- Ел президенті 2015 жылы өндірістік кооперативтерді құру туралы Жарлыққа қол қойды. «50 ауыл концепциясы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, біздің ауылда ет өндірісін дамытуда мүмкіндік бар. Былтыр біз «Бірлік-Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Оның алғашқы құрамына 48 құрылтайшы кірді. Бұдан кейін де ынта білдірушілер көбейіп, бүгінде құрылтайшы саны 112-ге жетті. Бастапқыда адамдар кооперативтер баяғы совхоз үлгісімен құрылады деп ойлады. Сондықтан адамдар «малымыз бір қазанға түседі, жекеменшігіміздегі азын-аулақ малымыздан айрылып қаламыз ба?» деген күдіктерін жасырмады. Шындығында бұл олай емес. Біз бұл отбасылық бизнес екенін түсіндірдік. Бірақ, кооператив құрамына кез келгенді ала берген жоқпыз, қолынан іс келетін, қабілеті мол, мал шаруашылығын жақсы білетін адамдарды таңдадық. Өзім осы ауылдың тумасы болғандықтан қолдың қысқалығынан мал ұстай алмай отырғандар барын да, қыруар малы болса да оны өткізе алмай отырғандарды да жақсы білетінмін. Біздер ауыл-ауылды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде құрылтайшылар саны артты, әлі де болса ынта білдірушілер көбейіп отыр, - дейді Изимова.
- Сіз отбасылық бизнес деп отырсыз. Ал адам өз жағдайын түзеуі үшін не істеуі керек? Мемлекет қандай жеңілдіктер ұсынып отыр?
- Өңіріміз мал шаруашылығына қолайлы болғанымен ауласында бірер малы, болмаса тышқақ лағы жоқтар кездеседі. Енді оларға мемлекет тарапынан жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен төрт жылда қайтарылуы тиіс несие бөлінеді. Яғни, адамдар мал алып, мал шаруашылығымен айналысады. Бұл отбасындағы бизнесті дамытуға үйдегі бар адам қатысады деген сөз. Несие алғысы келгендер кепілдікке баспаналарын, дүкен немесе басқа да мүліктерін қоя алады. Кепілзаттың құны алынатын несиеден жоғары болуы керек. Кепілзат ретінде жақсы күтімдегі саман тастан салынған үйлер де қабылданады. Несиені өтеу тоғыз ай каникулдан соң басталады. 112 адамның 89-ы 245 млн теңге несие алып, 1500 ірі қара сатып алған. Олардың әрқайсысы 2-4 млн теңге аралығында алған еді. Құрылтайшылар тек Миялы ауылынан ғана емес, көршілес Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тайсойған ауылдарынан да бар.
- Бүгінде құрылтайшыға қолайлы жағдай туғызу үшін ӨК тарапынан қандай істер қолға алынып жатыр? Ұсынылып отырған жеңілдіктер туралы да айтып өтсеңіз.
- Миялыда мал сойып, ет өнімдерін дайындайтын цех бар. Біз алғашқы өнімді сонда өткізуге келісіп отырмыз. Бірақ, жуық арада мал сойып, ет өнімін дайындайтын заманауи модулді цехымызды ашқалы отырмыз. Цех құрылысын Саратов қаласынан келген кәсіпкерлер жүзеге асырмақшы. Цех құны - 15 млн теңге. Цех құнының жартысы мемлекет тарапынан төленсе, қалғанын өзім қайтаруым керек. Ет өнімдерін дайындауға арналған техника сатып алуға мүмкіндік пайда болды.
Несиеге мал алғандар жарты жылдан соң бізге ет тапсыра бастайды. Осы шілде айының басында мал тапсырудың бірінші маусымы басталады. Мемлекет қайтарылуға жататын қосымша қаржылай көмек ұсынған, бірақ, мен одан бас тарттым. Мен ол қаржыны өз есебімнен беріп жатырмын. Малды бордақылап өткізгені үшін әр басқа 20 мың теңгеден субсидия беріледі. Құрылтайшылар құрамында ауыл шаруашылығымен айналысып отырғандар бар. Олар мал сатып алу үшін несие алмаса да осындай субсидияға қол жеткізе алады. Бұл үлкен көмек қой. Ауданда ет бағасы басқа жерлерге қарағанда арзан. Ол бағаны көтермеу үшін бәрін жасап отырмыз.
- Егер құрылтайшы несиені қайтара алмаса бұл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысына кедергі болмай ма?
- Бұған дейін мемлекеттен несие алып, оны тойға немесе көлікке жұмсап жібергендер болды. Енді ол қайталанбас үшін жіті бақылауға алып отырмыз. Құқыққорғау органдары да несиелердің мақсатты жұмсалуын қадағалап отырады. Мен құрылтайшылармен кездесіп сөйлескенде, оларға малды тезірек өткізіп, несиемнен құтылсам деп ойлаудың мәні жоқ екенін айттым. Басында айттым ғой, ӨК құрамына қолынан іс келетін, мал шаруашылығынан хабары бар адамдарды таңдап алған болатынмын. Кейбір адамдар «мүшелікке алмайды» деп менің үстімнен аудан әкімдігіне, прокуратураға арызданды. Бұл жекеменшік әрі өзім жауап беретіндіктен құрылтайшылыққа адамдарды өзім таңдайтынымды ашық айттым. Түптің түбінде жауапкершілік менен сұралады ғой. Жаңарған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің маңыздылығы да осында. Құрылтайшы несиеден толық құтылғаннан кейін тағы қосымша несие алып, мал сатып алуына құқылы. Ал ӨК құрамына кіруге ниет білдірушілер күннен күнге көбеюде.
- Балаларды өсірдік, оқыттық, үй қылдық, соның бәріне қолымдағы малымды сатып, тұяқсыз қалған едім. Одан кейін мал сатып алуға еш мүмкіндігім болмай жүр еді. Ал мына бағдарламаға мен қуана келістім. Үйдегі немерелеріме дейін мал күтіміне жәрдемдесті. Енді шілдеден бастап малымды өткізе бастаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА