Атырау, 26 қараша 07:46
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бюджетке дейінгі ұзақ жол - 2

Сурет Бейнежазба
3 385 просмотра


Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасында мұнайлы астанадағы жолаушылар тасымалы туралы өзекті тақырып бойынша отырыс өтті. Жиналыс барысын болжау қиын емес еді - мұнда да тасымалдаушылар шығынмен жұмыс жасап жатқандықтарына шағымданып, бюджеттен көмек сұрады.

Абзал Дүйсембаев
Қаладағы негізгі тасымалдаушы «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің құрылтайшысы (директормен шатастырмау керек) Абзал ДҮЙСЕМБАЕВ сөз бастады. Оның айтуынша, бүкіл әлемде білім беру мен денсаулық сақтау салалары секілді қоғамдық көлік тасымалына да мемлекет қолдау көрсетеді. Ол, атап айтқанда, сабақ кезінде мектеп оқушыларының тегін жүретіндігіне, ал бұл жеңілдіктің қаржылық бөлігі тасымалдаушылардың мойнында екендігіне наразы:

- Шамамен жолаушылар легінің 50%-ы балалар, кезінде билік қабылдаған шешім популистік шешім болды деп есептеймін. Оның үстіне, қазір теңге бірнеше рет девальвация болды. Кеңес дәуірінде де жолаушылар тасымалы жоспарлы-шығынды болды,  мемлекет субсидия берді. Студенттерге қатысты бұл мәселе шешілді - олардың жол жүру билеті бюджет есебінен төленеді, мектеп оқушыларына да осылай жасау қажет. Түсініңіздер, Қазақстанда автобустар шығарылмайды, барлығы, оның ішінде қосалқы бөлшектер шетелден әкелінеді. Қазір қалада ескі автобустар пайда болды деп бәрі наразы. Кешіріңіздер, жаңасын алуға менде ақша жоқ. Бұл бизнеске мен кездейсоқ келдім деп айтуға болады, әзірге тастау мүмкін болмай жүр. Бірақ, мәселені шешуге қол жеткіземін. Бізге жаңа инвесторлар келеді дейді, бірақ олар мен сияқты шыдап, азғана пайда үшін жұмыс жасамайды. Оларға үлкен табыс қажет.

Бұдан бұрын жергілікті Кәсіпкерлер палатасы жергілікті бюджет есебінен тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау туралы Атырау әкімдігіне хат жолдаған еді. Ресми жауап: қаражат бөлінеді, бірақ электронды жолақы төлеу жүйесі енгізілгеннен кейін ғана.

Айтпақшы, тасымалдаушылардың өздері де электронды билет жүйесін қолдайды. Олардың айтуынша, жолаушылар легінің ашық болғаны оларға да пайдалы.

Ермекқали Юсупов
Палатаның Өңірлік кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Ермекқали ЮСУПОВ:

- Сіз кеңес дәуірінде жолаушылар тасымалы жоспарлы-шығынды болды деп еске түсірдіңіз. Иә, бірақ мемлекет бұл үшін ақша бермеді. Мен сол кезде жолаушылар тасымалы жөніндегі облыстық автобірлестік басшысының орынбасары болып жұмыс істедім. Онда шығындар жүк тасымалымен жабылды. Атырауда елімізде бірінші болып жол ақысы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін күрт көтерілді, сол кезде сіздер мектеп оқушыларын тегін тасымалдаймыз деген шартпен келістіңіздер. Енді келіп, шығынмен жұмыс істейміз деп, бәрінің төлегенін қалайсыз. Бірақ бұл жерде, ең алдымен, жолаушылар легін ескере отырып, шешу қажет.

Сәрсенбай Жолдыбаев
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ тасымалдаушылар тарапын қолдады:

- Егер автобустар бір күн рейске шықпай қалса, қала қозғалыссыз қалады. Ендеше неліктен жергілікті билік бұл мәселеге алаңдамайды? Әкім адамдарды өз көлігімен тасымайды ғой. Демек, бұл жерде кешенді шешім қажет. Неліктен жергілікті атқарушы органдар бұл мәселе тасымалдаушылардың проблемасы, олар табыс тауып отыр, шығындарын дәлелдесін дейді? Шын мәнінде, ертең тасымалдаушы компаниясын жауып тастаса, бітті.

- Біз бәрінің заңға сәйкес болғанын қалаймыз. Оқушылар 50 пайызын төлеуі тиіс. Халықтың әлеуметтік осал топтарына да қатысты солай, бюджет олардың жолақы шығындарын өтесін, - деп қосып қойды Абзал Дүйсембаев.

Отырыстан кейін «АЖ» тілшісінің «Сіз неге осы шығынды бизнеске келдіңіз?» деген сұрағына, Атырау ІІД бастығының ағасы өзін жақсы ұйымдастырушы деп санағандықтан, осы істі қолға алуды өтінгенін айтты.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

30 сәуір 2018, 19:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.