Атырау облысында «Бекіре-2018» акциясы барысында 731 заң бұзушылық анықталды. 57 қылмыстық іс қозғалды, 864 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 тонна балық, оның ішінде 3,8 тонна бекіре тұқымдастар және 11,4 кг бекіре уылдырығы тәркіленді. Бұл туралы акцияның аяқталуына орай Астанадан ұшып келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті басқармасының бастығы Арман ӨТЕПОВ брифингте мәлімдеді.
«АЖ» сауалдары:
- 22 мамырда Ұлттық гвардия қызметкерлері 162 кг бекіре тұқымдас балықпен ұсталды. Бұл қызметкерлер кімдер?
Осы және келесі сұрақтарға облыстық ІІД балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Серік ЖАНҰЗАҚОВ жауап берді:
- Иә, олар қызмет көлігімен заңсыз ауланған балықты әкеле жатып, «Пешной» бақылау-өткізу бекетінде ұсталды. Олар №5546 әскери бөлімінің батальон штабының бастығы Жандос Доспанов пен әскери қызметші Ғалымжанов. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
- Жанбайда «Бекіре-2018» акциясын өткізу қиын болды ма?
- Биыл Жанбайда құқықбұзушылық деңгейінің төмен болғанына таң қалдық. Бұл «Бүркіт» арнайы әрекет ету тобының қызметкерлерінің арқасында деп ойлаймын, олар тәулігіне 24 сағат бойы ауысыммен жұмыс істеді.
- Акция барысында Жайық, Қиғаш өзендерінде және Каспий теңізінде 3288 «иесіз» балық аулау құралдары - аулар, ахандар, каладалар (керме аулар) тәркіленді. Олардың иелерін табу мүмкін бе?
Сұраққа ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2201 «Г» әскери бөлімінің командирі Мұхтар ҚАНАБЕКОВ жауап берді:
- Бұл аулау құралдарының негізгі бөлігі теңіздің оңтүстік-батыс бөлігінен табылды. Каладаларды, әдетте, Дағыстан мен Әзірбайжан браконьерлері пайдаланады. Өкінішке орай, осы браконьерлік балық аулау құралдарының иелерін табу мүмкін болмай отыр.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор