Биыл мұнай астанасының мектептерінде 2 мыңнан астам түлек 11-сыныпты аяқтайды. Көпшілігі Атырау мемлекеттік университетінің базасында Бірыңғай ұлттық тестілеуден өтеді. ҰБТ-2018 форматы туралы «АЖ» тілшісіне Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА әңгімеледі.
- ҰБТ алдында болашақ талапкерлердің барлығы қорытынды аттестациядан өтеді. Қарапайым тілмен айтсақ, мектеп бітіру емтихандарын тапсырады. Бұл міндетті 4 пән: оқыту тілі және әдебиеті; алгебра және анализ бастамалары; Қазақстан тарихы; оқушының таңдауы бойынша 1 пән (шет тілі, физика, химия, география, биология, геометрия, информатика, дүниежүзі тарихы). Қорытынды емтихандарды барлығы тапсырады. Нәтижесінде, түлектер орта білім туралы аттестат алады.
- Айнагүл Байғанинқызы, үміткерлердің барлығы ҰБТ тапсыруға міндетті ме?
- Егер түлек Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуді жоспарламаса немесе оқуын шетелде жалғастырғысы келсе, оған ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ. Қалғандары, соның ішінде, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен «Алтын белгі» иегерлері жалпы негізде тестілеуден өтуі тиіс.
- Биыл ҰБТ-да қандай да бір өзгерістер бар ма?
- Елеулі өзгерістер өткен жылы болды. Қазір тестілеу екі блоктан – талапкер таңдаған мамандыққа байланысты міндетті және бейіндік блоктан тұрады және 5 пәнді қамтиды. Міндетті блок - бұл 3 пән: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы. Олардың әрқайсысында 20 тапсырма бойынша тест жүргізіледі. Бейіндік блокқа екі пән бойынша 30 тапсырма кіреді.
Талапкерлер 3 сағат 50 минут ішінде 120 тапсырманы орындауы керек. Жоғарғы балл - 140, төменгі өту балы - 50.
Биылғы жылдың жаңалығы: орыс және қазақ тілдерінен басқа, талапкер өзіне ыңғайлы болса, Қазақстан тарихын қоспағанда барлық тестілерді ағылшын тілінде тапсыра алады. Нәтижелерге келіспеген талапкерлер нәтиже жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін шағымдана алады. Дәлелді себептермен ҰБТ тапсыра алмаған түлектердің келесі күні басқа лекпен емтихан тапсыруға мүмкіндіктері бар. Өту балын ала алмаған түлектерге 2018 жылдың тамызында немесе 2019 жылдың қаңтарында қайтадан тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта тапсыру ақылы: 2 242 теңге.
- Қазіргі ҰБТ мерзімін атасаңыз.
- Шамамен тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Қазіргі уақытта 1800-ден астам түлектен өтінім қабылдадық.
- Жыл бойы олар бірнеше рет сынақ тестілеуден өтеді. Нәтижелері қандай?
- Иә, 3 наурызда және 7 сәуірде бұл АМУ базасында «әскери» жағдайға жақын етіп өткізілді: бақылау камералары және ұялы байланысты тұншықтырғыштар қолданылды. Орташа балл 77 болды.
- Сонымен қатар, ТКТ - колледж түлектері мен өткен жылғы мектеп түлектеріне арналған кешенді тестілеу бар. Мұнда өзгерістер бар ма?
- Иә. Егер бұрын ТКТ мектепте алған негізгі білімді тексеруге бағытталған болса, енді тапсырмалар колледжде алған білімді ескере отырып әзірленген. ТКТ-да 60 тапсырма болады: жалпы негізгі пәндер бойынша 20 және бейінді пәндер бойынша 40. Тапсырманы орындау уақыты - 1 сағат 40 минут. Кешенді тестілеу шамамен 17-23 шілде аралығында өтеді.
Тамара СУХОМЛИНОВА