Кемероводағы трагедиядан кейін «АЖ» тілшілері мұнайлы астанадағы 9 ең ірі сауда үйлерінен апатты шығу есіктерін іздеді және ғимаратқа келушілердің өрт қауіпсіздігіне қатысты пікірлерімен бөлісті. Ал бүгін адамдар көп жиналатын екі үлкен нысанды кәсіби тексеру нәтижелері туралы Атырау облыстық ТЖ департаментінің басшысы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ (суретте) әңгімелейді.
- Егер нысандардың аумағы 1500 шаршы метрден жоғары болса, олар жоғары тәуекелділік аймағына жатады. Біздің облыста осындай 14 ірі ойын-сауық сауда орындары және сауда үйлері тіркелген.
Бүгінге дейін облыс бойынша екі ірі сауда орындары тексеріліп бітті. Олар - қаламыздағы Қ.Сәтпаев көшесінде орналасқан «Атырау» сауда үйі және Жылыой ауданындағы «Беркад» ЖШС орталық базары.
«Атырау» сауда-ойын сауық орталығы:
- Автоматты өрт сөндіру қондырғысы жұмыс істемей тұр, су қысымы жоқ;
- өрт дабылы жүйесі ішінара жұмыс жасамай тұр;
- 2-қабатта («Киноплекс») жанғыш материалдар сақтаулы;
- «Сити Маркет» пен «Сулпак» сауда алаңдарында өрт сөндіру крандары қолжетімді емес;
- «Сити Маркет» сауда алаңында эвакуациялық шығу есігі жабық (мөр соғылған);
- 1-қабаттағы сол жақ қанатта эвакуациялық шығу қанаты сауда сөресімен жабылған;
- 4 өрт сөндіру гидранттары орналасқан жерлерде «ПГ» әріп индекстері бар жарық көрсеткіштері жоқ.
Құлсарыдағы «Беркад» базары
- орталық базар ғимаратының «А» блогында өрт сөндіргіштер жұмыс жасамай тұр;
- көкөністер бөлімінде автоматты өрт дабылы жүйесі жұмыс жасамай тұр;
- көкөністер бөлімінде электр қорабы оқшауландырылмаған күйде қолданылуда;
- сол жақ қанаттағы аяқ-киімдер бөлімінің терезесіне металл торлар орнатылған;
- ПК №2 өртке су себетін түтік құбыр су құбыры кранына жартылай сомындармен жалғанбаған.
Әрі қарай жоспар бойынша Атырауда «Мұрагер», «Идеал», «Лидер», «Тамаша», «Дина», «Pokemon», «Технодом», «Насиха», «Көктем», «Ажар», «Байзаар», Жылыой ауданында «Ақтан» сауда үйлері мен сауда-сауықтыру орталықтарына тексеру жүргіземіз.
- Жалпы, ойын-сауық, сауда орындарына өрт қауіпсіздігіне қатысты қойылатын талаптар қандай?
- Эвакуациялау жоспар картасы халыққа көрінетін жерде болуы керек. шығу жолдарында кедергілер мен тез жанатын заттардың болмауына мән беріледі. «Шығу» кестелері үнемі жанып, бағыттаушы белгілер көрсетілген болуы керек. Себебі, кенеттен өрт шыға қалса, эвакуациялау картасын ешкім іздеп жүрмейді ғой. Одан бөлек, өрт дабылқаққыштары жұмыс жасап, Өрт сөндіру гидранттары түгел болуы тиіс және ол әр жерден ғимараттың аумағына сәйкес қойылады. Сондай-ақ, әр нысанда өрт қауіпсіздігіне жауапты бір қызметкер сондағы жұмысшылармен күнделікті нұсқаулық өткізіп тұруы міндетті.
Егер осы секілді ереже бұзушылықтар анықталса, қалпына келтіруге уақыт береміз. Егер берілген мерзім ішінде орны толмаса, сотқа талап-арыз түсіру арқылы нысанның жұмысы тоқтатылады.
- Дегенмен, сауда орындарының көпшілігінде апатты жағдайдағы шығу есіктері құлыптаулы болады және оны «ұрылардан сақтану үшін» деп түсіндіреді...
- Бұл ережебұзушылық. Егер ұрылардан қауіптенсе, ол жерге күзет қойсын.
- Жоғары тәуекелділік аймағына мектептер, спорт нысандары мен балабақшалар да жатады ғой. Олардың төтенше жағдайға дайындығы қалай?
- Үкіметтік нысандар болғандықтан, біз оларды жыл сайын тексеріп отырамыз. Бүгінде онда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Бекітілген жоспарға сай, мектеп директорынан бастап, барлық қызметкерлерге ұдайы өрт қауіпсіздігі сабақтары жүргізіліп, қолдарына жарамдылық мерзімі көрсетілген сертификаттары беріледі.
- Бейресми ақпарат көздерінен кәсіпкерлік иелері тексеруден оңай құтылу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге баратынын естіп жатамыз?
- Келісемін. Олар департаменттен тексеру туралы хабарлама алысымен, салық департаментіне барып, нысанның атауын немесе заңды мекенжайын бір-ақ күнде өзгерте салады. Атауы өзгергесін, барлық құжаты да өзгеріп, заңға қайшы болғаннан кейін біз тексеру құқығынан шектелеміз. Мұндай қитұрқыға көбіне жеке меншік балабақшалар жүгінеді. Біз осындай 20 мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің тізімін алдық, бәрін тексереміз.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Фото және видеоны түсірген автор