Бұрын Қызылқоға ауданы, Көздіғара округіне қарасты Қосқұлақ елді мекенінде «Комсомол» совхозының сиыр фермасы бар еді. Қазір ауылда 116 адам тұрады. Шағын ауылда газ, жарық мәселесі шешіліп, клуб, кітапхана жұмыс жасайды.
НАР ЖІГІТТЕР ЖАР ІЗДЕЙДІ
Ауыл ішін аралап жүрген кезде бізге кездескен жас жігіттер суретке түсуге онша ықылас білдірмеді. Бірақ, өздеріне қатысты басты проблеманы атап өтті. Бұл ауылда, статистика бойынша, 18-45 жас аралығындағы 20 сүрбойдақ бар.
БІР ҚҰДЫҚҚА ТЕЛМІРІП...
Ауыл шетінде отыз жылдан бері тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз құдық бар. Суының дәмі соңғы кездері қатты бұзылған. Тұрғындардың жыл сайын бірігіп, тазартып алғаннан басқа амалдары жоқ, Алайда, өзгерген ештеңе жоқ.
ФЕЛЬДШЕР АПАЙ
Фельдшер Айгүл БАЗАРБАЕВА Тараз қаласынан осы ауылға келін болып түскен. Тұрғындар енді медициналық көмек үшін көрші ауылға барып әуре болмайды. Айгүлдің өз кабинеті жоқ, ол науқастардың үйіне барады, қажетті дәрі-дәрмектерін әкеліп береді. Система құйып, екпе салады. Оған бәрі дән риза.
КҮНЕЛТІС КӨЗІ - МАЛ ҒАНА
Ауыл тірлігін малсыз елестету қиын. Ауыл келіндері сияқты Орынша апа да (суретте) таңғы 5-те тұрып, сиыр сауып, оның сүтін сеператордан өткізеді, қаймақ жинап, май былғайды, сүзбе, құрт жасайды. Өріске малды айдап жіберген соң, үй-ішілік таусылмайтын тірлікке кіріседі.
«БІЗ КӨШПЕЙМІЗ»
Өткен жылдан бастап ауылда жұмыс жоқ болса да, тұрғындар басқа жаққа қоныс аударуды қойды.
- Жұпар ауа, таза жер, тылсым тыныштық... Басқа жерге айырбастау мүмкін емес. Жастар да түсінді, мал өсіріп, көбейтуге жұмыстануда. Мемлекет тарапынан субсидия берілсе, үлкен көмек болар еді. Ауылдың болашағы жастардың қолында - дейді Валериий ҚҰЛЖАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА