– Біз облыс әкімінің кеңсесіне хабарласа алмай отырмыз. Ондағы 35-45-51 және 27-09-53 телефондары жауап бермейді. Мен әкімдікке хатты осыдан бір ай бұрын жолдаған едім, әлі күнге жауап жоқ. Облыс әкімінің қабылдауына қалай жазылуға болады?
Телефон арқылы
Сауалға облыс әкімі аппаратының жалпы бөлім меңгерушісі Роза ЖАПАРОВА жауап береді:
– Нөмірі көрсетілген телефондар жұмыс істеп тұр. Бәлкім, қызметкерлер жұмыстың көптігінен жауап беріп үлгере алмай жатқан болар. Өйткені, олар облыс әкімінің қабылдауына жазылуға келген адамдармен жұмыс жүргізеді. Біздің қызметкерлер мәселені бірден шешуге тырысады. Мәселен, егер жағдай әкімнің араласуын талап етпесе, оны әкім орынбасарының қабылдауына жазады.
Түскен арыздар бір ай мерзім ішінде қаралады, хат түскеннен бастап арыз берушіге оның арызы қайда жіберілді және оны кімнің қарап жатқандығы жөнінде хабарлама жолданады.
Облыс әкімі тоқсан сайын бекітіліп отыратын кестеге сәйкес қабылдайды. Ал ол кесте БАҚ-та жарияланады. Азаматтарды жазуды біз бекітілген кестеге сәйкес жүргіземіз. Ол әдеттегідей әрбір айдың бірінші сәрсенбісі. Кейде әкімнің шұғыл іс-сапарларына байланысты қабылдау уақыты жылжытылып отырылады. Біз ол туралы күні бұрын ескертеміз.