Атырау, 24 сәуір 06:27
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Арнайы аймақтың талабы қатал

2 094 просмотра

– Қарабатан кен орыны аумағында арнайы экономикалық аймақ ретінде полиэтилен және  полипропилен өндірісі бойынша газ-химия кешені құрылғаны мәлім. Менің білуімше, осы аймақта жұмыс жасайтын  барлық кәсіпорындар кеден  заңдылықтары бойынша нақты бір жеңілдіктерге ие. Біздің кәсіпорынымыз да газ-химиялық кешені серіктестерінің қатарына енгісі келеді. Ол үшін  үміткерлерге қандай талаптар қойылатынын және қандай жеңілдіктерге үміт артуға болатынын білсем деймін.

Телефон арқылы

Сауалға Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментініңҰлттық индустриялық мұнай-химия технопаркiарнайы экономикалық аймағы кедендік қосыны бастығының орынбасары Арман ӘБСІМЕТОВ жауап береді. 

Кедендік жеңілдіктерді алу үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында жұмыс істеуді көздеген тұлғалар өз инвестициялық жобаларын “Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi” арнайы экономикалық аймағы әкімшілігі(«АЭА») мемлекеттік мекемесінен тіркеуден өткізуге міндетті. Кәсіпорынды тіркеуден өткізгеннен кейін ол АЭА қатысушыларының кедендік одағының бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Кейін инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға құқық беретін белгіленген формадағы куәлікті алуға тиісті.

Кедендік жеңілдіктер арнайы экономикалық аймаққа әкелінген шетелдік тауарларды импорттық баж салығынан  және қосымша құн салығынан босату арқылы жасалады. Алайда, мұндай жағдайда бұл тауарлар мақсатына қарай “Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi” АЭА аумағында ғана қолданыла алады.

АЭА құру мақсатына қол жеткiзу үшiн қажеттi тауарлардың тiзбесi:

- АЭА-ның аумағында салынатын объектiлердiң құрылысын қамтамасыз ету және оларды пайдалануға беру үшiн қажеттi машиналар, тетiктер, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;

- тауарларды жеткiлiктi түрде өңдеу өлшемдерiне сәйкес қайта өңдеуге, өңдеуге және пайдалануға арналған (акцизделетiн тауарларды қоса алғанда) шикiзат және отын ресурстары, тауарлар мен материалдар;

- ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды және оқу-бiлiм беру бағдарламаларын жүргiзу үшiн қажеттi аспаптар, құрылғылар, тауарлар мен материалдар;

 - Осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген негiзгi қызмет түрлерiне сәйкес өндiрiстердi қамтамасыз ету үшiн қажеттi машиналар және тетiктер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автомобильдер, материалдар, тауарлар мен жартылай өнiмдер.

“Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi” АЭА қатысушыларының импортқа салынатын кедендік баж салығы мен ҚҚС-на қатысты кедендік жеңілдіктер олардың ұсынған жобалық-сметалық және технологиялық құжаттамаларына байланысты болмақ. Ол белгіленген формада болуы тиіс. Бұл құжаттарда машиналардың, құрал-жабдықтардың тауарлар мен материалдардың «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi” АЭА аумағына инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін әкелінгендігі расталуы керек. Құжаттарда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында әкелінген машиналардың, жабдықтардың, тауарлар мен материалдардың толық тізбесі оның техникалық сипаттамаларымен бірге көрсетілуі тиіс. Тауарлар мақсатсыз әкелінсе, онда Келісімге сәйкес Кедендік одақ заңнамаларымен қарастырылған басқа кедендік рәсімдер қолданылатын болады.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 маусым 2012, 17:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.