Атырау, 27 қараша 12:39
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жаңа ғимараттар асты зерттеле ме?

5 560 просмотра


Неліктен бұрын Атырауда әрі кеткенде бес қабатты үйлер салынды? Жайыққа жақын салынған үйлер қаншалықты қауіпсіз? Неліктен жыл өткен сайын кейінгі жылдары салынған көпірлердің ара жіктері білініп тұрады? Бұрынғы сазды карьерлердің орнына құрылыс салу қаншалықты қауіпсіз? Осы және басқа да мәселелер туралы «Атырау облыстық геотехника орталығы» ЖШС директоры Роман ОЛИВКОДАН (суретте) сұрастырдық.

СЕНІМСІЗ ГИПС...

– Атыраудың топырағы тұзды әрі сазды, өйткені, қала бұрынғы теңіздің орнына орналасқан. Жер астында тосын сыйлар көп шығар?

- Біздің топырақ құмайттан, саздан және саздақтан тұрады, ұлутастар мен гипстік түзілімдер кездеседі. Ол біртекті емес, тереңдігінде түрлі дақтар бар. Сондықтан әр ғимаратты салған кезде мұқият инженерлік зерттеу жүргізу керек. Бізде түрлі тау-кен жыныстарының шоғыры – линзаларды да жиі кездестіруге болады. Су линзалары да кездеседі. Мәселен, Азғыр мен Тайсойған аудандары - кедір-бұдырлы құмдар, ал құмды топырақтың асты - саз және саздақты топырақ. Жаңбыр суы құм арқылы сіңіп, сазды қабаттың астына жиналады, сөйтіп, су линзасы түзіледі.

Геотехникалық зерттеу жұмыстары кезінде инженерлік-технологиялық қима жасау үшін ұңғымаларды бұрғылаймыз. Олар бір-бірінен 50 метрден аспайтын қашықтықта болуы керек және айталық, болашақ бір ғимараттың астында екі ұңғымадан кем болмауы тиіс. Топырақ көзбен шолынып сипатталады, содан соң зертханалық зерттеу жүргізіледі, соның негізінде соңғы қорытынды беріледі. Әрі қарай зерттеу нәтижелерін жобалаушылар пайдаланады.

Біздің өңіріміз шұңқырлар мен тарамдарға толы бұрынғы теңіз түбі болғандықтан болмашы қашықтықта да біркелкі емес топырақ кездеседі. Авангард 4-ықшамаудан салынған кезде болашақ үйлердің бірінің астында ұңғыма бұрғыланып, статикалық тексеру жүргізіліп, техникалық есеп берілді. Үй ортасына бағана қағу кезінде бір бағана екі-үш рет соққанда кірді, алайда, әдетте 10-20  соққы қажет болатын. Нақтылау кезінде ғимарат астында бұрынғы әлсіз шөгінді топырақ тармағы бар болып шықты. Сөйтіп, бағаналар арасындағы қашықтықты азайтуға тура келді.

– Бір кездері қазіргі Нұрсая ықшамауданына жақын жерде гипс қарқынмен өндірілді...

– Иә. Атыраудағы гипс кені айтарлықтай ауқымды - Әлиев көшесінен бастап туберкулезге қарсы күрес ауруханасына дейін,  мұсылмандар зиратының маңындағы Құрманғазы көшесінің аз ғана бөлігін қамтып, әуежай жаққа қарай кетеді. Кеңес дәуірі кезінде бұл жерде қарқынды өндіріс жүрді. Жергілікті өндірістің гипсоблогынан қаламызда көптеген үйлер салынды. Бұдан басқа, біздің гипс экспортқа шықты.

Айта кету керек, гипсті суға салған кезде тез шайылып, топырақта кеуек түзіледі. 70-жылдары Қазақ геотехникалық институты гипс кенінің шеңберін анықтау бойынша инженерлік-геологиялық жұмыстар атқарды.

Қазіргі әуежайды салу кезінде бізде қызық жағдай орын алды. Зерттеу жұмыстары кезінде топырақта гипс кені анықталып, ұшу-қону жолақтарын салуды анағұрлым қауіпсіз топыраққа ауыстыру ұйғарылды. Ал кейбір ғимараттар ішінара гипс күмбезіне салынған. Топырақтың шөгуі салдарынан екі қабатты механикаландырылған шеберхана ғимаратының қабырғаларына уақыт өте келе жарық сызаттар түскен. Әуежай аумағына диаметрі де, тереңдігі де 2 метр болатын ойық шұңқыр түзілген жағдай сырт көзге таң қаларлық еді. Бұл топырақтан гипстің шайылу нәтижесі.

– Сонда «гипсті» жерлерге (әуежай жаққа және туберкулезге қарсы күрес ауруханасы жаққа қарай) құрылыс салуға болмай ма?

– Жерде біздің көзімізге көрінбейтін әлдебір процестер үнемі орын алып жатады. Сондықтан ғимаратты жобалау алдында оны мұқият зерттеу керек. Мәселен, әуежай жақтағы бір жерде бірнеше жыл бұрын ірі мұнай компаниясы үшін оқу орталығының құрылысы жоспарланды. Оқу орталығының кешенінде тереңдігі 4 метр болатын қауыз салыну керек болды. Топырақта гипс кені болғандықтан орталық құрылысы анағұрлым тұрақты топырағы бар басқа орынға ауыстырылды.

– Дегенмен де, бұл жерлерде соңғы жылдары біршама нысан бой көтерді...

– Егер жер астында басқа құрылыстардан ешқандай жылыстау, ылғалдану болмаса, онда гипстер кені тұрақты болады да, ғимарат ұзақ жыл тұрады. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін ылғалдану нәтижесінде тармақтар түзіліп, нәтижесінде кеуек пайда болуы мүмкін. Бұл кезде ғимараттың қандай күйде болатынын айту қиын.

...ЖӘНЕ ЖЫМЫСҚЫ СУ

– Жер астында болып жатқан процестерге қала тіршілігі қалай әсер етеді?

– Тікелей. Ғимарат құрылысының, жерасты суларының деңгейіне қалай әсер ететіні туралы қарапайым мысал келтірейін. 2008 жылы біз Нұрсая ықшамауданында зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Жерасты сулары ол кезде 6 метрге дейінгі тереңдікте болатын. Ал 2015 жылы қарқынды құрылыс нәтижесінде ол 1,2-1,5 метр деңгейге дейін көтерілді.

Бір компания Құрманғазы көшесінің бойында мұсылмандар зиратына қарсы жанармай бекетін салуға геотехникалық зерттеу жұмысын жүргізді. Топырақ құмайтты және саздақты деген қорытынды жасалды. Құрылыс басталған кезде 80 сантиметр тереңдікте гипс қабаты анықталды. Біз қосымша зерттеу жұмысын жүргіздік. Топырақасты су деңгейі 3,5 м тереңдікте орналасқан болып шықты. Ал сәл кейінірек әрі қарай құрылыс нәтижесінде деңгей екі метрге дейін, кейін одан да жоғарыға көтерілді. Жерасты суы ұсақ өзекшелер тармағынан тұрады. Құрылыс барысында су ағып жатқан  жарықты жазатайым ашып алған. Сол кезде ол жоғарыға көтеріле бастады. Топырақасты суының деңгейіне коммуналдық жүйенің – су құбырынан, жылу трассаларынан, кәрізден кететін сулар да әсер етеді. Құрылыс жұмыстарының барысында топыраққа тиетін механикалық әсерлер мен түрлі жылыстаулардың топырақтың қасиетін өзгертері сөзсіз. Мәселен, саз быртиып, құмайт ылғалданған кезде шөге бастайды. 

Оған айқын мысал – 80-жылдары жарық пайда болған теміржол ауруханасының маңындағы бес қабатты үй. Құрылыс алдында зерттеу жүргізілді – жерасты сулары 3 м тереңдікте болатын, ал бұл жердегі топырақтың өзі әлсіз, сондықтан жобалаушылар іргетасты нығайтуды ұйғарды. Ғимараттың ортасына іргетасты кеңірек әрі тереңірек, жиектерін әлсіздеу етіп салды. Әрі қарай осы үйдегі коммуналдық желілерден үнемі су жылыстауы салдарынан жерасты сулары көтеріле бастады. Үйдің ортасындағы қабырғаларда бесінші қабатқа 10 см-ге дейін сызат түсе бастады. Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік, Алматыдан мамандар келді. Жерасты (кәріздік) суларын өлшеу олардың жоғарыға бар болғаны 40 см-ге көтерілгенін көрсетті. Топыраққа судың бұлай шоғырлануы салдарынан топырақ шөге бастады. Жағдайды түзетуге тырыстық – әлсіз бөліктегі іргетасты нығайту үшін көлбеу ұңғымаларды бұрғылап, оларға сұйық шыны құйдық. Еш нәрсе көмектеспеді, үй құлай бастаған соң, оны күреп тастауға тура келді.

БАҒАНАЛАРҒА СЕНУГЕ БОЛАДЫ

– Бұрын Атырауда 2-3 қабатты үйлер, әрі кеткенде 5 қабатты үйлер салынатын. Ал, қазір бізде 9 қабатты да, 15 қабатты да үйлер көп. Бұл қауіпті емес пе?

– Соңғы жылдары құрылыс технологиясы өзгерді. 50 жыл бұрын ленталы іргетас құятын. Оны 4 қабатқа дейінгі ғимаратты салу кезінде қолданады. Қаладағы бірінші бес қабатты ғимарат Сәтпаев даңғылы бойындағы «Атырау» қонақ үйі болатын. Ғимарат тәжірибе ретінде салынды. Оның іргетасы жобаланып, тұтас плита түрінде жасалды. Көріп отырғаныңыздай, ол сенімді болып шықты, қонақ үй әлі тұр. Кері мысал – Азаттық даңғылы бойындағы ескі екі қабатты үйлер («торговая база»). Олар қатты шөгіп кеткен. Дәлірек айтқанда, кезінде ол жерде іргетасты құю кезінде дәл есептеулер жасалмаған.

«Атырау» мейманханасымен ойдағыдай тәжірибе жасалғаннан кейін бес қабатты үйлер қарқынды салына бастады. Олардың бәріне бағана қағылған. Бағаналарды қағуды бүгінгі күні де қолданады, бұл біздің топырағымыз үшін анағұрлым сенімді нұсқа. Қаладағы ең биік ғимарат – 22 қабатты «Мариотт» қонақүйі де бағаналар мен бетон тақтаның үстінде тұр. Жобалаушылар ғимарат салмағын көтеруге шыдамды болу үшін бағаналардың аралығын есептейді. Бағана қаққаннан кейін оларға салмақпен сынақ жүргізеді. Биік ғимарат тұрған жердегі топырақтың қаншалықты шөгетінін және іргетастың қандай болатынын бақылау керек. Бақылау бағаналар қағылған сәттен бастап жүргізіледі. Ол үшін топыраққа және ғимарат корпусына арнайы геодезиялық белгілер салынады. Құрылыс кезеңінде бақылау әр ай сайын немесе жұмыстың белгілі бір кезеңінен кейін жүргізіледі. Құрылыс аяқталғаннан кейін – жарты жылда екі рет, бір жылда екі рет, бес жылда бір рет, он жылда бір рет толықтай шөгу тұрақталғанша жүргізіледі.

Мұндай бақылауды көпірлерге де жүргізуге болады, олар да уақыт өте келе шөгеді. Бүгінде бұл бақылаулар жүргізіле ме, жоқ па, айту қиын. Бұл тұрғыда «Мариотт» әкімшілігінен басқа біздің мекемемізге ешкім жүгінген жоқ.

– Атыраудағы көлік иелері жаңа көпірлерде жапсарланған жіктердің қатты байқалып тұратынына шағымданады. Бұл олардың шөгуін білдіре ме?

– Мүмкін. Жіктер бағаналарға тура келеді. Бірақ факт емес. Мұндай өзгерістерге ауа температурасы да әсер етуі мүмкін. Қыста төменгі температура кезінде бәрі сығылғанда олар анағұрлым көп, ал жазда аз байқалуы мүмкін.

– Қазір Жайық жағасына көп қабатты үйлер көп салынған...

– Олардың барлығы бағананың үстінде тұр. Олардың астындағы топырақ шайылып кетуі мүмкін деп қауіптенудің қажеті жоқ. Бағаналар терең қағылған кезде мұндай жағдай орын алмайды. Коммуналдық желілерден ағатын сулар анағұрлым қауіпті. Бір  мысал. Облыстық перзентхана аумағында жағалауға жақын кір жуатын орын ғимараты болды. 90-жылдары ол жердегі ішкі қабырғаларға жарықтар түсіп, кейбірі үш сантиметрге дейін жетті, едендер қисайып, ісініп кетті. Себебін анықтай бастадық – сөйтсек, жақын маңнан тұрғын үйлердің жылу трассасы өтеді екен, одан үнемі су ағып, су топырақты шайып жіберген. Нәтижесі осындай.

ЛЕСХОЗДЫҢ СЕПТИКТЕРІ ТОЛЫ

– Жаңа ықшамаудандарда орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған жеке үйлердің қожайындары септиктер орнатады. Көбінесе үнемдеу мақсатында ағын сулар топыраққа сіңу үшін түбі жоқ сыйымдылықтар жасайды. Мұның зияны бар ма?

– Топырақтағы шұңқырларға, әрине, зияны бар. Уақыт өте келе тағы бір проблема түзіледі. Лесхоз ықшамауданын алыңыз – ол жерде тұрғындар септиктерді су жерге кетсін деген есеппен салған. Бірақ біздің жоғары деңгейдегі жерасты сулары бар сазды топырағымыз оны шектеусіз мөлшерде қабылдай алмайды. Жерге құйылатын нәрсенің барлығы уақыт өте келе оның беткі қабатына көтеріледі. Нәтижесінде қазір Лесхозда суға кеткен жертөлелер мен шалшықтанған аумақ бар. Мұндай көрініс суды қадағалаусыз төгіп жатқан әр жерде орын алуы мүмкін.

«ШҰҢҚЫРДЫ КӨМІП, ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫН»

– Атыраудың кейбір тұрғындарына бұрынғы құм карьерлері аумағынан жеке тұрғын үй салуға жер телімдері бөлінеді. Адамдар оларға құрылыс қалдықтары мен құм төгіп, содан соң үй салады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Бұл мәселеге ақылмен келу керек. Қандай топырақ төгу керектігін есептеу үшін болашақ құрылыс орнындағы топырақтың қасиетін зерттеу керек. Осыдан кейін топырақты қалыңдығы 30 см етіп төгіп, әрбір қабатты міндетті түрде нығыздап таптау керек. Егер бұлай жасамаса, уақыт өте топырақ шөгіп, ғимаратқа сызат түседі.

Доссорда жаңа мектеп салынды. Оқу жылы басталар алдында су жаңа ғимараттың іргетасында жарықтар пайда болды. Сірә, мектеп салынған жердің қабаты көлбеу болған, ғимараттың салмағы түскен кезде біркелкі емес шөгу басталған.

–Атырау тұрғыны ретінде мені мұнай өндіру нәтижесінде жер астында түзілетін қуыстар туралы мәселе алаңдатпай қоймайды.

– Оларды сумен толтыратын сияқты. Алынған мұнайдың орнына айдалатын судың көлемін қадағалайтын адам бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Бірақ қайғылы мысал есіме түсті. Сахалиндегі Нефтегорск поселкесі осыдан 20 жыл бұрын 17 секунд ішінде жер сілкінісінен кейін түгелдей қираған еді. Алайда сейсмоқауіпті ауданға жатпайтын...

Жер қойнауында үнемі әлдебір процестер орын алып жатады, оларға бақылау жасап отыру керек. Атап айтқанда, мұнай кеніштерінде және іргелес аумақтарда бақылау жасаған маңызды. Тіпті, топырақ бетінен жасалған бақылау да көп нәрсе айта алады. Ол үшін ахуалды түсіну, орындаушылардың кәсіби біліктілігі және тиісті қаржыландыру керек.

Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті түсірген автор

27 маусым 2017, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.