Атырау, 27 қараша 12:51
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Журналистер күні. Нью-Йорк және Фриско

Сурет Бейнежазба
6 236 просмотра

АҚШ астанасынан әлем астанасы Нью-Йорк Ситиге қозғалдық.

Бұл жерде бізді танымал Fox news телеарнасындағы кездесу, Bloomberg news редакциясымен, Колумбия университетінің журналистика жоғарғы мектебінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан АҚШ Миссиясында және т.б. бірқатар кездесулер күтіп тұрды.



Ең әсерлісі күмәнсіз Bloomberg L.P. компаниясына баруымыз болды. Лексингтон авенюде орналасқан компания ғимараты бірнеше қабаттан тұрады, Нью-Йорктегі ең биік ғимараттардың бірі.  Биіктігі 264 метр болатын 55 қабаттық мұнарада дүкендер, кеңселер мен тұрғын-жайлар бар. Шатыры шыныдан жасалған әсерлі атриум аймағында алып Bloomberg L.P. ақпараттық компаниясының штаб-пәтері орналасқан. Дизайнына және кеңсені қамтамасыз ету үшін салынған инвестицияларға қарағанда, Блумберг-Тауэрде жұмыс жасау – үлкен арман, бұл сөзіме сеніңіз. 



Bloomberg L.P. бұл ақпарттық империя: қаржы нарығына арналған ақпарат провайдері, жаңалықтар агенттігі, арнайы теледидар арналарының, журналдар, сайттар, ұялы құрылғыларға арналған қосымшалар мен радиостанциялар тобы. Бас кеңседе 5500 адам жұмыс істейді, оның 2400-і репортерлер. Әлем бойынша Блумбергте 192 бөлімше бар, қызметкерлердің жалпы саны 19 мың адамнан асады.     

Кеңседе түсірілім жасауға тыйым салынады, әсіресе, мониторларды. Шамасы ақпараттың жылыстауынан қауіптенетін шығар – компания үшін бүкіл әлемдік дерекқор қолжетімді.

БІЗ ДЕ ТӘУЕКЕЛ ТОБЫНДАМЫЗ

Баспасөз еркіндігі мен журналистік мамандыққа төнетін қауіп туралы Журналистерді қорғау комитетінде (Committee to protect journalists, CPJ) өткен брифингте айтылды. Комитет директорының орынбасары Роберт Махони баспасөз еркіндігі туралы жазады және айтады, Ирактан бастап Шри-Ланкаға дейінгі шиеленіс нүктесіндегі CPJ миссияларына жетекшілік етеді. Дүние жүзі бойынша Reuters агенттігінің репортері және редакторы болып жұмыс жасаған. Журналистиканың қауіпсіздік статистикасы қайғылы, Махони журналистерге жасалған шабуылдар туралы, CPJ арқасында әлемнің кез келген нүктесіндегі журналистерді қолдау және қолдаудың қолжетімді механизмдері туралы әңгімеледі.

Шиеленіс нүктелерінде тек әскери журналистер ғана қаза болып жатқан жоқ, көбінесе сыбайлас жемқорлық жанжалдарын тергеуші журналистерді өлтіріп кетіп жатыр.

1992 жылдан бері дүние жүзінде 1243 журналист өлтірілген, бұл тек ресми расталған мәліметтер. Құжатталмаған өлтіру фактілері де бар, бұлар тағы 489 адам. Өткен жылы бұл цифрлар тиісінше, 48 және 29 адамды құрады.

Сондай-ақ, журналистер жаппай бостандықтарынан айырылады, бытыр әлемде 259 журналист қамауға алынды, бұл тек расталған мәліметтер.

Өкінішке орай, бұл мамандық ешқашан қауіпсіз болмайды. Өлтіру фактілері сөзсіз орын алады, өйткені журналистер террористік жанжалдар жағдайында жұмыс жасайды. Мәселен, наркокартельдердің қызметін жария етеді, өздері қаза болады, өйткені қажетті жұмысты орындап, саяси жанжалдарды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашады... Біз түрлі елдерді назарға аламыз. Мәселен, үш жыл бұрын Америкадағы өте сыни репортаждар сериясы экс-президент Барак Обаманың әкімшілігі тарапынан қырын-қабақ реакция тудырды. Ол БАҚ-тарда ақпараттың шығып кетуіне қатысты нағыз озбыр соғыс жүргізді. Ол БАҚ-тарда ақпараттың шығуына қарсы бағытталған жүздеген актілерге қол қойды. Бұл демократияға зиян келтіреді, үкіметтің қоғам тарапынан бақылауға алынуын төмендетеді және журналистерге өз жұмысын орындауға кедергі келтіреді.

