Қызылқоға ауданының тұрғындары бруцеллез жұқтырған малдың етін арзан бағаға сатуда.
Тасшағыл ауылында 295 қой-ешкі, 26 ірі қара және екі адам бруцеллез жұқтырған.
Ветеринарлар тұрғындарға 15 күннің ішінде ауру малдың жойылуға жататынын түсіндіруде. Қайта өңделген етті шұжық және қалбырланған ет өнімдерін дайындауға жібереді.
- Малды базарға апарсақ, оны анда екі есе қымбатқа бағаланады. Базарда ет бағасы қымбат, ал біз азранға сатып жатырмыз. Басқа амал жоқ. Ауру малды ұзақ ұстап тұруға болмайды, - дейді бір ауыл тұрғындары. - Өтемақы да көп емес, малды базардағы бағасынан 12-13 мың теңгеге түсіріп сатамыз.
Ауыл тұрғыны Қуандық ЖҮСІПОВТЫҢ (суретте) пікірінше, ветеринарлар өз істеріне салғырт қарауда:
- Олар бізге ауру мал 15 күнде жойылады дейді, бірақ, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Біздің көшелерден шығатын қой кезегінде 15 шақты ауру малдың бірге жүргеніне көп болды. Ауру малды неге бірден оқшауламайды? Енді бүкіл ауылды осылай бүлдіріп жатыр.
Ветеринариялық пунктің меңгерушісі Самат ЖҮСІПОВТЫҢ айтуынша, ауру малды өткен жылдан бері оқшауламайды:
- Ол үшін бізге жердің рұқсатын алуымыз керек, мал бағатын адамды табу керек. Оны әкімдік шеше алмауда, рұқсат жоқ. Кейде көлік уақытында келмейді. Адамдардың айтуы орынды, індет ауру малдан да жұғады.
Қызылқоға ауданындағы барлығы 28 200 ірі қараның 18 000-ы тексерістен өтіп, соның 319-ы бруцеллез жұқтырған деп танылған. Соның ішінде Миялы ауылында - 69, Ойылда - 55, Мұқырда - 54 бас бруцеллез жұқтырған. Ал 156 100 қой-ешкінің 59 426-сы тексеруден өткізіліп, 1 403 бастан ауру табылған. Ауру жұқтырған малдың ең көбі Ойыл округінде кездесіп отыр - 518 бас. Аудандағы 1 200 түйенің 418-і тексеріліп, оның 18-інен ауру табылған.
Аудандық зертханаларда малдан қан алу жұмыстары жалғасуда. Аудандық мәслихаттың шешімімен ірі қараның бір келісі 1 100 теңге деп белгіленсе, оның 30 пайызын бюджеттен, ал 70 пайызын малды сатып алушы төлеуі тиіс. Бұрын малдың етін «АсылАгро» ЖШС-іне тапсыратын, бірақ арзан бағаға бағалағаннан кейін компания қызметінен бас тартыпты. Кейін Орал қаласына тапсыру ұйымдастырылған. Қой мен ешкінің етінің бір келісін 700 теңге деп бағаласа, оның 300 теңгесін бюджеттен төлейді. Бұл бағаларды базар бағасымен салыстыру мүмкін емес. Базарда ет бағасы ұшынып тұр. Мәселен, ірі қара етінің бағасы 1 800 теңге.
- Мал бағасы түсіп кетті, ол бізге емес, алушыларға байланысты, - дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ. - Бастапқы жылдары мал өз бағасын жаксы құрап еді. Енді алушылар мал бәсін төмендетуге тырысуда. Тапсыратын жер керек болғасын бұған амал жоқ, көнесің. Тасымалдауды кідіртпеу үшін қосымша техникалар бөлінуде.
- Өткен жылы вакцинациялау мәселесі қозғалды. Ол биыл жүзеге аса ма?
- Вакцинациялау жүргізілсе, онда малдан қан алынбайды. Бірақ вакцинацияға былтыр рұқсат береміз деп бермей қалды. Қазақстанда вакцина бар және ол қымбат емес. Рұқсат етсе шаруа қожалықтары вакцинаны өз ақшасына алуға дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенеуніктері бұл туралы біледі, бірақ өздеріңіз көріп өтырғандай әзірге ештеңе өзгерген жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор