Соңғы күндері қаламызда термометр көрсеткіші 40 градус ыстыққа дейін жетті. Мұндай аптап ыстықта өрттың шығу қаупі артуы мүмкін. Тілсіз жаудың алдын алуға біздегі өрт сөндіру бөлімшелері дайын ба?
Атырау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан ЖАҢАБАЕВ осы жылы қаламызда шынымен де өрттің көбейгенін айтады. Техника саны да, жеке құрам да жедел әрекет ету үшін жеткілікті. Жалпы, қала аумағында жыл басынан бері 83 өрт оқиғасы (былтыр 70) тіркелген болса, салдарынан 1 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алған (былтыр 2 адам өлімі тіркелген). Тілсіз жаудың кесірінен биыл тұрғындарға 16,6 млн теңге шығын келтірілген.
- Қазіргі уақытта өрттің шығуы көбіне тоқтың тұйықталуынан немесе ауласын қаулап өскен шөптен тазартпауынан және оған түскен оттың тез тұтануынан болады. Бір-екі жағдай, балалардың үйдің ішінде сіріңке жағып, отпен ойнауынан болды, - дейді Нұрлан Жаңабаев.
Біз Гагарин көшесіндегі №1 өрт сөндіру бөлімшесінде болдық.
- Біз қаланың оңтүстік жағалау (Еуропа) бөлігін, яғни Береке ықшам ауданынан бастап, Еркінқалаға дейінгі аумаққа қызмет етеміз, - дейді бөлім басшысы Тілекбай ЛАТИЕВ. – Егер «101» қызметіне түскен хабарламада қоқыс жанып жатқаны туралы ақпарат болса, біздің мекемеден бір автокөлік, үй жанып жатса, екі автокөлік оқиға орнына шығады. Өрттің жану аумағы үлкен болып, күшіміз жетпейтіндей жатса, Привокзальный ықшамауданында орналасқан №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі немесе Балықшы ықшам ауданындағы №2 өрт сөндіру бөлімі көмекке келеді.
Бүгінде №1 өрт сөндіру бөлімшесінде қазіргі уақытта 49 адам еңбек ететін болса, оның 42-сі таза өрт сөндіруге тікелей қатысы бар (қарауыл бастығы, бөлімше командирі, өрт сөндіруші, көлік жүргізушісі т.б. бар).
- Өрт сөндіруге су алатын гидранттар жеткілікті ме?
- Су арнасының жауапты адамдарымен бірге көшедегі су гидранттарының жағдайын көктемгі және күзгі мезгілде тексеріп аламыз. Қазіргі уақытта біздің мекемеге қарасты 531 гидранттар бар болса, бүгінде оның тек 500-дейі ғана жұмыс жасап тұр.
Өртті бақылау мұнарасы №1 өрт сөндіру бөлімшесі ғимаратының төбесінде орналасқан. Бөлімшенің ғимараты 1957 жылы салынған. Сол кезде осы бақылау мұнарасы да бірге салынған. Ертеректе қаладағы екі-үш қабаттан биік үйлер болмаған кезде, ал байланыс тек өзі санаулы стационарлы телефондармен шектелген уақытта бұл мұнараның үлкен маңызы болды. Қазір әрине ол кездегідей рөлі жоқ. Бірақ, кезекші мұнараға әрбір сағат сайын шығып, айналаны бағдарлап отырады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттерді түсірген автор