Атырау, 22 желтоқсан 07:55
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Шәкірттерім олжалы оралды. Мен де құр емеспін»

2 647 просмотра


Өз шәкірттері туралы таеквондо (GTF нұсқасы) бапкері Берік ӘЛЖАНОВ (суретте) әңгімеледі.

- GTF нұсқасының олимпиадалық WTF нұсқасынан ерекшелігі қандай?

- Олимпиадалық нұсқада соққылар негізінен аяқпен жасалады, қолмен жасалатын соққылар – тек корпусқа тікелей болу керек. Бізде жұдырықпен тікелей басқа соққы жасауға рұқсат етіледі. Зақым алмас үшін біздің спорт түрі бойынша арнайы дайындалған қолғаптар мен футалар, сонымен қатар, боксшылардікіне ұқсайтын шлемдер мен капалар қолданылады. Бізде жаттығатын балалар жақсы шынығып шығады.

- Шәкірттеріңіздің биылғы жылғы спорттағы жетістіктері туралы әңгімелесеңіз.

- Наурызда Ақтөбеде жыл сайынғы халықаралық «Боец Азии» турнирі өтті. Таеквондо-GTF бойынша сайыс ерекшелігін түсіндіру керек. Бір реңді белдік иегерлері арасында хъенги бойынша сайыс (формальды кешен), ал белгілі бір салмақ пен жас ерекшеліктері қатысушылары арасында мацоги (спаррингтер) өтеді. Хъенги бойынша Айбек Демегенов, ал мацоги бойынша Дәулет Төреғазиев пен Әмір Сәкенов «алтын» алқа иеленді. Рауан Азаматов, Роман Ким, Әлішер Ержанов, Дария Мереке және Нұрхан Әбуов күміс алқа, Бақтыбек Аспанбек, Әділжан Дүйсембай, Мадьяр Алпысбай, Дәурен Мереке мен Денис Ким «қола» алды. Атыраулық жігіттердің барлығы дерлік осы жерден алқа алды. Көпшілігі екі нұсқа бойынша олжалы болды. Менің өзім ересектер арасында қола алқа иелендім.

Әлжанов Берік Молбайұлы, 28 жаста, 1-ші дан қара белдік иегері, ҚР чемпионы, Еуропа Кубогының жеңімпазы

Мамырда Алматыда ел чемпионаты өтті. Атыраудан 22 баладан құралған команда қатысты. 4 жасар Арлан Ерлан чемпионаттың ең кішкентай қатысушысы болып, 4-5 жастағы балалар санатында мацогиден қола алқа алды. Осындай нәтижемен оның ағасы Ерасыл 6-7 жастағы балалар арасында өнер көрсетті. Р.Ким мацоги мен хъенгиден «күміс» пен «қола» алқалар алды. Даниил Ходин финалда біздің тағы бір өкіліміз Мақсат Мұхамбетовпен кездесті. Олар тиісінше, 2-ші және 1-орындарды иеленді. Бұдан басқа, Мақсат хъенгадан 3-ші болды. Сондай-ақ, А.Демегенов, Бекбол Нұрәлі, Шеруен Адай ел чемпиондары атанды. Әмір Дүйсембаев, Алмаз Бекбауов, Дмитрий Еременко, Әли Аманкелді, Темірхан Бержанов және басқалар жүлделі орындар алды. Жалпы командалық есепте Атырау қаласының құрамасы Ақтөбе мен Ақтауды алға жіберіп, 3-орын алды.

Осыдан кейін Атырау командасы Молдавия астанасы Кишиневке Еуропа Кубогына барды. Оған 11 елдің өкілдері қатысты. ҚР құрамасының құрамында Д.Ким, Р.Азаматов, А.Демегенов және мен болдым.

29 келіге дейінгі салмақта Демегенов 8-9 жастағы жасөспірімдер арасында барлық бессайыста жеңіске жетті. Мацоги бойынша «алтыннан» басқа, жасыл белдік иегерлерінің арасында хъенгиден 1-орын алды. Р.Азаматов халықаралық сайыстарда дебют көрсетті: бірінші ұрыста әдемі жеңіп, бірақ қорытындысында алқасыз қалды. Д.Ким жеке біріншілікте жеңіліс тауып, бірақ командалық сайыста алтын алқаны жеңіп алды. Мен 63 келіге дейінгі салмақта 4 жекпе-жек өткізіп, «алтын» алдым. Нәтижесінде Қазақстан иеленген алқалар саны бойынша Молдова мен Ресейден кейін үшінші орынға ие болды.

Маусымда біз Ақтауда демалыс лагерінде 10 күндік оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Ал шілдеде мен Кипрде өткен Еуропа чемпионатына қатыстым. Финалда Молодва құрамасының өкіліне есе жіберіп, күміс алқаға қол жеткіздім.

- Екінші жартыжылдыққа жоспарыңыз қандай?

- Желтоқсан айында Астанада өтетін Балалар мен ересектер арасындағы халықаралық турнирге дайындалатын боламыз. Біздің мақсатымыз – Атырау үшін Оңтүстік Африка Республикасында өтетін балалар мен ересектерге арналған әлем чемпионатына көбірек жолдама алу. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті Б.Әлжанов ұсынды

20 шілде 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.