Атырау облысында балалар кардиохирургия қызметін ашу жоспарланып отыр. Ал әзірге жүрегіне ота жасатуға мұқтаж кішкентай пациенттерді Астанаға емдеуге жібереді.
Бұл аптада Атырауға астрахандық «Жүрек-тамыр хирургиясының федералдық орталығы» мамандарының делегациясы келді. Олар жергілікті дәрігерлермен әрі қарай балалар кардиологиясымен бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасу, мастер-кластар өткізу түрінде қолдау көрсету мүмкіндігі туралы келісті.
- Соңғы кездері жүрек патологиясы бар балалар дүниеге көп келуде. Соның ішінде, жүрек ақауының ауыр түрлері бар, - дейді облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВА. – Бұрын біз диагноз қоя алмай, кейде балаларды жоғалтып алатынбыз. Бірақ қазір дәрігерлеріміз тіпті антенаталды күйде (сәби әлі ананың құрсағында болған кезде) диагноз қоюды үйренді. Біз жүкті әйелдерді Астанаға жібереміз, бірақ бәрі бірдей барғысы келе бермейді. Қазір біздің перинаталды орталықта «Магистралды тамырлар транспозициясы» диагнозы қойылған сәби бар. Оның жүрегі тіпті тоқтап та қалды, қазір оны аппаратқа жалғады. Астанадан санитарлық авиация күтіп отырмыз. Сәбиді жіберу үшін міндетті шарт - оның жай-күйін тұрақтандыру болып табылады. Өйткені, егер әдетте ұшақ 2-3 сағат ұшса, санавиация – 5-6 сағат ұшады. Бізде эхо-кардиографиямен, неонотаологиямен айналысатын мамандар бар. Олар мұндай балаларды қалай алып жүру керектігін біледі. Өйткені, олар астаналық кардиоорталықпен бірлесіп жұмыс жасайды. Бірақ жергілікті балалар шұғыл көмекке мұқтаж, Атыраудан балалар кардиологиялық қызметін ашу мәселесі өте өзекті болып отыр.
Осы қызметті дайындау процесіне кардиологиялық орталықтың, облыстық перзентхана мен облыстық балалар ауруханасының мамандары тартылатын болады. Өйткені, бұл саладағы бірде-бір қызмет автономды жұмыс істей алмайды. Мәселен, жергілікті дәрігерлер неонаталды хирургияны енгізуге дайындалғанда Астанада, Вильнюсте, Санкт-Петербургте үш жыл оқыды. Енді олар облыстық балалар ауруханасының базасында жұмыс істейді. Бірақ, перинаталды орталықтың дәрігерлерімен үнемі өзара бірлесе әрекет етеді.
- Бұрын бізде балалар кардиологиялық қызметін дамыту мүмкіндігі болмады. Бұл базамен және басқа қиындықтармен байланысты, - дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Марат ҚОНЫСОВ. – Бірақ енді кардиологиялық орталықтың ескі ғимаратын қайта жарақтап, жаңа корпус салғаннан кейін бізде даму үшін үлкен мүмкіндіктер болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор