Атырау, 24 қараша 04:55
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Төбеден ұрған тосын сый

2 478 просмотра

8 наурыз мерекесінің қарсаңында «PSN-Казстрой» компаниясы (шотландиялық  PSN (Production Services Network) мен «НГСК КазСтройСервис» АҚ біріккен кәсіпорны)  «D» аралында жұмыс жасайтын 140 жұмысшысының отбасыларына жағымсыз тосын сый жасады. Жұмысшылар өздерінің үлкен қашағандық ойынның  ойыншығына айналғанына сенімді болып отыр.

ШЕФ УӘДЕ БЕРДІ

Вахташылардың айтуынша, Қашағанда олар жабдықтарды жіберу-реттеу жұмыстарымен айналысқан:

– Ол жерде жұмыстар өте көп, сондықтан теңізде ешқандай қысқартулар болмайтындығына сенімді едік. Қараша айында аралға Шотландиядан шеф келіп, PSN компаниясын «Wood Group» компаниясының тобы сатып алғанын (сатылым 955 млн долларға шыққан  – автордың ескертпесі) және компанияны көп жұмыс көлемі күтіп тұрғанын, оған 2,5 мың қазақстандық жұмысшыларды және сондай мөлшерде шетелдіктерді тарту жоспарланып отырғанын, сонымен қатар жіберу-реттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бізді тәжірибелі мамандар ретінде техникалық қызмет көрсету үшін қалдыратынын хабарлады. Біз әлі де жасалатын жұмыстардың көп екендігіне сенімді едік, - дейді жұмысшылар. – Алайда аралда 6 наурызда баржада сумен қамту және ағын суларды бұруға қатысты проблемалар туындағанын, соған орай бізді уақытша үйлерімізге жіберетінін хабарлады.

Редакция құзырына PSN-Казстрой қызметкерлеріне таратылған 6 наурыз күні аралдан жөнелтілу ұсынылған қызметкерлер тізімі жазылған электронды жіберілімдердің көшірмесі келіп түсті. Онда жұмысшыларды жіберу үшін ресми себебі баяндалған: (үзінді) ...«D» аралындағы су тұтынуға және кемелердің тұрғын орынжайларынан ағын суларды кетіру құралдарының жоқтығына қатысты мәселелерге байланысты PSN компаниясына Аджип ККО ахуал қалыпқа келгенше келесі кадрларды қайтаруға кеңес берді.

 

ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫЛАР ОНСЫЗ ДА АЗ

Аралдан келген жұмысшылардың бірі Еркін К-нің айтуынша, соңғы бірнеше күн бойына аралда шынымен де тұрмыстық қажеттіліктер үшін суды үнемдеу режимі енгізілген. Бұл туралы радиорубка арқылы хабардар етіліп, суды үнемдеп пайдалануды, душқа қатаң кесте бойынша түсуді ұсынған:

– Алайда 6 наурыз күні кешкісін Атырауға үйімізге кетер алдында радио арқылы жағдайдың қалыпқа келгенін, үнемдеу режимінің жойылғанын хабарлап жатты. Біз  бір шикіліктің бар екеніне күмән келтірген едік.

Сөйтсе, адамдар текке мазасызданбапты. Атырауға келгеннен кейін сол күні кешке басшылық ұйымдастырған компания кеңсесінің жиналысында кадрлар бөлімінің қызметкері Нұргүл БАЙМЕНШИНА Аджип ККО-дағылар аралда қажетті мөлшерден көп адам жұмыс жасайды, соған байланысты артық жұмысшыларды қысқарту керек деп ұйғарылғанын хабарлады.

– Вахтааралық демалыста жүрген жігіттерден де сумен қамту проблемасын желеу етіп, наурыз айында вахтаға келмеуді өтінген. Бізден жағымсыз жаңалықты естіген олар дал болып, кадрлар бөліміне қоңырау шалыпты. Сол кезде оларға жұмыстан босату туралы шешімдерін алға тартқан. Бізге қысқартуға дейін – 6 мамырда жалақымыздың 50 пайызын төлейміз деп мәлімдеді. Ал ресми түрде жұмыстан босату туралы ескерту хабарламаны 6 сәуірде береді. Біздің жігіттердің бір бөлігі аралда қалып, олардың айтуларынша қалыпты режиммен жұмыс жасап жатыр, ал  бізді неліктен қысқартып жатыр деген сұрағымызға, бізге  Аджип ККО-дағылар дайын тізімдерді салып жіберді деп жауап берді. Мұны Аджип жергілікті құқық қорғау органдарымен бірге біз аяқ астынан аралда ереуіл жасамасын деп, осылай ойластырды деген жауап алдық, - дейді Еркін К.

Қызық жайт: Қашағанда жұмыс істейтін 400 жұмысшының тек 40-ы Атырау облысынан, қысқартылған 137 жұмысшының 15-і – жергілікті жұмысшылар.

 

СЕБЕБІ ЖОҚ АҚПАРАТ

Вахташылардан айырмашылығы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы үшін қысқартулар туралы хабар тосын жайт болмапты.

– Компания алдағы уақытта жұмысшыларды жұмыстан босататындықтары туралы ақпаратты қысқартуға дейін екі ай бұрын ұсынды. Өкінішке орай, статистикалық есептердің типтік формасында қысқарту себебін көрсету қарастырылмайды. Тізімдер кезең бойынша, 2012 жылдың қаңтарынан бастап ұсынылды: 6 наурызда компания 13 адамды, 27 сәуірден бастап – 36 адамды, 1 мамырдан бастап 87 адамды қысқартуды жоспарлаған. Қысқартылатындар тізімінде негізінен Маңғыстау, Қостанай облыстарының, Шымкент, Тараз, Рудный қалаларының және т.б. тұрғындары болды. Соңғы тізімде де, мәселен, атыраулықтар аз. Біз міндетті түрде осы ақпаратты тексереміз, егер жұмысшылардың шағымдары расталатын болса, жұмыс берушілерге қатысты шаралар аламыз, - деп тыныштандырды бізді жұмыспен қамту басқармасындағылар.

 

НАЗАРБАЕВ ҮШІН 94 ПАЙЫЗ

Дегенмен, бұрынғы қызметкерлер қысқартудың себебі басқада деп есептейді:

– Біздерді жіберу-реттеу жабдықтарында жұмыс істеу үшін жұмысқа алды, алайда, біз аралда және модульдерде құрылыс жұмыстарының әлі аяқталмағандығын көріп, таңданып қалдық. Дәнекерлеу, ернемек жалғастыру жұмыстары әлі аяқталмаған, ысырмалар жоқ. Жалпы әлі де жасалатын көп жұмыс  бар. Жіберу-реттеу жұмыстарына дейін әлі уақыт бар. Бірақ, нысанды басқа мердігер және қосалқы мердігер компаниялар жасады  емес пе, міне, жұмыстың нәтижесі солардан талап етілсін!

Естеріңізде болса, ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «D» аралына келген қыркүйектегі сапары кезінде Солтүстік-Каспий жобасының жетекшілері оған жұмыстың  94% орындалғандығын мәлімдеген еді. Және нысанды пайдалануға беру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр деген болатын. Басқа бір ресми емес ақпарат көздері ұсынған болжам бойынша, «D» аралында шын мәнінде жұмысшылар санының артуына байланысты дағдарыс байқалып отыр. 

– Азық-түлік пен суға қатысты ешқандай қиындық жоқ. Бірақ, тұрғын жайларға байланысты мәселе туындап тұр, кішкентай каюталарда 4-6 адамнан тұрады.

PSN қысқартуға себеп болған тағы бір болжам жақында ғана жұмыс көлемін басқа бір компанияға берген Аджип ККО компаниясы тапсырысшысының наразылығы. Тапсырыс беруші компанияның жұмыс сапасы мен қарқынына риза болмаған. Оның сондай-ақ,  PSN компаниясының Қарабатандағы  жұмысына да көңілі толмаған. 

NO COMMENTS!

Барлық мәселелердің мән-жайына қатысты түсінік алу үшін жақында ғана қала орталығына салынған компанияның кеңсе ғимаратында жолығуымызға болатын еді. Алайда, оның өкілдерімен мереке қарсаңында кездесу мүмкіндігі болмады. 12 наурызда мен тағы да компания кеңсесіне барып, Байменшина ханыммен кездестім. Ол жағдайға түсінік беруден бас тартты, бірақ, ертеңіне таңертең жобаның бас менеджерінің менімен кездесетіндігін хабарлады. Таңертең сұхбаттың болмайтындығын мәлімдеді, ал, сол күні кешке маған компания қандай ма бір түсінік беруден бас тартатындығын жариялады. Белгілі болғанындай, сол кезде облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына PSN-Казстрой компаниясынан хат келген. Хатта бұдан бұрын ұсынылған қысқарту тізіміндегі 29 қызметкердің жұмысқа қайта алынғандығы хабарланған.

 

ТӨЛЕМАҚЫ АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Қызметкерлердің күтпеген жерден жұмыстан шығарылуына қатысты жағдайға түсінік беруді жұмыс берушінің өзі қаламағандықтан, біз Атырау облысы еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЯРОВҚА жолықтық. Заң бойынша жұмыс беруші  еңбек келісім-шартының бұзылуы жөнінде қызметкерге жазбаша түрде, егер еңбек, ұжымдық  шарттарда ескерту берудің  барынша ұзақ мерзімі қарастырылмаған болса, онда  бір ай   бұрын ескертуге міндетті  (ҚР ЕК  56-бап, 1-тармақ.).

– Қызметкерді 50 пайыз жалақысын сақтай отырып жұмыстан шығару барысында жұмыс беруші нені көздеп отыр?

– Әңгіме шамасы жұмыстың тоқтап қалуы жөнінде болған. Тоқтап қалу ҚР ЕК 1-бабының 9- тармағына сәйкес  экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық және басқа да өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша уақытша тоқтатылады деп түсіндіріледі. ҚР ЕК 133- бабында: жұмыс берушінің кінәсінен жұмыстың бос тұрып қалу уақытына ақы төлеудің тәртібі мен талаптары еңбек шартында, ұжымдық шартта айқындалады және қызметкердің орташа жалақысының елу процентінен (50%) кем емес мөлшерде белгіленеді, - делінген.

Ал, егер жұмыс беруші жұмыстың бос тұрып қалуы шынайы себептерге қатысты орын алғандығын дәлелдей алмаса ше? Ондайда қызметкерлер қысқарту алдында толық еңбекақыларын алу үшін жұмысқа шығаруды талап етуге құқылы ма? Және қысқартудан соң қызметкерлер қанша төлемақы ала алады?

– Бұл мәселелердің анық-қанығын білу үшін қызметкерлерге  бізге өтінішпен келулері керек.  Бұл жағдайдағы қысқарту барысында қызметкерлер жұмыс тоқтап қалған уақытта қызметкердің орташа жалақысының елу процентінен (50%) кем емес мөлшерде жалақы алуға, пропорционалды жұмыс жасаған уақытында еңбек демалысының күндерін пайдаланбағаны үшін өтемақы және жұмысын жоғалтқаны үшін орташа еңбекақысының көлемінде төлемақы алуға құқылы.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

 

 

15 наурыз 2012, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.