Атырау, 26 қараша 08:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Миялы қалай суға кетті

Сурет Бейнежазба
17 023 просмотра


1993 жылғы жойқын су тасқыны тек Атырау мен Құлсарыны ғана емес, Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылын да басты. Тура 25 жыл бұрын, 17 сәуірде Ойыл өзені арнасынан шығып, су ауылды түгел басып, табиғи апат кезінде бір оқушы қаза болды.

 - Мен ол кезде әкімнің орынбасары болатынмын. Бірнеше сағаттың ішінде су ауылдың біраз бөлігін алып үлгерді. Жарық сөніп, байланыс үзіліп, саман тастан салынған үйлер  құлай бастады. Табиғаттың тылсым апаты миялылықтарды тығырыққа тіреді,- деп еске алады Миялы мәдениет үйінің директоры Жәния ІЗБАСҚАН (суретте).  - Біз бірінші балалар, қарттар, мүгедек адамдарды судан құтқаруға күш салдық. Тіпті кейбіріне көмекке келгенше үйлердің шатырына, үйілген шөптің төбесіне шығып жан сақтауға тура келді...

378 үйдің 78-і толықтай бұзылса, қалғаны белуардан суда тұрды. Атырау қаласынан нан, азық-түлік үздіксіз келіп, ауыз су әрбір отбасыға тасылып берілді. Бастапқы күні-ақ Атырау сүт комбинатынан қызылқоғалық Тілекқабыл ДӘУЛЕТИЯРОВ өз жерлестеріне азық-түлікті өзі бастап әкелген еді. Алғашқы он күнде Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шымкент қалаларынан 240 киіз үй, 80 палатка, 18 вагон келіп жеткен еді. Көмек жан-жақтан үздіксіз келіп жатты, көрші аудандардан, түрлі мекемелерден, тіпті Біріккен Ұлттар ұйымынан, Швицариядан жылы одеялдар, ақ жаймалар, палаткалар, құрылыс материалдары жеткен еді.

- 800-ге жуық құрылысшы көмекке келді. Сол кездегі әкім Е. НҰРШАЕВ орынбасарларына нақты тапсырмалар берді: Мирамбай АЛИЕВТІ Ресейдегі Киров қаласынан құрастырмалы үй әкелуді, маган келген құрылыс материалдарын қабылдап, Миялыға жөнелтуді тапсырды. Мен сол кезде екі ай бойы үй көрместен жүрдім. Сол кездегі аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы Төкен ІЗҒҰЛОВТЫҢ да еңбегі зор болды,- дейді Ж. Ізбасқан.

- Жаңа үйлер құрылысы тәулік бойы жүрді,-деп еске алады ардагер құрылысшы Бағытжан НҰҒЫМАНОВ. -  Нәтижесінде 314 баспана тұрғызылып, селода өз алдына биік жерден тұрғызылған ықшамаудан пайда болды. Бүгіндеосы мөлтек аудан халықтың қолдауымен Есенкелді Нұршаев атымен аталады. Сонымен бірге тасқын кезінде мектеп оқушысы Дулат Қуанышев опат болып, оның атына көше берілді.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер архивтен алынды 

16 сәуір 2018, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.