Атырау, 26 қараша 05:17
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ауыл әкімінің әмияны

Сурет
7 993 просмотра


2018 жылдан бастап халық саны 2 мың адамнан астам елді мекендер мен ауылдық округтерде өзін-өзі басқару бюджеті мен коммуналдық меншігі болуды қарастыратын ҚР-дың жергілікті өзін өзі басқару туралы заңнамаларына өзгерістер енгізілді. «АЖ» тілшісі осы жаңалықтың нақты бір ауылдағы жұмыс барысымен танысты.

Индер ауданы Өрлік ауылында 523 үйде 3040 адам тұрып жатыр. Ауыл көгілдір отын, ауыз сумен қамтылған, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі қалыпты жұмыс жасап тұр. Ауылдағы 67 кәсіпкерлік нысанның 23-і ауыл шаруашылығымен айналысады.


- Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері негізінен үш бөлімнен тұрады. Салықтық түсімдерден, салықтық емес түсімдерден және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер,- дейді Өрлік ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нариман НҰРМҰХАНОВ (суретте). – Ауыл бюджетіне түсетін салық түрлері - жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы, жер салығы. Осылардан түскен қаржыға ауылды көркейту, көгалдандыру, абаттандыру және тағы басқа жұмыстарды атқарамыз.

- Түсетін қаржының көлемі қандай?

- 2017 жылдарда салықтық емес түсімдерден (айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, мемлекеттік меншіктегі нысандарды жалға беру ақысы, және т.б.) 4 миллион теңге түскен. Биыл да сонша түсім түсер деп үміттеніп отырмыз. Негізі түсім - табыс салығы мен көлік салығы. Мүлік салығынан түсетін кіріс аз. Оған тұрғындардың жеке үйлері жатады.


Н. Нұрмұхановтың айтуынша жоспарлаған жұмыстарды атқаруға түсім қаржылары жетпейді. Мәселен, ауылда 19 көше бар, кіреберіс жолды есептегенде 3 км жол ғана күрделі жөндеуден өткен. Зиратты, қоқыс алаңын қоршауға қаржы керек. Дмеушілер көмектесіп тұрады, мысалы, биыл демеушілікпен 100 тал отырғызылды . Сонымен қатар,  ауданда өткен жерлестер форумында Өрлікке ойын алаңын жасауға уәде етілген.

Өрлік ауылдық округі әкімдігінің аға есепшісі Тоғжан ИДРИСОВА:

- Жыл сайын көше жарығы шығынына 3 миллион 500 мың теңге жұмсалады. Қалған 500 мың теңгені абаттандыру, көгалдандыру, тазалық, көркейту сияқты жұмыстарға жұмсауымыз керек. Мұны он екі айға бөлгенде ештеңеге жетпейді. Бізге кәсіпкерлікті дамыту арқылы түсімдерді арттыруға болатынын айтады.  Биыл екі кәсіпкер өз істерін бастамақшы. Уақытында көреміз.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор

26 мамыр 2018, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.