Қырғызстан Қазақстанда болған қайғылы оқиғадан кейін Қырғызстан көлік және жол министрлігі қауіпсіздік мақсатында қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын барлық автобустарды тексеру жөнінде бұйрық шығарды.
Бұл ретте тексеруші құрылымдарға автобустарды өртке қарсы құралдармен қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ жолаушылар көлігінің жалпы техникалық жағдайына ерекше назар аудару жөнінде нұсқау берілді.
Автобустар қалааралық, аймақтық, халықаралық бағыттар бойынша күн сайын және апта сайын қатынайтыны белгілі. Жүздеген автобус, мыңдаған шопыры бар сала жиі тексерілсе де, Қазақстандағы қайғылы жағдайдан кейін Қырғызстанның көлік және жол министрлігі қосымша тексеріс жүргізу туралы нұсқау берді.
Қандай да бір заң бұзу дерегі тіркелмесе де, Қазақстандағы оқиғадан кейін билік сақтық шараларын қолға алуға көшті.
Бектұр Дербішев, бақылау бөлімінің бас инспекторы:
– Тасымалдаушылардың өрт қауіпсіздігін сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігі шараларын сақтау жөніндегі біздің агенттіктің инспекторлар құрамы алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Міне бүгін инспекторлармен бірге Бішкек автовокзалына келдік. Мұнда біз тұрақты автобус бағыттарына қатынайтын жүргізушілер құрамымен алдын алу жұмыстарын өткіздік. Шараның мақсаты – автобус тасымалы кезінде жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Азамат Қалмұратовтың жолаушылар автобусын жүргізгеніне 14 жыл болған. Еңбек еткен жылдар ішінде жүргізушінің басынан неше түрлі жағдай өткен.
«Алайда қауіпсіздік техникасы ережелеріне ұқыппен қарағандықтан, жолда оқыс оқиғаларға ұрынып көрмеген емеспін», – дейді Азамат.
Негізгі талаптарды сақтаудан бөлек, жолаушылар қауіпсіздігі сөз болған жерде тәжірибелі экспресс жүргізушісі болса да, оның өз ережелері де жоқ емес.
Азамат Қалмұратов, автобус жүргізушісі:
– Жолаушылар таситындықтан, автобус – өте күрделі көлік. Біз ең алдымен, тым болмаса, рейс алдында сегіз сағат ұйықтап алуымыз керек. Екіншіден, қауіпсіздік техникасын қатаң қадағалау қажет. Қауіпсіздік техникасы деген не? Ең алдымен, автобус ішінде екі дана өрт сөндіргіш құрылғы болуы тиіс. Екіншіден, екі дана дәрі қобдишасы болуы керек.
Қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 2017 жылы қалааралық және халықаралық бағыттар бойынша жүретін желілерден 300-ден астам автобус алынып тасталды. Мұндай мәліметтерді автомобиль, су көлігі және салмақ көлемін бақылау агенттігі беріп отыр.
Көлік компанияларының жауапкершілігін күшейту үшін 2018 жылы жолаушылар көлігінің техникалық қауіпсіздік нормаларын бұзғаны үшін айыппұл салынады. Бірақ ол айыппұлдың мөлшері бар болғаны – 1000 сом, бізше 5000 теңге ғана.
Бизнесті жүргізудің мұндай либералдық шарттары кәсіпкерлерді қолдау қажет дегеннен шығып отыр. Өйткені көптеген автобус жекенің қолында. Сондықтан көліктің қауіпсіздігіне ең алдымен оның иесі жауапты болады.
Дереккөз: 24.kz