Ал, американдық БАҚ-тардың жаңа президент Дональд Трамппен қарым-қатынасы сайлауалды науқаны кезінде нашарлап кеткен еді. Оның бұрыннан келе жатқан CNN, ABC, CBS, NBCNews, New York Times телекомпаниялары мен басылымдарының журналистерін «американ халқының дұшпандары» деп атаған твиттердегі жанжалды мәлімдемесін түрлі спикерлер болған кездесуде атап өтілумен болды.

Бүгін, басқа танымал президент Эрдоғанның өкілеттігінің өзгеруіне  байланысты, CPJ мәліметі бойынша, түрік журналистерінің жағдайы нашарлаған: бірнеше адам қазір абақтыда жатыр және заңдық қорғауға мұқтаж. Жақында біреуін Францияға алып кетті, өйкені оның өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп өте жоғары. Біздің топтың құрамында австриялық журналист Эва Зелечовски болды. Ол Кремльдің Европа саясатына ықпалы, атап айтқанда, оның пікірінше, президент Путиннің әкімшілігі қаржыландырып отырған ресейлік насихаттау тақырыбында кітап басып шығарып, сол тақырыпты зерттеуді жалғастыруда. Ол бүгінгі Ресейде нағыз журналистік еркіндікке орын жоқ деп есептейді. Ол Махониден тәуелсіз Ресей журналистикасын жаншу саясаты қай уақыттан бері бар екенін сұрады:

- Қалай ойлайсыз, билік басында Владимир Путин тұрғанда бұл ахуал өзгере ме?

- Өзгермейді деп ойлаймын. Путин билікке теледидар мен баспа БАҚ-тары арқылы келді. Олардың қатарында тәуелсіз басылымдар да болды. Бірақ олар бірен-сараң еді. Бұл Ресей секілді ауқымды ел үшін өте аз. Бүгінде бүкіл медиакеңістік Путиннің бақылауында.



ТАЙМС-СКВЕРДЕ НЕНІҢ ИІСІ ШЫҒАДЫ?

Қаланың ерекшеліктерімен танысу үшін кешкі сағаттар мен көптен күткен сенбі - демалатын күніміз қалды. Менің субъективті түсінігімде Вашингтон ырғақты өмір салтын ұстанған байсалды мырзаға ұқсайды. Ал Нью-Йорк Шьямаланның атышулы «Сплит» триллеріндегі алуан жүзді кейіпкер секілді, бұл wow-импульстердің әлдебір үздіксіз ағымы. Әйгілі Манхэттен аралы адамдарға жоғарыдан төменге қарап тұр, ал олар оның көк тіреген кварталдарының бойымен тоқтаусыз ағылып жатыр. Шулы, беймаза көшелердің бойымен адамдар өзенімен киіп-жарып өтесің, қай жаққа қарай қозғалсаң да, «теріс бағытта» боласың. Иіс сезіміне қиын тиеді. Егер өткіншілердің парфюмерлік шлейфін араластырар болсақ, алабажақ арбалардағы тәтті попкорнның хош иісі, өткір зәр иісі (түнде тіпті ең қымбат, маңғаз Fifth Avenue-дің өзі бомждардың билігінде болады), әр жерде сатылатын хот-догтардың иісі мен каннабистің естен тандыратын түтіні – мұның бәрі Манхэттеннің, дәлірек айтқанда, оның жүрегі, Таймс-сквер алаңы мен оған іргелес көшелердің  сөзбен жеткізе алмайтын хош иістерін елестетуге болады.

Таймс-сквер ешқашан ұйықтамайды. Түнде көшелерде сәл тыныштық орнап, адамдар сәл азаяды. Медициналық мақсатта Нью-Йоркта 2014 жылдан бері заңдастырылған марихуанының иісі айқын сезіледі. Бұл жердегі дәрігерлер каннабисті ресми түрде қатерлі ісік, СПИД, эпилепсия, паркинсон ауруын... емдеу үшін жәрдемші құралдар ретінде тағайындайды. Қазір бұл тізімге етеккір кезіндегі ауруды да енгізу туралы заң жобасы қарастырылуда.



Тіршіліктің қыз-қыз қайнап жатқанына қарамастан, анағұрлым байсалды қалалардағы секілді, адамдары ақ пейілді әрі сыпайы. Бұл жерде гугл-картаға қарап жіберіп, бағытын, қай жерде екенін  ықыласпен көрсетеді. Ал алыс жер болса, жетелеп апарып көрсетеді. Жол бойында бірер қошемет сөз айтып, қалай сезінетінімдігімді, көңіл-күйімді сұрап, артынша тәулік уақытына қарай жақсы күн немесе түн тілейді.



Америкада машиналар өте көп, бірақ жолдар одан да көп сияқты сезілді. Бұл биліктің сауатты жол стратегиясының нәтижесі дейді. Жолдар бос деуге болады. Жүргізушілер мені өздерінің пейілімен және шыдамдылығымен тәнті етті. Мен қызыл шамның соңғы секундтарында тұла бойымда жиырып алуға үйренгенмін, өйткені бұл сәтте жүргізушілер ызаланып, үздіксіз сигнал беріп, артқы бамперіңе нұқығандай қылып: әлі жолда тұрсың ба, жасыл түс жанайын деп тұр ғой дегендей алқымнан алады ғой?! Жаяу жүргіншілер жолын кесіп өтіп бара жатқан әйелдерге сыпайылағанда «сиыр құсап» деп күңк ете түседі. Бір күні өткелден өтіп бара жатып, ғажайып кадрға тап болдым. Күннің қызыл шапағы Манхэттеннің тар көшесінің тұзағына ілініп, ұзын сәуле тұп-тура маған түсіп тұрды. Мен айналама көз тастадым, машиналар болмады, содан соң телефонымды шығарып алып, түсіре бастадым. Шамасы, бірер секундқа алаңдап кеткен болуым керек, әлдебір дыбыстарға селк еттім: артымда бірнеше машина тоқтап, фотосессияның бітуін шыдамдылықпен күтіп тұр екен. Маған жақын тұрған американша үлкен джиптің әйнегін төмен түсіріп, күлімдеген ер адам: «Супер, иә? Сен керемет кадрды қағып алдың!» деді.



Сол Америкада жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережесін сақтамайды екен. Кез келген жерде, бағдаршамның кез келген шамы жанғанда жолдан өте береді. 11 күн ішінде жол апаты мен басып кету оқиғаларын көрген жоқпын. Оның үстіне, екінші күн болғанда менің өзім де ойыма келген жерден өте беретін болдым. Тіпті, екі рет тәжірибе жасап көрдім. Рұқсатсыз жерден полицейлер тобының көз алдында өтіп кеттім. Олар елең қылмады, ал біреуі көзін қысып, қағазға оралған жаңғақ ұсынып: «Жейсің бе? Осы бұрыштағы ең тәттісі!» деді. Бұл факт бойынша округ полициясының жұмысына төрелік етпей-ақ қояйын, алайда 8 миллион халқы бар Нью-Йорктің көшелері Вашингтондағы секілді жалғыз турист үшін қауіпсіз болып шықты.



ОСЫ ТАРАУДЫ САҚТАП АЛЫҢЫЗ

Біздің репортерлік триптегі үшінші штат – шуақты Калифорния. 30 градустық Нью-Йорк ыстығынан біз, менің өлшемім бойынша, өте желді, салқын Сан-Францискоға – 13 градус жылылыққа ауыстық.



Inside.com

Сан-Францискода өте қызықты және әзірге орыс тілді интернет-сегментке мүлдем белгісіз стартап inside.com кеңсесі орналасқан. Оның үстіне, ресурс туралы американдық Википедияда да ақпарат жоқ. Бас менеджер Остин Смит сайт идеясы туралы әңгімеледі. Бұл жазылушыларға арналған ақпараттық тақырыптық бюллетеньдер желісі. Тақырып ауқымды – жер жүзі, қалалар, Apple, Фейсбук, Трамп, дрондар, сыра, биткоиндер... Негізін салушылар растағандай, бұл тек сілтемелер тізімі ғана емес, оқиғалар туралы хабардар болу үшін жазылушылар білуі тиіс бүкіл қызықты жаңалықтардың немесе онымен байланысты басқа салалардағы тақырыптарға анализдер мен перспективалар туралы толық шолу. Жалпы, серфит сайты сіз үшін сапалы және тексерілген контентті жинайды, редакциялайды және тұрақты негізде сізге жөнелтеді. Міне, мәселен, Inside Cannabis бюллетенінің топтамасы: «Каннабис өнеркәсібі туралы қаржылық, заңнамалық, ауылшаруашылық және басқа барлық маңызды жаңалықтар». Егер қызығушылықтар кеңінен ашылса, онда Inside Space «жұлдыздарға қарайтындар үшін өзекті ақпарат жинап, ғарыштық саяхат, зерттеу және астрономия бойынша сіздің жол көрсеткішіңізге айналады. Галактиканың және біздің өз локальды күн жүйеміздің қалыптасуынан бастап, Халықаралық ғарыштық станциясының мәлімдемелеріне дейін...».



Snops.com

1994 жылы Дэвид Миккельсон (суретте) Snopes.com сайтының негізін салды. Ол өзінің әуесқойлық нәтижелерін – қала аңыздары деп аталатын зерттеулерін сала бастады. Уақыт өте келе сайт ғаламтордағы танымал тұлғалар айтқан қауесеттерді, сөздерді, күмәнді фактілерді тексеретін ең көне және ең ықпалды сайтқа айналды. Бүгінде snops.com ABC World News, CNN Sunday Morning, The New York Times, Los Angeles Times, The Washington Post, The Wall Street Journal…сілтеме жасайтын әлемдегі негізгі фактчекингтік ресурс. Сайт мақалаларының деңгейі соншалықты сенім дәрежесіне ие екендігі сондай, АҚШ пен Канаданың мектеп жүйесінің оқулықтарына енгізілген. Сайттың негізін салушы Дэвид Миккельсон тұсаукесерде атышулы мысалдардың бірі ретінде бір-біріне туған аға-қарындас, егіздер болып келетін отбасылық жұпқа қатысты жағдайды баяндады. Биылғы жылдың сәуірінде таралған АҚШ пен Ұлыбритания жаңалықтар ресурсындағы (Daily Mail, Fox News, Mirror және басқаларды қосқанда) мақалада олардың бедеуліктен емделіп жүргені, сол кезде ұрықтандыру орталығының дәрігерлері оларды ДНК-лерінің толықтай сәйкестігін анықтағанын растайды. Snopes.com бұл жаңалықтың жалған екенін дәлелдеп берді. Бірақ ол сол уақытта бүкіл жер шарына тарап кеткен еді. Ал мұндай фейктің өткен жылдың желтоқсанында «Денверлік инспектор» газетінің жалған жаңалықтар сайтынан тарағанын іздеу жүйесі арқылы тауып, анықтау жеткілікті еді. Біздің бірінші сәуірдегі данышпан математик туралы әзілімізге салмақты «Форбс» журналын қосқанда, бүкіл қазақстандық сайттар да дерлік сеніп қалған болатын. Біздің бұл әзілімізді әріптестеріміз емес, әзілқой оқырманымыз гуглдың көмегімен біз келтірген «фактілерді» орын-орнына қойып берген еді.

Алайда жалған жаңалықтардың бәрін гуглдың көмегімен тексеру оңай емес; әрине, көп еңбектенуді, тіпті, ғылыми зерттеу жұмысын қажет ететін ақпараттық себептер көп.

