Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары аумағында өмір сүретін, «Қызыл кітапқа» енген киіктер Еділ-Жайық және Үстірт популяциясына кіреді. 2017 жылғы мәлімет бойынша, бұлардың саны 70 мыңнан асқан.
- Облысымызда киіктер көбіне Махамбет және Индер аудандарының аумағын мекен етеді. Өйткені олар Батыс Қазақстан облысы аумағынан келіп, осы жерге тұрақтап қалады да, кейін көшіп-қонып жүреді,- дейді жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат АБІҒАЛИЕВ. - Жыл басынан бері киіктерді заңсыз аулауға қарсы 59 рейдтік шара өткіздік. Биыл киіктерді тікұшақпен санайтын боламыз. Браконьерлік деректері тіркелмегіндіктен, саны көбейді деген үміттеміз.
- Киік мүйізі саудасы ше?
- Мұндай қылмыстар да тіркелмеді. Киік мүйізін сатқан және сатумен айналысқан тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Осындай ауыр жаза оларды қорқытқан болар.
Мамандарының айтуынша, қыста Оралдан келген 150-ге жуық киіктің қазіргі таңда 20-30-ы ғана қалған. Қалғандары келген іздерімен кері кеткен.
"АЖ" анықтамасы: 1981 жыл, сәуір — бұрынғы Торғай облысы аумағында 180 мың бас киік қырылды. 1984 жыл, ақпан — сәуір — Батыс Қазақстан облысында 250 мың бас қырылды. 1988 жыл, мамыр — 500 мыңға жуық ақбөкен өлді. 1993 жыл — қардың қалың жауып, Бетпақдала популяциясына кіретін киіктер 700 мыңнан 270 мыңға дейін екі есе азайды. 2010 жыл — 120 мың киік өлді.2015 жыл, мамыр — Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының аумағында 120 мыңнан астам киік қырылды. Болжалды себептері расталды: Pasteurella multocida, яғни пастереллёз қоздырғышы салдарынан болған бактериялық инфекция.
Атырау облысы аумағындағы киіктер популяциясын сақтап қалуға тырысып жүргендердің бірі - Атырау облыстық аңшылар және балықшылар бірлестігінің төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ.
- Исатай ауданы Каспий теңізінен солтүстікке қарай 50 мың гектар жерге аңшылық шаруашылығы орналасқан. Бұл жерде қабан, қоян, қасқыр мен түлкі, қарсақ, сондай-ақ 70-ке жуық киік тіршілік етеді. Киіктер мойындарына алқа секілді арнайы GPS құрылғы орнатылған. Соның көмегімен оларды күні-түні бақылып отырамыз. Тіпті киік санын осындай әдіспен көбейтуге Италия, Франция, Германия елдерінен келіп қызығушылық білдірген болатын,- дейді А.Испусинов.
Асылтек Испусиновтың айтуынша, киіктердің популяциясына күні-түні күзетіп, техникалық базаны жаңартып, экологиялық туризмді дамыту үшін қаржыландыру керек. Бұл істер қолға алынса, киіктердің саны бірнеше есеге артары сөзсіз.
2015 жылғы киіктердің жаппай өлуін зерттеген Ұлыбританиялық ғалым Ричард КОК Қазақстандағы өзгерген құбылмалы ауа райы ақбөкендердің денесіндегі қауіпсіз бактерияларды қауіптіге айналдырып жібергенін, бұлай жалғаса берсе, қазақ жерінде киіктердің мүлдем жоғалып кету қаупін айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Қазақстан аумағында 120 мыңнан астам киік қырылған еді.
Киіктердің құруына әкеп соқтыратын тағы бір фактор - браконьерлік. Өткен жылы Индер ауданында жергілікті тұрғын ауласынан киік еті мен бірнеше жұп мүйіз табылған. Сонымен қатар «киік мүйізін сатамын» деген хабарландырулар интернетте жиі кездесіп қалады
Фархат ӘБІЛОВ