Атырау, 29 наурыз 00:23
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Шекараның өз талабы бар

1 535 просмотра

– Самара мен Орал қалаларының арасындағы шекарадан төлқұжаттық бақылаудан өту процедурасына түсінік берулеріңізді сұраймын. Өз басымнан мынадай жағдай өтті: шекарадан өткен кезде маған талонды рәсімдеуді (хаттама толтырумен қатар) ұсынды. Әрі қарай өз қалама барған кезде жеке пайдалану үшін Ресейден сатып алған тауардың 12 пайызы мөлшерінде қосымша құн салығын төлеуім  керек екен. Қазақстан мен Ресей бірыңғай Кедендік Одаққа біріккендіктен бұл ұсыныс мен үшін түсініксіз болды. Менің жеке құжаттарымнан бөлек, автокөлігімде тыйым салынған жүктердің бар-жоғын ғана емес, қолда бар тауарды тексерген шекарашының әрекеті заңды ма? Ол тауардың коммерциялық немесе коммерциялық емес екенін қалай айырады? Мәселен,  он төсек-жайма жинағы, менің пікірімше, 7 адамнан тұратын отбасының қажеттілігіне сай келеді. Ал шекарашының пікірінше, бұл салық салынуға жататын тауар екен. Ендеше, егер біз бірыңғай Кедендік одақта орналасқан екі мемлекеттің шекарасы арқылы тауарларды алып өткенде бұрынша салықтар мен баж салықтарын төлеуге тиіс болсақ, неліктен шекарада бұған Салық департаментінің қызметкері қатыспайды?

Телефон арқылы

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекаралық қызметінің «Батыс» аймақтық басқармасы бастығының орынбасары, шекаралық бақылау бөлімінің бастығы Р. ҚЫРҒЫЗБАЕВ комментарий береді.

– ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi «Шекара қызметi туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес, бекітілген тәртіппен өзі немесе кедендік органдармен бірлесіп, мемлекеттік шекарадан өтуші тұлғаның көлiк құралдарын және оларға тиелген жүктер мен тауарларды тексерiп қарауға құқылы.

«Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль пункттерінде шекаралық бақылаудан өту туралы талонды беру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бірлескен бұйрықтың (Салық комитеті мен ҰҚК) талаптарына сәйкес, шекаралық қызмет Нұсқаулықтағы қосымшаға сәйкес нысан бойынша талон береді.Бұл талонды бір данада тасымалдаушы немесе тауарға жауапты тұлға толтырып, шекаралық қызмет Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы белгі қояды.

Осыған орай, мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде ҚР ҰҚК Шекаралық қызметінің әскери қызметкерлерінің талон беруі заң бұзушылық боп табылмайды. Шекарашылардың әрекеті тек бекітілген талондарды берумен шектеледі. Әрі қарай шекара арқылы алып өтетін жүктер мен тауарлар үшін қосымша құн салығы мен басқа төлемдерді төлеу мәселесін реттеуді ҚР Қаржы министрлігінің салық органдары жүзеге асырады.

4 сәуір 2012, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.