Облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Жайық жастарының жаңа топтамасы» тақырыбында ұлттық киімдер фестивалі өтті.
Осы фестивальда Атырау облысының 12 дизайнері өз қолдарынан шыққан киім үлгілері мен әшекейлерін көрермен назарына ұсынды.
Ұзын дәліз подиумның рөлін атқарды. Алғашқы болып өз топтамаларын қазылар алқасының мүшелері Гүлмаржан МАХАМБЕТ, Камила ЖАПАЛОВА, Айсұлу ОРАЗБАЕВАЛАР конкурстан тыс көрсетті.
Құрманғазы ауданы атынан қатысушылар Шәрбану ГУМАРОВА мен Гүлмира ДҮЙСЕКЕШОВА - өмірде құрбылар. Екеуі топтамаларын «Халидолла қыздары» деп атаған. Себебі, екеуінің әкелері аттас.
- Шәрбану көйлек тігеді, қияды, пішеді, оюларын ойлап табады, мен көбіне дизайнмен айналысамын. Фетрден ою оямын, тастармен әшекейлеймін, сонымен қатар перде тігемін, - дейді Гүлмира.
Тігіншілік, дизайнерлік білімдеріне қатысты сұрағыма Шәрбану:
- Мектеп бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеде «тігінші және пішуші» мамандығын алып, кейін осы салада әртүрлі жерлерде еңбек еттім. Қазір жеке ательемді ашып, тапсырыспен ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер тігемін, - деді. Ал Гүлмира бәрін өзі үйреніп алған:
– Кішкентайымнан суретке жақын болдым. Бірақ машинамен іс тігіп көрмеппін. Тек 35 жасқа келгенде тігуге кірістім – салған суреттерімді матаға түсіре бастадым.
Киім үлгілерін тігуде құрбылар жұқа киіз (фетр), атлас, органза, шілтер, кесте, шынылы әшекейлер қолданған.
Айзада КЕНЕНОВА мен Қайрат ШАПАБАЕВ фестивальға көшпенді қазақ халқының киім үлгісін ұсынды. Айзада киім жағына жауапты болса, зергер Қайрат зергерлік бұйымдар – сақина, білезіктерді ұсынған. Нәтижесінде керемет үйлесім орын алды.
- Дизайн саласына келгеніме 5 жылдай болды. Өзім оқыған Атырау университетінде мұғалім-дизайнер болып жұмыс жасаймын. Студенттерге қолөнер бұйымдарын жасау, ұлттық киімдерді тігуді үйретіп келемін, - дейді Айзада. - Мен этно стильді ұстанамын, көшпенділер бағытында жұмыс жасаймын. Қолданатын материалдарым да сол кезеңге сәйкес келеді – зығыр (лен) матасын, оның түрлерін пайдаланамын. Мысалы, көйлекке жұқалауын алсам, шапандарды қаттылау зығырдан тігемін. Сонымен қатар құрақ шапандар тігемін. Құрақ тігудің де өз тарихы бар – мата қалдығын ысырап етпес үшін қазақ халқы ертеден құрақ көрпелер, құрақ шапандар, құрақ көйлектер тіккен.
Сонымен, қорытындысында І орынды Мәншүк ҚАБДОЛОВА, ІІ орынды Айзада Кененова, жүлделі ІІІ орынды Ирина НЕЙБАРТ жеңіп алды.
Сайысты қорытындылай келе Гүлмаржан Махамбет қатысушылардың кемшіліктерін атап өтіп, болашақта айтылған ескертулерден нәтиже шығаратындарына сенімін білдірді:
- Ою-өрнектің салынатын орындары болады, кез келген оюды жабыстыра беруге болмайды. Дегенмен, болашақта үміт күтеміз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор