- 1994 жылы маған бизнес жасау үшін Құлсарыдан жер учаскесін жалға берген еді. Жалға беру мерзімі 49 жыл. Барлық қажетті құжаттар қолымда. Қазір ұлдарымның атына құжаттарды қайта рәсімдеп, сол жерден жеке үй салғым келеді. Учаскенің мақсатын қалай өзгерте аламын?
Телефон арқылы
Қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Нәсіпқали СТАМҒАЗИЕВ жауап береді:
- Учаскенің мақсатын өзгерту үшін алдымен оны сатып алу керек. Ол үшін жергілікті атқару органдарына өтініш жазылады. Бекітілген базалық ставка бойынша Атырау қаласындағы 1 шаршы метр 1 060 теңге құрайды, оған түзету коэффициенті қосылады. Аудандар мен аудандық маңыздағы қалаларда ставка төмендеу. Учаске сатып алынғаннан кейін ғана сізге қала әкімінің атына арыз жазу керек. Содан кейін құжаттар сәулет бөліміне түседі, сәулет бөлімі мақсатын өзгертуге тексеру актісін береді. Барлық инстанциялар мақұлдағаннан кейін қала құрылысы комиссиясының қорытындысы беріледі де, қала әкімі шешімінің жобасы дайындалады. Қаулыға қол қойылғаннан кейін мақсаты өзгертіледі.
Атырау облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Арман БАЖЕНОВТІҢ айтуынша, аудандық маңыздағы қаланың (Құлсарының) базалық ставкасы облыс орталығының базалық ставкасының 75%-ын, поселкелерде – 18%, ауылдарда – 10% құрайды.