Атырау, 24 қараша 12:36
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аспаз айтқан ақиқат

2 118 просмотра

Ірі жобалар бойынша еңбек дауларымен айналысқан кезде, облыстық деңгейдегі шенеуніктердің бірінің: «ірі компаниялар азды-көпті тұрақты түрде тексеріліп тұрады, сондықтан оларда заң бұзушылықтар аз болады», деп айтқан сөзіне көзім жете түседі. Ал мердігерлер мен қосалқы мердігерлерде не боп жатқаны бір Аллаға ғана аян.

 

АШЫҚ ТЕҢІЗДЕГІ ДАУ-ДАМАЙ

Редакцияға қала тұрғыны – Қашаған кенішіндегі «Сұңқар» теңіз платформасында бұрғылаумен айналысатын «Паркер Дриллинг» компаниясының мердігері «Түпқарағанборг» ЖШС-нің аспазы хабарласты. 

А. Нұрзаданың айтуынша, жұмыс беруші еңбек келісім-шарттары бойынша өз міндеттемелерін дұрыс орындамаған. Атап айтқанда, өз еріктерімен еңбекақыны қысқартып, еңбекке жарамсыз күндерді төлемеген және жұмысқа заңсыз түрде жібермепті.

- Мен түнгі ауысыммен жұмыс жасаған едім. Еңбек заңнамасына және менімен жасалған еңбек келісім-шартына сәйкес, маған  күндізгі ауысымдық сағат ставкасынан 1,5 есе жоғары төленеді. Келісім-шартқа қарамастан жұмыс беруші вахта уақытын 14-тен 28 күнге дейін көбейтті. Ал еңбекақы мөлшері айына 75 000 теңгеден 60 000 теңгеге дейін азайды. Мен аймақтық менеджерлерден  жұмыс уақыты есебінің табелін көрсетуді және жалақы есептеу механизмін түсіндіруді өтінген едім. Бірақ олар ештеңе түсіндірмеді. Керісінше, маған артық төлеген және жұмыс көлемі азайса да, фирма мен үшін салық төлеп отыр және т.б. дегенді айтты, -деп әңгімелейді Нұрзада.

Ал жас әйелдің жұмыс жағдайы жеңіл емес. Ашық теңіздегі бұрғылау платформасы - зиянды өндіріс.

 

ТІКҰШАҚТА ОРЫН ЖОҚ

Өткен жылдың желтоқсанында үстеме жұмыстар мен еңбекке жарамсыздық күндерінің төленбеуіне қатысты Нұрзада «Нұр Отан» ХДП-ға шағымданыпты. Ол жақтан арызды Атырау облыстық әлеуметтік қорғау департаментіне жолдаған. Департаменттің тексеруінен кейін жұмыс беруші арызданушының сырқаттанып қалған күндерін төлеген. Төлемнің кешеуілдеуіне Ақтау кеңсесіне еңбекке жарамсыздық бетшесін жолдауды ұмытып кеткен атыраулық менеджердің салақтығы себеп болды деп түсіндірді. Алайда арызда көрсетілген басқа талаптар қанағаттандырылмаған. Қызық жағдай. Нұрзаданың растауынша, тексеру жүргізген департамент қызметкері жұмыс берушімен бейбіт келісімге келуді ұсынған. Бірақ, жұмыс беруші секілді, оның ұсынысынан да бас тартты:

- Атырау өкілдігінің бас менеджері, Душан есімді Үндістан азаматы маған таза парақтың соңғы жағына қол қоюды ұсынды. Мен бас тартып, бір вахта жұмыс істедім. Осыдан кейін маған қысым жасай бастады. Биылғы жылдың ақпан айының басында платформаға қызметкерлерді тасымалдайтын тікұшақ ұшып келген жоқ деп, мені жұмысқа жібермеді. Ал келесі күнгі ұшаққа менің орныма стюард-қыз ұшып кетті. Маған қысқы уақытқа байланысты қызметкерлердің саны шектеулі екендігін айтқан еді. Ал Ақтау кеңсесіндегі директордың орынбасары Илфан есімді Үндістан азаматы маған телефон арқылы: «Не арызыңды қайтып аласың, не сені жұмысқа жібермейді» деп, қоқан-лоққы көрсетті. Мен үш ай жұмыстан заңсыз шеттету фактісі бойынша сотқа жүгіндім. Сот отырыстарының бірінде компания заңгері менің орным бос екендігін, 1 сәуірден бастап жұмысқа шыға беруіме болатындығын мәлімдеді.

12 сәуірде қалалық соттың судьясы Б. ЖҰМАБАЕВ «Түпқарағанборг» ЖШС-нен талап арыз беруші А. Нұрзаданың пайдасына мәжбүрлі түрде жұмыстан қалғаны үшін 193 058 теңге жалақы, 2 182 теңге шамасында өсімақы және 50 000 теңге моралдық зиянды төлеу ұйғарылған қаулы шығарды. Жұмыс беруші сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым жасаған.

 

ӨКІЛЕТТІК ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ

Жергілікті өкілдіктегілер менің қоңырауыма әжептәуір таң қалды:

- Сонда оған не керек?Біз оған бәрін төледік қой, - дейді өзін кеңсе менеджерімін деп таныстырған жас жігіт ашуға беріліп. Сәл кейінірек маған Ақтаудағы орталық кеңсе - «Түпқараған Менеджмент Сервисес» ЖШС директоры Серік АЯПОВ хабарласты:

- Барлық даулы мәселелер бойынша бізге еңбек департаменті тексеру жүргізді. Шынымен де атыраулық менеджер салақтық танытқан, ол жұмыстан шығарылды, ал бізге әкімшілік тәртіппен айыппұл салынды. Бірер күн бұрын Нұрзадаға қажетті төлемдерін төледік.

- Демек, сіздер оның жұмысқа заңсыз жіберілмегендігімен келісесіздер ғой.  Ол сондай-ақ, сіздердің атыраулық Душан деген менеджерлеріңіздің: өзің кетесің немесе  қалғаның үшін жұмыстан шығасың деп, оның алдына ультиматум қойғандығын хабарлаған еді.

-  Жұмыс көлемі күрт азайып кетті. Қысқы уақытта шынымен де қызметкерлер саны шектеледі. Бірақ, қиыншылықтарға қарамастан, біз ешкімді жұмыстан шығармаймыз. Бізде жұмыс жасайтын жалғызбасты аналар көп. Біздің менеджеріміздің бұлай айтуы мүмкін емес, өйткені ол орысша да, қазақша да сөйлей алмайды. Оның үстіне, оның жұмысшыларды жұмыстан шығаруға құзыры жоқ. 

С. Аяповпен әңгімемізден кейін бір күннен соң маған Нұрзада қоңырау шалып, өзіне бұрынғы жұмыс берушісінің сот шешімінде көрсетілген қаржыны аударғанын хабарлады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

23 мамыр 2012, 19:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.