«АЖ» тілшісінің қаңтардағы қыстақтарды аралауы дәстүрге айналды. Бұл жолы аттың басын Атыраудан 160 шақырымда жатқан Индер ауданы Көктоғай округіне қарасты малшы қыстақтарына бұрдық.
Шеті мен шегі жоқ иен дала үнсіз мүлгиді. Көптен қар жаумағандықтан ақ ұлпаның көбі сетінеп, адырайған өсімдіктер анадайдан көзге шалынады. Қыстың екі айы артта қалды, ал ақпанның аязы қалай болар екен?
Көктерек қыстағындағы «Жанбай» шаруа қожалығының жалдамалы жұмысшылары айына 45 мың теңге алады, ал әйел адамдар ондаған сиыр сауып, қаймағы мен сүтінен түскен табысты түгел иеленеді екен.
- Осында бес адам көмекші болып жұмыс жасаймыз. Өзім Көктоғай ауылынанмын. 1999 жылдан бері осында тұрақты жұмыс жасаймын,- дейді Ғибатолла ДӘУЛЕТИЯРОВ. Ауылда жұмыс жоқ, жолдасым екеуміз осы шаруашылықта еңбек етуді ұйғарғанбыз. Зейнетке шығуға ерте. ШҚ тамақ, темекі, тағы басқа ұсақ-түйектермен тегін қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан мұнда келушілер адал жұмыс жасайды. Қысты өткерісімен мал төлдеу науқаны тұр. Бірен-саран қаңтардың қозысы да көрінуде.
Келесі қыстақта бізді әкесінің ісін әрі қарай жалғастырып отырған Болат АЙМАНАКУМОВ қарсы алды. Даладағы қардың аздығы малды жайылымға жаюға мүмкіндік беріп тұр.
- Бәріне шыдауға болады, суыққа да, желге де. Әкем өмір бойы мал бақты. Біз соны көріп өстік. Енді ұлымды осы іске бейімдеудемін,- дейді "Амангелді" ШҚ басшысы Болат Айманакумов.
Болаттың әйелі Зәуреш 18 жасында қаланың қызы даланың жігітіне тұрмысқа шығып, алғаш түйе мен сиыр сауғандағы қызықтарын әңгімелеп берді. От жағудың машақаты бір бөлек болған.
Көрші "Сыралы" қыстағы 7 шақырым жерде орналасқан. Бұл Кеңес үкіметі кезінде "Путь Ильича" совхозының ферма орталығы болған. Қазір мұнда үш-ақ үй түтін түтетіп отыр. Көктоғай округінен 30 шақырым қашықта жатқан бұл ауылда ауыз су тапшы көрінеді. Бір водовоз су құны (Көктоғайдан әкеледі) 10 мың теңге тұрады.
"Тірі" тілшіні көрген Тілекқабыл СҰЛТАНҒАЛИЕВ сезімін жасыра алмады:
- "Ақ Жайық" газетін үзбей оқимын! Биыл бір өзгеріс бар, 15 жылдан бері қарасын жоғалтқан ақбөкендер келді. Бірақ қинайтыны ылғалдың аз түсуі құрғақшылықты болдыра ма деп алаңдаймын. Оның үстіне соңғы жылдары ауа райы күрт өзгерді, өткен жылғы ыстық жерді қуартып жіберді ғой. Ауыз суды Көктоғайдан тасудамыз, құдықтағы мал суы да ащыланып тұр. Жазда қиын. 9 шақырым жердегі "Төсқұдық" котлаванына жиналған су малға жетпейді. Бір кездері Бағырлай каналының тармағының шектеуі осы жерге жеткен. Енді ол су жоқ. Каналдарды топырақ басып жатыр. Бара-бара мал өсіру қиын болып қала ма деп қорқамыз. Шөпті көршілес Батыс Қазақстан облысы аумағынан дайындап тасимыз.
Біз жолшыбай "Әбілден" Ботакөз КӨШҚАЛИЕВАНЫҢ (суретте) қыстағына соқтық. Сиырларын өріске айдап жіберген ол көмекшісімен қойларды шөптеуде екен. Жолдасы бұдан үш жыл бұрын қайтыс болғанына қарамастан, жалғызбасты әйел шаруасын шашау шығармауда.
- Көмекші жалдаймын. Қыздарымның алды тұрмысқа шықты, ұлым бесінші сыныпта оқиды. Жайлы қыс дегенмен, шаруаны үйлестіріп отыру оңай емес. Күнелтісіміз - мал. Ауылға барсақ жұмыс жоқ. Сондықтан жолдасымның ісін жалғастырып жатырмын,- дейді Ботакөз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор