2018 жылы мұнай астанасын көгалдандыру тендерінің бірін, өткен жылғыдай, Қазақ саңыраулар қоғамы (ҚСҚ) Атырау кәсіпорны ұтып алды. «АЖ» сауалдарына кәсіпорын директоры Әли СЕИДОВ жауап берді.
СУАРУ МӘСЕЛЕСІ
- Әли Қадырұлы, өткен жылы сіздің компания қаланы көгалдандырумен бір өзі айналысты. Редакцияға суару сапасына қатысты көптеген шағымдар түскен еді. Қазіргі жағдай қалай?
- Сәтбаев даңғылы мен әуежайға қарай Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы жаңа суару жүйесі жұмыс істеп тұр. Басқа көшелерде, өкінішке орай, ескі суару жүйесі ауыстырылмаған. Бірақ біз өз күшімізбен жылыстап су аққан жерлерді жөндеп, үнемі ұрланып кететін шұраларды ауыстырып отырмыз... Қазіргі уақытта суаруға қатысты бәрі жақсы деп айтуға болады.
- Ескі суару жүйесі нашар болса да жұмыс жасап тұр. Ал ондай жүйе мүлдем жоқ көшелер туралы не айтасыз?
- Ондай жерлерді техниканың көмегімен басқарамыз. Желіде 7 су тасушы көлік пен есту қабілеті бойынша 87 мүгедек маман жұмыс істейді. Өткен жылы сорғы станцияларымен проблема болды, бірақ біз ол жерде бәрін жөндедік - проблемалар жоқ.
- Биыл Әбілқайыр хан даңғылында жаңа суару жүйесі жұмыс істеп тұр, ол 3 резервуардан Жайық суы жеткізілетін магистралды су құбырына таратушы желілер арқылы жалғанған. Қарапайым тілмен айтқанда, ағаштар ұсақ тесіктері көп шлангалармен суарылады. Өзен суы құммен және балдырлармен, тіпті, жаңбырдан кейін балшықтың тесіктерді бітеп тастайтындығын ескерсек, бұл жүйені қолдану қаншалықты орынды деп ойлайсыз?
- Мұны жасаған адам - сауатты адам. Онда суды азды-көпті тазартатын сүзгілер бар. Иә, суару барысында қызметкерлерге көбінесе қолмен тесіктерді құмнан тазалап отыруға тура келеді. Бірақ тұтастай алғанда бұл жүйе жақсы жұмыс атқарады. Ал біз резервті нұсқа ретінде қосымша шлангалар тартып алдық. Егер кенеттен бұзылып қалса, ағаштар кеуіп қалады.
- Яғни, сіз осы нәзік жүйенің қалай болса да бұзылатындығын жоққа шығармайсыз ғой?
- Барлығы жұмыс істейді. Кейде әлденелер бұзылып қалады ғой, бұл қалыпты жағдай.
Жоғарыда аталған көшелерден басқа, ҚСҚ құзырында - Балықшы бағы, Тайманов көшесі, драма театрының алдындағы субұрқақ жанындағы алаң, Әлиев көшесі, Ғұмаров көшесі, Қ. Смағұлов аллеясы, орталық көпір алдындағы саябақ, Сәтпаев-Құрманғазы жол айрығы, Владимирский, Берғалиев, Әуезов көшелері, әуежай ғимаратының алдындағы алаң, облыстық және қалалық әкімдіктің Жайық жақ аумағы.
ГҮЛДЕНГЕН ЖОҚ
Биыл жергiлiктi билік бүкіл көгалдандыруды бiр кәсіпорынға сеніп тапсырмауды ұйғарды. Енді бірі суарса, екіншісі отырғызады, үшіншісі ағаштарды кеседі... Бірақ, қойшы көп болса‚ қой арам өледінің кері келмесе болғаны. Қала жазға қарай уәде етілген тірі хризантема мен шырайгүлдердің алуан реңкіне бөленбеді. Қазір гүлзарларды арамшөптер басқан, мұнай тербелмесінің жанындағы гүл алаңында алып пластмасса қызғалдақтар «өсіп» тұр. 166 шағын сәулет нысандары осындай «жансыз» күйді кешуде.
Бүгінде шымкенттік «Аяулы-Алақан» қоғамдық бірлестігінің болашақ гүлзарларды суарумен айналысатыны белгілі. Ал гүлдерді кім отырғызады? Мәселе әзірге ашық күйде қалып отыр, келісімшарттар әлі жасалған жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