Electronic Frontier Foundation (EFF) үкіметтік емес ұйымы киберқауіпсіздік бойынша кеңес берумен айналысады. Анықталғандай, олар бүкіл дүние жүзі бойынша тапсырыстарды орындайды, соның ішінде қазақстандық үкімет бөлімшелерінің бірі үшін қорғау бағдарламалық жасақтамасын орнатқан. EFF мамандары бүкіл пайдаланушыларды құпиялалықпен қамтамасыз ету үшін және мемлекеттік бақылау мен араласудан қорғау үшін өз құрылғыларын шифрлауға шақырады. Олардың растауынша, қолжетімді құралдардың бірі - https-шифрлау хаттамасы. Ол бақылауды, зиянды бағдарламалық жасақтамалардың орнатылуын бұғаттап тастайды. ҮЕҰ мәліметі бойынша, олардың  «Https everywhere» жобасының арқасында бүгінгі күні дүние жүзінде бес миллионнан астам интернет-пайдаланушы өз құрылғыларына шифрлау құралын орнатып алған.



Wikimedia foundation базасы - Сан-Францискода. Бұл біздің танымал көмекшіміз Википедияны құрған қор. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры Джульетта Барбара оның жұмысының қалай басталғанын әңгімеледі:

- 2001 жылдың қаңтарында ағылшын тілінде алғашқы және бірден бір нұсқасы жұмысын бастады. Наурызда 11 тілде, бүгінде Википедия әлемнің 300-ден астам тілінде қолжетімді болды. Викидің негізгі принциптері – бейтараптылық және ашықтық, біздің авторларымыздың барлығы қарапайым пайдаланушылар, мұнда кез-келген түзетулер бейнеленеді.

Вики үшін мақалаларды халық энциклопедиясы идеясына берілген еріктілер жариялайды, олар әлемнің кез-келген нүктесінде –Үндістанда, Иракта, Нигерияда, Қытайда... жүздеген мыңдап саналады. Дегенмен, олардың арасында цифрлық әлемге оңай бейімделген егде жастағы авторлар да бар. Арменияда, мәселен, «Википедия» әжесі Сусанна Мкртчан тұрады. Дерекқорлар мен жүйелік зерттеулер саласының профессоры ағылшын тілін жақында ғана үйреніп, оны тәжірибе жүзінде қолдану үшін ағылшын тіліндегі Википедияны армян және орыс тілдеріне аударуды ұйғарды. Ол, сондай-ақ, редакциялаумен әуестенгені соншалық, сайт әкімшілерімен және редакторларымен кездесіп, Wikimedia Armenia тарауын ашып, оның алғашқы президенті атанды. Сусанна өзінің бүгінгі өмірін былай деп сипаттайды: «Мен сорпа пісірмеген кезде, Википедиямен жұмыс жасаймын».

Мен үшін тағы бір жаңалық Udemy оқыту сайты. Бұл өздігінен білім алуға және адамдар дағдысын дамытуға арналған алтын арқау. Керемет ресурс! 45 мыңнан астам онлайн-курстар – бизнес, жеке даму, дизайн, маркетинг, фотосурет, софт, сурет салу, тоқу, ән айту, тілдер... Тіпті, ол жерде не жоқ екенін білмеймін. Мұның бәрі бір курс үшін 15 долларға жасалады. Негізгі масса ағылшын тілінде, бірақ көпшілігі аударылып, орыс тілінде жасалған. Балалар курсының блогын дамыту сәл қалыс қалған, бірақ бизнес дамыту жөніндегі менеджер Моника Челлам қазір компанияның бұл бағытпен жете айналысып жатқанын, демек, таяу арада балаларға арналған курс тақырыптарының қарқынды дамуын күтуге болатынына мені сендірді. Оқығаны туралы сертификат ресімдеу мүмкіндігі де бар. Ресурс олар қызмет ұсынатын пайдаланушыларды ғана емес, авторлық курстарды жасаушыларды қажет ететіндігімен де жақсы. Бұл өз тәжірибелерімен және білетін нәрселерімен басқаларға қолжетімді формада бөлісуге және осы арқылы сайтпен бірге табыс табуға дайын кәсіпқойларға арналған толыққанды жұмыс алаңы.



АЯҚ ЖУУ МА НЕМЕСЕ ДАЛАҒА ШЫҒАРУ МА?

