Атырау, 26 қараша 07:36
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Аш қалдырмайды

Сурет Бейнежазба
4 301 просмотра


Атыраудағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» (НЗМ) базасында «WorldRobotOlympiad-2018» олимпиадасының аймақтық кезеңі аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында роботты техника бойынша сайыс өтті. Оған 42 команда қатысты.

- Дәстүр бойынша, байқау «Негізгі», «Шығармашылық» және «Роботтар футболы» деп аталатын үш номинация бойынша өтеді. Әрқайсысына жас ерекшелігі бойынша - кіші (10-12 жас), орта (13-15) және үлкен (16-19) топ командалары қатысады. Ал биыл біз бастауыштар үшін «We do» (5-6 жастағы балалар), «кегельринг-квадро» және «сумо» деген қосымша санаттар енгіздік, - дейді НЗМ жанындағы роботты техника үйірмесінің жетекшісі Қазбек ӘЗІРБАЕВ. - Негізгі санаттағы үш жеңімпаз биыл маусым айында Астанада өтетін республикалық олимпиадаға қатысады.

«WorldRobotOlympiad-2018»-дің жарияланған тақырыбы - «Тамақтану маңызды» деп аталады. Роботтар Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму бағдарламасының үш бағытының біріне: егін шаруашылығы ресурстарын дамытуға, азық-түліктердің сапасын жақсартуға, аштықты жоюға «сай келуі» тиіс.

«Nis.hub» командасы (НЗМ) саңырауқұлақтар өсіруге арналған толық автоматтандырылған жылыжайды ұсынды.

- Мұнда шөпті субстрат ретінде пайдалануға болады. Қызметкерлер жылыжай жұмысына аз қатысады - автоматты режимде артық ылғал жойылып, суарылады, жарық беріледі. Сондай-ақ, өсім датчиктері жұмыс істейді: саңырауқұлақтар қажетті мөлшерге жеткенде автоматты кесу механизмі іске қосылады. Адамға тек өнімді жинау ғана қалады, - деп әңгімелейді команда мүшесі Мақсат ХОБДАБАЕВ.

Ал «Робот» командасы (НЗМ) жасанды тамақ өндіретін фабрика идеясын ұсынды.

- Тамақ неден тұрады? Талшықтан және әртүрлі микроэлементтерден тұрады. Аштық мәселесі орын алған жерлерде біздің фабрика ішінара шешім болуы мүмкін деп есептейміз. Ол өсімдік талшығынан тағам дайындайды. Шикізат ретінде ағаштар мен шөптер қолданылады. Өсімдіктен талшықтар алынып, ол кейін барлық қажетті микроэлементтермен байытылады. Нәтижесінде толыққанды тамақ аламыз, - дейді Бектайыр ТӨЛЕШОВ пен Рафаэль НИ өз жобалары туралы. Айтпақшы, жақында Бектайыр Ақтаудан «Caspian Start-up 2018» инновациялық жобалар байқауына қатысып келді. Онда жасанды тамақ өндіретін фабрика жобасына 200 мың теңге мөлшерінде ақшалай сыйақы берілген, ал жергілікті бір кәсіпкер тіпті жаңа технологияны сатып алмақ болыпты.

- Қуантарлығы, осыдан үш жыл бұрын біз бірінші олимпиаданы өткізгенде оған бар болғаны НЗМ мен оқу-инновациялық лицейінен бірнеше команда қатысқан еді. Енді қырық шақты команда қатысып отыр, - дейді Әзірбаев.

- Роботты техникаға әуестігі болашақта кәсібіне айналатын балалар Қазақстаннан тиісті мамандық ала алады ма?

- Иә, біздің елде мұндай жоғарғы оқу орындары бар. Мысалы, Астанадағы Назарбаев Университеті немесе Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.

НЗМ оқушылары Нұрәлі КИТУЕВ пен Әдия ҚОБЫЛАНДЫ («Негізгі» санаты), Мәрлен СӘКЕНОВ пен Мақсат ХОБДАБАЕВ («Шығармашылық»), Бектайыр ТӨЛЕШОВ пен Рафаэль НИ («Шығармашылық»), №16 мектеп оқушылары Евгений Тен мен Әділет ҚАЙЖАНОВ («Роботтар футболы) сайыс жеңімпаздары атанды. Олар енді Астанадағы республикалық олимпиадаға барады.



Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН

29 сәуір 2018, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.