылардың жасы бойынша шектеу бар ма?
- Жоқ. Ең жас студент 18 жаста, ең үлкені - 40 жаста. Қазіргі уақытта 690 адам білім алуда.
Қалалық білім бөлімінің есепшісі Ақсәуле ХИСАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 2018 жылы жергілікті бюджеттен студенттерге жол жүру ақысын төлеу үшін 316 млн теңге бөлінген. Сабаққа қатысуына байланысты әр студентке айына 1500-2000 теңге тиесілі.
- Биылғы жылға дейін «APEC Petrotechnic» жоғары колледжі жол жүру ақшасын есептеу үшін бізге қажетті құжаттар тапсырған жоқ. Алайда олар оқу орнын ашқаннан кейін тапсыруы тиіс еді, - деді Хисанғалиева. - Мысалы, 2014 жылы «Болашақ» колледжі ашылды, олар дереу құжаттарын тапсырды, содан бері студенттері ақшаларын уақытымен алып отыр.
- Ал студенттің дәріске қатысқан-қатыспағанын қалай білесіздер?
- Әрбір жоғарғы оқу орнында немесе колледжде сабаққа қатысу табелі үшін жауапты тұлғалар бар. Олар бізге ай сайын табель әкеліп тұрады, ақша осы құжаттың негізінде төленеді.
Қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Ермек МӘМБЕТОВА студенттердің көпшілігі ақшаларын кешіктіріп алады деген пікірлермен келіспеді. Қалай дегенмен де, мұндай жағдай өз бөлімінің кінәсінен еместігін айтты:
- Екі жағдайда бәрі уақытында төленеді: оқу орындарының құжаттары ай сайын және толық көлемде ұсынылуы тиіс. Ал үш айдың сабаққа қатысу табелін бір әкелетін жағдайлар да болады. Сондықтан бұл жерде біздің кінәміз жоқ.
СТУДЕНТТЕР НЕ ДЕЙДІ?
- 4 жыл оқығанда ең болмаса бір рет уақытында төлегені есімде қалмапты. Әдетте 4-5 айдың ақшасы бір түседі. Мәселен, мен 4 айға шамамен 5 мың теңге алдым. Ал менің есептеуім бойынша, 7-8 мың теңге болуы тиіс, - дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жергілікті университеттердің бірінің соңғы курс студенті И.К.
«AЖ» тілшісі жергілікті 9 оқу орны мен колледждердің әрқайсысынан екі студенттен сауалнама жүргізген еді, соңғы төлемдер бойынша төмендегідей кесте шықты:
АтМжГУ және AМУ студенттерінің айтуынша, жол жүру ақшасы фамилиялардың алфавиттік тәртібімен аударылады. «Егер, мысалы, фамилияң Әубекеров болса, онда алғашқылардың бірі болып аласың, ал егер Якутов болса, ұзақ күтуге тура келеді, - дейді сұхбаттасушыларымның бірі. Бірақ қалалық білім бөліміндегілер бұған қатысты түсініктеме беріп жатпай, жол жүру ақшасын беру бойынша кешіктірілулер жоқ екенін қайталап айтты.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор