- Жұбайым Алматыдан бір айлық сәбиімізбен ұшып шықпақ болып еді, бірақ оны жолаушыларды отырғызу аяқталды деп, тіркеу бағанына өткізбеді. Одан басқа тағы он адамды өткізбепті. Бірақ олардың ішіндегі шетелдік азамат өтіп кетті. Айтыңыздаршы, шетелдіктердің қандай айрықша құқықтары бар? Ұшу алдындағы тіркеу қай уақытта аяқталады?
Телефон арқылы
Сұраққа «Эйр Астана» АҚ-ның клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Надима ГУЛЕВА жауап береді:
- 2010 жылы 7 қазанда көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітілген №448 ҚР әуе жолдарында жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау ережелерінің 2-тарауының 13-тармағында былай делінген: «жолаушы тіркеуден өту үшін әуежайға әуе компаниясы көрсеткен немесе әуежай белгілеген уақыттан кешікпей келеді. Егер жолаушы тіркелу үшін белгіленген мерзімде келмесе, әуе компаниясы аталған әуежайда оған жасалған ұшу бронын жояды.
«Эйр Астана» әуе компаниясының Жолаушылар мен жолжүкті әуемен тасымалдау ережелерінің 2.7.4-бабының 4-тармағына сәйкес, жолаушылардың билеттерін тіркеу және жолжүгін рәсімдеу әуе кемесі ұшқанға дейін 40 минут бұрын аяқталады. Тіркеу аяқталған уақытқа кешігіп келген жолаушы бұл рейске тасымалдауға қабылданбайды.
Ауысым бастығы ұсынған мәлімет бойынша, КС889 рейсі 2012 жылы 25 сәуірде кесте бойынша сағат 3:20-да ұшқан. Ережеге сәйкес, тіркеу рейс ұшқанға дейін 40 минут бұрын аяқталған. Жолаушы Әсел Ж. тіркеу орнына сағат 3-те, яғни, рейс ұшуға дейін 20 минут бұрын келіпті. Осы уақыт ішінде тіркеуге кезек болмаған, өйткені тек бір рейс қана ұшқан. Тіркеуден өткен Ферри П. мырза «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшқышы боп табылады.
«Эйр Астана» қызметкерлері жолаушыларға жәрдем беруге әрқашан да дайын. Тіркеу аяқталғандықтан әуе компаниясының қызметкерлерінің жолаушы Ж. Әселге қолдау көрсетуге мүмкіндіктері болмаған. Әуе компаниясының қызметкерлеріне уақытында хабарласқан кезде бұл жолаушы ұшаққа отыруға өткізілер еді.