Атырау, 26 қараша 08:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қазынаны тазалап болғанша, қайраң арал болды

2 659 просмотра

Галина Чернова, Жайық-Каспий Орхус орталығының төрағасы Шынар Ізтілеуова, Салтанат Рахимова

Атырауда Жайықтың экологиялық ахуалы тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушы – «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы»» ҚБ директоры Галина ЧЕРНОВА бұл шараны өткізуге «АЖ» газеті мен сайтындағы «Қазынаны тазартты. Өзенді ше?» жарияланымының түрткі болғанын атап өтті. Жұртшылықпен кездесуге 50 шақты адам шақырылған, олардың ішінде қалалық және облыстық әкімдіктің қызметкерлері, құрылыс және экология департаменттерінің басшылары бар.

- Өкінішке орай, әкімдік қызығушылық танытпады. Жергілікті биліктің басқа өкілдері де жоқ екенін көріп отырмын, - деді залды шолып шыққан Чернова.

Жайықты тереңдету жұмыстары талқыланды. Естеріңізге салсақ, «Атырау облысының шеңберінде Жайықтың су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасының бас мердігері - «Павлодар өзен порты» АҚ. Оның өкілдері де дөңгелек үстелге шақырылған, бірақ келмеді. Алайда оларға қойылар сұрақтар жетерлік еді.   

- Біз Махамбет ауданындағы ПМК қайраңында рейд ұйымдастырдық. Ондағы бір тұтас аралды «Павлодар өзен порты» АҚ алып тастауы тиіс еді. Бірақ бұл арал, керісінше, одан сайын үлкейіп кетті. Балықтың өтуіне мүмкіндік бермей, кеме жүрісіне кедергі келтіріп тұр. Біреулер «алтын кен» тауып алып, енді оны қалауынша пайдаланып жатқандай әсер қалдырады, - деді Чернова.

Қатысушылар қатарында Атырау қалалық мәслихатының депутаты Салтанат РАХИМОВА да болды. Бұдан бұрын ол облыстық әкімдікке тереңдету жұмыстары бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Алынған жауапта бүкіл жұмыстардың сапалы жүргізілгені, бірақ жобалау-сметалық құжаттамаға кейбір өзгерістер енгізілгені, яғни, су астынан алынатын топырақ көлемінің азайтылғаны айтылған. Мәселен, Балықшы қайраңында оны 32 мың текше метрден 24 мың текшеге дейін төмендеткен.

- Менде мынадай сұрақтар туындап отыр. Біріншіден, жұмыстың техникалық қадағалауын кім жүргізді? Екіншіден, авторлық қадағалауды кім жүргізді? Өйткені, онсыз жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізуге болмайды ғой, - деді Рахимова. – Жилгородоктағы қайраңда тапсырыс бойынша 34 мың текше метр топырақ алу қажет болды, бірақ ол жерде мүлдем жұмыс жүргізілмеген. Ал бүкіл көлемді ПМУ учаскесіне аударған. ПМК бойынша жобаның өзінде бастапқыда 90 мың текше метр, оған қоса Жилгородок қайраңынан 34 мың текше метр топырақ шығару қарастырылған. Сонда ПМК учаскесінде гидроүйінді 124 мың текше метр болуы тиіс. Алайда, біздің зерттеуімше, ол жерде мұндай топырақ мөлшері жоқ.

Тағы бір тақырып – бюджет қаржыларының мақсаттық қолданылуы.

- Қала ішіндегі Балықшы учаскесінде осылай болып жатқанда, шалғай учаскелерде жұмыстардың жүргізілгеніне сенімді бола аламыз ба? – деді депутат. – Ол жақта қоғамдық қадағалау мүлдем жоқ қой. Ол жақтағы жұмыстар лайықты деңгейде жүргізілмеді және бөлінген бір жарым миллиард бюджет қаржысы мақсаты бойынша жұмсалмаған деп пайымдауға негіз бар.

Анастасия АЛЮШИНА 

Суретті түсірген автор

10 сәуір 2018, 11:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.