«Eurest Support Services» (ESS) компаниясының 700-ге жуық қызметкері 2018 жылдың ақпанында еңбекақыны көбейту туралы мәселе көтерді. Өткен аптада ТШО-ның ең ірі сервистік қызмет жеткізуші жүргізушілердің, аспаздардың және тазалаушылардың жалақысын 6%-ға ұлғайту туралы өз шешімін мәлімдеді. Айына 100 мың теңгеден аз ақша алатын жергілікті жұмысшылар бұл жаңалықты кекесінмен қарсы алды.
ҮШІНШІ ТАРАП «АРТЫҚ» ЕМЕС
ESS компаниясы 16 жылдан астам уақыт бойы «Теңізшевройл» ЖШС-не сервистік қызмет көрсетіп келеді және ол бұл қызметтердің ең ірі жеткізушісі. Оның 2002 жылдан бастап, 2015 жылдың соңына дейін ТШО-мен тікелей келісім-шартта жұмыс жасағаны белгілі, ал 2016 жылдан бастап бұл байланыста үшінші «артық» тарап пайда болды. Мұнай алыбы өзінің бұрыннан келе жатқан бас мердігерін «ҚазМұнайГаз Сервис Компас» (ҚМГ C-K) ЖШС-не «айырбастады». Алайда, тек қаржылық қарым-қатынас тұрғысында ғана. Енді барлық тікелей төлемдер ҚМГ C-К шоттарына түсті, ал ESS бұрынғыша сервистік қызметтің кең ауқымды кешенін: ТШО-ның барлық жобаларындағы қызметкерлерді көлікпен қамту, Теңіз кенішінде және Атырауда олардың тамақтануын, вахталық поселкелерді («Шаңырақ», «венгр» ауылы), Теңіздегі өнеркәсіптік зауыт базаларын, орталық кеңсе және Атыраудағы ТШО-ның «Достық» коттедж қалашығын, әуежайдағы транзиттік қонақ үйді және т.б. жабдықтау және материалдық-техникалық қамту, қонақ үй қызметтері, әртүрлі жабдықтарына техникалық қызмет ұсына отырып, қосалқы мердігерге айналды.
ҚМГ С-К - бұл «ҚазМұнайГазСервис» (40%) және «Compass Group» (60%) компанияларының бірігуі нәтижесінде пайда болған бірлескен кәсіпорын. Яғни, қазақстандық ұлттық компания еншілесінің Лондонда штаб-пәтері бар алып сервистік концернмен «некесі».
Бірақ бұл байланыс ұзаққа бармады - ҚМГ С-К отандық үлесі тез арада жекешелендіруге жататын объектілер тізімінде пайда болып, шетелдік тең құрылтайшысы - «Compass Group» компаниясына сатылды. Бірақ аукцион арқылы емес, «келіссөз арқылы». Көптеген қазақстандық бизнесмендер осындай майлы жобадан қуана-қуана үлес сатып алар еді, бірақ оларға мұндай мүмкіндік берілмеді деседі.
- Шындығын айтқанда, түсініксіз мәміле. Менің білуімше, қазақстандық үлесті, тіпті, лот ретінде шығарған да жоқ, сондықтан мәміленің бағасы да белгісіз, - дейді өткізілмеген аукционға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлердің бірі.
Айтпақшы, ESS-тің өзі Compass Group-тің еншілес компаниясы. privatization.sk.kz сайтында «ҚазМұнайГаз Сервис-Компас» лотында мемлекеттік қатысы бар объектілерді жекешелендіру туралы актив төлқұжатында «шетелдік компаниялардың жобаларына қазақстандық қатысу үлесін арттыру туралы мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін құрылды» деген сипаттама берілген. Алайда бұл сызбаның анағұрлым прагматикалық мақсаттары болғаны шүбәсіз.
«ШЕШІМІН ТАБЫҢЫЗДАР НЕМЕСЕ БІЗ АРАЛАСАМЫЗ!»
Ең жоғарғы жақта маңдайша жазулар өзгерді, бірақ төмендегілер үшін көп жылдар бойына ештеңе өзгерген жоқ. ESS қызметкерлері өз жалақыларының деңгейіне наразы екендерін бірінші рет білдіріп отырған жоқ. 2010 жылдың маусымында компанияның 1200 қызметкері жазбаша өтінішке қол қойды. Жалақы көтерілмеді, қол қойған шағын топқа бүлік бастаушылар деп айып тағылды. Жылыой аудандық соты арқылы компания оларға «әкімшілік құқық тәртібін бұзды» деп, оларға айыппұл салды, содан кейін сыпайы сылтаумен қызметтен босатуға тырысты. Бірақ кәсіподақ оларды қорғап қалды.
Бұл жолы бас директор Клайв КОУЛИДІҢ атына жазылған хатқа 700 адам қол қойған (компания штатында барлығы 4 мың адам бар). Хат ресми деңгейде қаралды - сәуір айында облыстық әкімдікте еңбек заңнамасын бұзушылықтар туралы өткен кеңесте облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА өте қатал сөйледі: «Сіздердің 700 қызметкеріңіз сіздерге өтінішпен шықты, жауап болмады, мұндай нәрселерге мән бермеуге бола ма?! Әрине, наразылық болады. Сіздерге екі ай уақыт беремін, шешімін табыңыздар немесе біз араласамыз».
Нәтижесінде, жақында компания Атырау қонақүйлерінің бірінің мәжіліс залында кездесу белгілеп, онда жалақыны 6 пайызға көтеретіндігін мәлімдеді. Соңғы хатқа қол қойған жұмысшылар менің жиналысқа келуімді өтінді. Мүмкін, олар бұл оқиға да 2010 жылдағыдай жазалау түрінде өрбиді деп күтіп, осы кезеңдегі ахуалға бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударуды ұйғарған шығар.
КІМ ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕДІ
Компанияның атынан қатысқан заңгер берік құндылықтарға шақырды:
- Біз жалақыны көбейту үшін ресурстар таптық. Иә, бәлкім, кейбір позициялар бойынша басқаларға қарағанда бізде жалақы деңгейі төмен шығар, бірақ біздің күшті жағымыз – тұрақтылық. Егер қызметкерлер саны бойынша есептесек, 6% - бұл үлкен сома. Сондықтан осындай шешім қабылданды. Шағын компаниялар, бәлкім, көп төлейтін шығар. Есесіне, бізде тұрақтылық бар.
Заңгер, сондай-ақ, басшыларға 1 пайызға өскен көтермелеу үстемесі берілетіндігіне назар аударды. Бірақ олардың табыс мөлшері коммерциялық құпия болғандықтан салыстыратын дәнеңе жоқ. Алайда, жалақылар деңгейі, мысалы, жүргізушілердің жалақысы белгілі: қалада 70 мыңнан бастап Теңізде вахта бойынша 180 мың теңгеге дейін. Атыраудағы ТШО-ның «алтын» орталық кеңсесін тамақтандыратын аға аспаз - 90 мың теңге; ас үй қызметкері - 40-тан 50 мың теңгеге дейін; тазалаушылар орташа алғанда қолдарына 54 мың теңге алады. Бұл кезде бір айлық вахтаға сонау Үндістаннан келетін ТШО-дағы орталық кеңсенің 4 аспазы миллион теңгеден алады, олар үшін пәтер жалдайды, тасымалдау және басқа да бүкіл шығындарын төлейді, тіпті, түнгі клубтарға оларды арнайы такси апарады. Дәмі тіл үйірер тағамдар басқа жақтан келген аспаздардың өнері емес, жалақысы 10 есе аз жергілікті аспаздың шеберлігі екенін америкалық менеджерлердің аңғаруы неғайбыл.
ПАЙЫЗДАР ҮШІН КҮРЕС
Жұмысшылар позитивті ұстанымда емес. Олар оқиғаның басқаша өрбуін – ереуілге шығуды жиі айтады. Олар, өздерінің айтуынша, «мардымсыз» үстеме ақыға наразы болып қана қоймай, осы жылдар бойына өздерімен кездесуге компанияның бас директоры немесе басқа шетелдік басқарушының бірде-бір рет келмегендігіне қорланады. Өйткені, жергілікті мамандар мұндай мәселелерді шешуге өкілетті емес. Бұдан басқа, олар осы кездесуге еңбек дауы туралы хабардар әкім орынбасары Сайлауова келеді деп күткен. Мәселен, жалақысы 68 мың теңге болатын Теңіз кенішіндегі асхана қызметкері Салтанат КІШКЕНБАЕВА дәлелдерді өз аузыммен жеткіземін деген үмітпен Құлсарыдан келген екен.
Биліктің бірден-бір өкілі - Жылыой Жұмыспен қамту орталығының басшысы Серік ХАМИДОЛЛА, оның айтуынша, аудан халқының 70-80 пайызын жұмыспен қамтыған ESS кадрлар бөлімінің менеджерлеріне алғыс білдірмек болған сәтте зал іші ысқырып, шулап кетті. Басқарма өкілдері мен қонақтардың барлығын тыңдап болғаннан кейін қызметкерлер сөз алды:
- Біз 90 мың теңге, егер мереке күндері болса, одан аз аламыз. Бізге миллиондар төлесін деп сұрап отырған жоқпыз ғой. Неліктен шетелдік қымбат тұратын аспаздардың санын екеуге дейін азайтып, олардан артылған ақшаны қазақстандық қызметкерлерге бөліп бермеске? – деді аспаз Нұрғайша НАБИЕВА проблеманы шешудің өзіндік нұсқасын ұсынып.
- Күкірт бар жерде науқастар көп екені ешкімге құпия емес. 93-ші жылдары Теңізге келгендердің жартысы қайтыс болды, жартысы үйлерінде отыр, ауырады. Отбасымызды асырап, көбірек табыс табу үшін, овертайм аламыз. Бізден қанша адам жұмыс орнында қайтыс болды, ал бізге осыншама жылдан соң бар болғаны 6% -ға өсіреміз дейді. Жоқ, біз бұған үзілді-кесілді келіспейміз. ТШО-да қанша мердігер бар? Бәрі өз қызметкерлерінің жалақысын 30-дан 100 пайызға дейін көтерді, - деді кездесуге қатысушылар.
- Жұмыс беруші жыл сайынғы пайдасын көрсетсін, сол кезде біз де қаншаға өсіретінін айтамыз, - деді кәсіподақ төрағасы Марал КӨШЕНОВ.
Жиналыс барысына қанағаттанбаған делегация мәжіліс залынан тікелей Атырау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВКЕ келді.
СОТҚА ЖІБЕРІЛГЕН ІС
- Мен оларға түсінік бердім, біз ESS-тің бірінші басшыларымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Қарапайым жұмысшылардың құқықтары бар, бірақ алдымен басшылық ұстанымын тыңдайық, - деді Әубәкіров «АЖ» тілшісіне кейінірек.
- Басшылар не деп жауап берді?
- Бұл қиын. Қазір талқылаудамыз, бірінші басшыны таба алмай жатырмыз, екі күн ішінде оған ниетімізді жеткіземіз деп ойлаймын. Біз облыстық әкімдік деңгейінде кездесу ұйымдастырып, компанияның ұстанымын ресми түрде тығдағымыз келеді: неліктен 6 пайыз, неге 3 немесе 18% емес? Бұдан басқа, біз ТШО өкілін шақырамыз.
- ЕSS қызметкерлері ереуілді соңғы шара ретінде әлденеше рет айтқан еді.
- Иә, маған олар бұл туралы да айтты. Ереуіл өткізу тәртібі еңбек заңнамасымен реттелген. Мен оларға бұл туралы айттым.
- Сіздің инспекцияда ТШО-ның ЕSS-ке төлейтін төлемдер мөлшері туралы ақпарат бар ма?
- Біз ТШО-дан басқа компания туралы осындай ақпарат алуға тырыстық, бірақ бізге мұның коммерциялық құпия екенін айтты. Мұндай ақпаратты тек судьялар немесе тергеушілер ғана талап ете алады.
Қалалық әкімшілік сот 80 адамнан тұратын ESS жүргізушілер тобының еңбек ақыдағы кемсітушілік бойынша өз жұмыс берушісіне қатысты берген талап-арызы шеңберінде осындай ақпаратты талап ете ме екен, қызық? Қазір іс бойынша тыңдау жүріп жатыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор