Атырау, 26 қараша 06:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шүкеев қалай кооперативтерді «қысты»

Сурет Бейнежазба
5 623 просмотра


Атырау облысы Қызылқоға ауданында 2016 жылы бірнеше ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған болатын. «АЖ» тілшісі осы ұжымдардың бүгінгі жағдайларымен танысты.

«Бірлік-Миялы» ӨК (125 қызметкер)  бүгінде шаруашылығын тіктеп, жұмысын жүйелі қалыптастырып алды. Өткен жылы 15 млн теңгенің замануи үлгідегі модульды мал сою цехын іске қосқан еді. 367 млн теңгеге мал алған.

Манат САҒЫНОВ
- Біз 22 бұқашықты өткен жылы алғанбыз. Қыстай бағып күттік. Келісім шартта көрсетілгендей, баққан малымызды кооперативтің мал сою цехына өткіземіз. Әрбір бас мал 250 кглі шамасында салмақ тартады. Бұл жақсы көрсеткіш. Кооператив еттің келісін 1300 теңгеден алады. Енді тағы мал алып, бордақылап өткізгіміз келіп отыр,- дейді Миялы ауылының тұрғыны Манат САҒЫНОВ (суретте).
Әліпқали БЕРГАРИН

Кооперативтің тағы бір мүшесі Әліпқали БЕРГАРИН де мал бордақылаумен өткен жылдан айналысып жатқанын айтты. Айтуынша мал күтіміне немерелерін де тартып жүрген көрінеді. Енді етке тапсыруды жоспарлап отыр.

- Кооператив керек ауыл үшін, бұл отбасылық бизнес. Оны көп адамдар енді түсініп, мүшелікке өтуге ниет білдіруде. Кооперативке мүшелікке қабылдар алдында шаруаға икемі бар адамдарды кооператив алқасындағылар таңдау арқылы іріктеп алды, өйткені ертеңгі күні жауапкершілік сұралуы тиіс қой. Мүшелікке қабылданған әр адам 20 мың теңге ақшаны кооператив қорына салған болатын, біз айналымға осы қаржыны салып жұмсап отырмыз. Бір бөлегі мал сою цехының іргетасына, енді бірі мал тапсырған адамдарға қолма-қол ақшалай беруге, ал қалғаны қорда сақталып тұр,- дейді «БірлікМиялы» АШ ӨК төрағасы Айжан ИЗИМОВА. - Бүгінде кооператив мүшелері 249 ірі қараны етке тапсырса, ал 100-ден астамы енді келмекші. Етке сұраныс жоғары. Енді мал сою цехын дамытуды ойластырудамыз.

Айжан ИЗИМОВА

Дегенмен қиыншылықтар да бар екен. «СағызАгро» АӨК төрағасы Жәнібек АРАЛБАЕВТЫҢ айтуынша, ауыл шаруашылығы министрі ауысқаннан кейін кооператив жұмысын басқаша ұйымдастыру қолға алынған:

- Біз былтыр наурыз айында кооперативті құрған болатынбыз. Жыл ішіде мүшелікке 33 адам кірді. Әлі де болса ынта білдірушілер бар. Бірақ тоқтатып отырмыз, себебі ережелер өзгерді. Бұрынғы бағыт дұрыс еді, енді мал сою цехын алу үшін 100 пайыз көлемінде кепіл сұрап жатыр. Ал біздің баспанамыздан басқа ештеңеміз жоқ. Замануи үлгідегі мал сою цехы 25 миллион тұрса, ал біздің үйіміз ондай бағаға бағаланбайды ғой. Екінші бір мәселе, бұрын мал сою цехы құнының 50 пайызын үкімет өзі көтеріп алатын, енді 30 пайыз көлемінде қалдырып отыр.

Мәрзия АБИШЕВА, «БолашақА» АӨК төрағасы:

- Бұл кооператив Мұқыр ауылдық округі бойынша құрылған. Бүгінде 24 мүше бар, бұл азғантай. Әрбір мүше өзі кепілдік тауып, 4 миллион теңгеге дейін несие  ала алады. Алайда ауылда ондай бағаға ие баспаналар көп емес. Дегенмен мал сою алаңшамыз тұрақты жұмыс жасап тұр.

Сүйеуғали ДҮЙСАЛИЕВ (суретте), «Миялы сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің цех бастығы:

- Бізде мал сою цехы бар, бірақ технолог жоқ. Біз қаладан шақыртып отырмыз. Олар бір айға келеді, сол кезде шұжық, фарш, түшпара және тағы басқа өнімдер шығарамыз, басқа уақытта цехтағы өнім өндіру ісі тоқтап тұрады. Ал малды қабылдап сою жүйелі жүруде. Негізі мал сою цехын 40 млн теңге несиеге алғанбыз, жеті жылға. Енді жүн, тері қабылдауды ұйымдастырғымыз келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен видеоны түсірген автор

7 мамыр 2018, 23:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.