Атырау, 29 қараша 18:19
 ашықВ Атырау -4
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Қытай өзге елдердің қоқысын қабылдаудан бас тартты

2 163 просмотра


Қытай бұдан былай әлемнің қоқысын өңдейтін ел емес. Шығыстағы көршіміз ұзақ жылдар бойы АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияның қалдықтарын импорттап келген. Былтыр Қытай шеттен тасымалданатын қатты қалдықтың 24 түрін қабылдамайтынын ескертті. 

Биыл қаңтарда күшіне енген жаңа тәртіптің мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, өзгенің емес, өзінің қалдықтарын өңдеуге күш салу. Қытай қырық жылға жуық дамыған мемлекеттердің қаңсығын таңсық көріп, миллиондаған тонна қалдықты импорттады. Қазір пластик құтылар, қағаз үйіндісі және тоқыма бұйымдары сияқты қоқыстың 24 түрін қабылдамайды. 

Үкімет экономиканы жаңғырту аясында шетелден қоқыс әкелуге тыйым салды. Диң Фэнхуэй сегіз жылдан бері күнделікті таңертең аулаларды аралап, қоқысты сұрыптап жинайды. Ол шеттен елімізге қалдық кіргізбегені жақсы болды дейді. Қазір жұмысы көбейіп, оның қызметіне сұраныс артқан. Демек ақшам да өседі деп отыр. Осы еңбегі үшін айына 150-200 мың теңге алады. 

Диң Фэнхуэй, қоқыс сұрыптаушы: 

- Темірді, пластик құтыларды, қатты қағаздарды бөлек-бөлек сұрыптаймын. Оны қоқыс өңдейтін зауыттарға апарып өткізіп, ақшамды аламын. Әрине, лас жұмыс, жазда иісі жаман. Денсаулығың жақсы болмаса, түрлі бактериядан ауру да жұқтырасың. 

Қытайда жылына 100 млн тонна қалдық өңделмей қалады. Соған қарамастан тек 2016 жылы АҚШ-нан 7 (7,3) млн тоннадан астам пластик әкелінген. 80-жылдардың басында-ақ өндірісі өркендеген Америка, Австралия, Жапония, Еуропаның бірқатар елдері күл-қоқыс мәселесін шешу үшін Қытайға иек артып келді. Еуропалық одақ пластик қалдығының 86 пайызын Қытайға жіберіп, құтылып отырды. Енді бұл мемлекеттер үшін қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. 

Хуан Фэн, Бейжіңдегі қоқыс өңдеуші компанияның өкілі: 

- Бұл биліктің экологияға назар аударып жатқанының белгісі. Екіншіден, еліміздегі қоқысты қайта өңдеу саласының дамуына үлкен мүмкіндік беретін қадам болды. Бүгінде Қытайдың өзіндегі қалдықтарды қайта өңдеуге қауқары жетеді. Сондықтан үкіметтің бұл шешімі осы саланың жандануына, жаңа теxнологиялардың енгізілуіне жол ашады. 

Қытайда қоқыс сұрыптау, оны қайта өңдеу үлкен бизнес. Бейжің сияқты мегаполистер қалдықтарды түрлі әдіспен сұрыптайды. Жаңа технологиямен қатар адам саны көп болғандықтан негізінен қолмен іріктейді. Қоршаған ортаны қорғау министрі Ли Ганцзе «біз экология мен халықтың денсаулығын ойлап шара қабылдағалы шеттен келетін қалдық 12 пайызға азайды» деп мәлімдеді. 

Ли Ганцзе, ҚХР қоршаған ортаны қорғау министрі: 

- Қатты қалдықтардың импортын шектеу мен тыйым салу Қытай үкіметінің жаңа даму бағдарламасына сай жүзеге асырылуда. Экологияны жақсарту, халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау басты міндетіміз. 

Елдің оңтүстігіндегі Гуанчжоу кеден бекетінің қызметкерлері қазір қырағы. Бұрын теңіз арқылы бұл бекетке миллиондаған тонна қалдық келетін. Соңғы жиырма жылда пластик қалдықтардың тасымалы 10 есе өсіп, 45 миллион тоннаға жеткен. 

Цю Лян, Гуанчжоу кеден бекетінің қызметкері:

- Ел ішінде әлі де болса қоқысқа сұраныс жоғары. Сондықтан оны тасымалдаушылар түрлі айла-тәсілмен кіргізуге әрекет жасайды деп ойлаймыз. Біз олармен күресуге дайынбыз. 

Қытай әлемдегі пластик қалдықтардың 56 пайызын қайта өңдеп отырған. Енді ол өзгерді. Жаһанның күл-қоқысын қабылдамақ емес. Ал көптеген жылдар бойы еш қиындықсыз қоқысынан құтылып отырған мемлекеттер үшін жаңа мәселенің шеті қылтиды.

Дереккөз: 24.kz

19 наурыз 2018, 14:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.