San Francisco examiner және SF Weekly газеттері редакциясындағы әріптестер жалпы АҚШ үшін, әсіресе, Сан-Франциско үшін баспанасыздар проблемасының өте өзекті күйде қалып отырғанын мойындады. Бұл туралы сұрамау мүмкін емес еді – Нью-Йоркте үйсіз-күйсіз жүргендер көп, бірақ Сан-Францискода олардың көптігіне қайран қаласың. Көбінесе, бұлар дені сау, жас, түр-бітімдері келісті адамдар. Миллионерлер қаласында бомждарды (СФ-да олардың саны орташа алғанда жоғары, бүкіл ел бойынша тек Нью-Йоркте жоғары) салыстырмалы жұмсақ климат, жергілікті тұрғындардың жылы шырайлы көзқарасы және үйсіздерді қолдау бағдарламасына қомақты қаржы бөлетін жергілікті биліктің анағұрлым либералды саясаты қызықтырады. Олар әлеуметтік бағдарлама пакетіне - ...түнгі кереуетке, ыстық тағамға, жұмыс табуға көмекке, әкімшілік көмекке үміттене алады. Бұл жерде үйсіздерге шынымен де адами тұрғыда қарайды. Мен супермаркеттен өздеріне бір нәрсе сатып алғанда, кезекте тұрған үйсіз жанның чегін де төлегенін көп көрдім. Немесе азық-түліктер сатып алып, түнде бүкіл орталық көшелердің бәрі дерлік айналатын жақын «тұраққа» апарады. Америкадағы үйсіз жандар құқығы ыждағатты салық төлеушілердің құқығымен тең. Маған түнде жеке емханада медициналық көмек көрсету үшін жаман иіс шығатын бомждың аяғын жуғаны туралы әңгімеледі. Егер емхана оған қызмет көрсетуден бас тартса, ол лицензиядан айырылуы мүмкін еді. Заң осындай. Айтпақшы, бомжды рұқсатсыз камераға түсіріп алуға да болмайды. Егер ол талап арыз жазып, сізді сотқа берсе, рұқсат етілмеген түсірілім сіздің қалтаңызды ойсыратуы мүмкін. Американдық бомждар билігін көрме қарсаңында далаға шығарса, олармен есептесу үшін ешқандай бюджет жетпес еді. Мұндай мэрді жұртшылық быт-шыт қылар еді.  



Бомждардан басқа, Сан-Францискода секс-азшылық өкілдеріне қатысты өте төзімділікпен қарайды. Дүние жүзінің ЛГТБ астанасы бұл күндері кемпірқосақ апталығын тойлады. ЛГТБ-ның жеті реңді еркіндік символы Юнион-сквердің орталық алаңында, көшелерде, мейрамханаларда, киімдер дүкендері мен супермаркеттерде, тіпті, жергілікті әкімдікте желбіреп тұрды. Осы жерде Мексика тумаларының көп болуы бұл елдің шекарасымен салыстырмалы түрде жақын болуын түсіндіреді. Бірақ бұл жерге азиаттарды тартатын не нәрсе екенін білмеймін: меніңше, олар бұл жерде мексикалықтарға қарғанда көп. Сондықтан маған бұл жақта өзгеше қолайлы болды!



Бар болғаны бос болған екі күнгі кешкі уақытта осынау орынға (ол жерге теңізбен 2 сағатта жетіп, кері сол уақытта қайтуға болады) баруға мүмкіндік болмады. Есесіне, ол көрініп тұратын мейрамханадан кешкі ас іштім. Түнерген Алькатрас түрмесінің тарихында одан бірде-бір тұтқын қашып шыға алмаған. Әлемдегі ең танымал әрі өздеріне қол жұмсайтындар көпірі ретінде әйгілі болған Алтын Қақпа көпірі әсерлі көрінеді. Орташа алғанда одан әр екі апта сайын адамдар құлап өледі. Осынау ғажайып сұлу жерде бұл адамдардың мұндай әрекетке баруына не итермелейтінін білмеймін: нәзік қызыл көпір әдемі-ақ, бірақ жағалаудағы көне орман, теңіздегі ақталған үйлер, бұралаң соқпақтар, хоббиттік туннельдермен шимайланған төбешіктер, су үстіндегі шағалалар шуылы мен ну тоғай арасынан шыққан бұлбұлдардың сайрауы: «Өмір сүр» деп айқайлайды. Бұл жерде, тіпті, аштан өлуге мүмкіндік бермейді.



GREAT ЖӘНЕ КРