Атырау, 25 сәуір 16:32
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Латын графикасына қатысты кез келген адам ұсыныс білдіре алады

3 818 просмотра


Латын әліпбиіне көшу жөніндегі арнайы жұмыс топтарына кез келген қазақстандық ұсыныс білдіре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразгүл Асанғазы Астанада өткен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын насихаттаудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде мәлім етті. 

Оразгүл Асанғазы кез келген жаңғырудың тілден басталатынын атап өтті және латын графикасына көшу мәселесінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көтеріліп келе жатқанын еске салды. «1992 жылы лингвист-ғалым Әбдуәли Хайдар бастаған бір топ ғалымдар жиналып Елбасының алдына осы мәселені қойған болатын. Кириллицамен аты-жөніміз қате жазылып жатыр, емлеміз өзгеруде, орфоэпия, орфографиямыз өзгеріске түсті. Тәуелсіздікті шын алған болсақ, латын әліпбиіне көшейік деді. Сонда Елбасы «Жігіттер, әріптеріңді дайындай беріңдер, әлі ерте» деген еді. Себебі, санымыз аз, 40/40 болдық. Елбасы содан бері 2008 жылы және 2012 жылы латын әліпбиіне көшуге дайындала беруді айтты. Ал биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ашық тапсырма берді. Санымыз жетті, енді сапамыз өзгеру үшін латын әліпбиіне қайта оралып жатырмыз», - деді ол. Тіл жанашырының айтуынша, қазіргі дәйекшелі латын графикасының үлгісі - соңғы нұсқа емес. Ғалымдар оны бірнеше сынақтан өткізеді және кемшін тұстарын түзетеді. «Латын графикасына қатысты ғалымдардың оңды ұсынысы болса, әлі де өзгеріс енгізуге болады. Және ұсыныс білдіру үшін ғалым болу шарт емес, жұмыс тобы латын қарпіне қатысты кез келген адамның ұсыныстарына құлақ асады», - деді Оразгүл Асанғазы. Еске сала кетсек, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрт арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Біріншісі -орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін). Екіншісі - әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін). Үшіншісі - терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін). Төртіншісі - сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін). Жұмыс топтарына тіл білімі саласының кәсіби мамандары да тартылатын болады. 

Дереккөз: inform.kz

6 желтоқсан 2017, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.