Атырау, 19 мамыр 20:46
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​Қатерлі ісік қай өңірде көп тіркеледі

2 689 просмотра


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері Диляра Қайдарова Қазақстандағы қатерлі ісік ауруының басты көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бүгінде ерлер мен әйелдер арасындағы ішек қатерлі ісігі көрсеткіші бесінші орыннан үшінші орынға көтерілді. Әдетте етті көп жеу ішек қатерлі ісігіне әкеп соғады. Ал тұзды аз тұтыну асқазан қатерлі ісігі ауруын азайтуға септігін тигізер еді. Вакциналау арқылы Б гепатитінің алдын алу - бауыр қатерлі ісігін азайтуға ықпал етеді. Қыздарды HPV вирусына (папилломаға қарсы - ред.) қарсы вакциналау да жатыр мойнының қатерлі ісігін азайтар еді», - деді Диляра Қайдарова Сенатта өткен парламенттік тыңдауларда. 

Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері қазіргі уақытта жатыр мойны қатерлі ісігінің белең алып келе жатқанын баса айтты. Сондай-ақ,  дәрігер қоғамның бұл дертке деген көзқарасының әр түрлі екенін жеткізді. 

«Халық арасында онкологиялық кеселдер «жаман ауру» деп аталып кеткен. Мұндай көзқарастардан арылу керек, онкологияға созылмалы аурулар ретінде қарау керек», - деді ол. 

Министрлік өкілі келтірген деректерге сәйкес, соңғы 20 жылда әлем бойынша онкологиялық кеселдер көбейіп келеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,5 есеге артқан.

Аталған дертке шамамен 36 мың қазақстандық шалдықса, оның 15 мыңға жуығы қайтыс болады. Ерлермен салыстырғанда, онкологиялық аурумен әйелдер жиі ауырады. 

Себебі, қазіргі уақытта жер-жаһанда сүт безінің қатерлі ісігі дендеп тұр. 

«Ерлер арасында өкпе, асқазан, тік ішек қатерлі ісіктері жиі кездеседі. Сырқатқа шалдыққандардың 70 пайызға жуығы еңбекке қабілетті жаста. Салдарынан мемлекетке жылына 20 миллиард теңгеден астам шығын келеді», - деп түсіндірді Д. Қайдарова. 

Министрліктің хабарлауынша, онкологиялық аурулардың жоғары көрсеткіші Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында тіркелген.

Дереккөз: inform.kz

6 сәуір 2018, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.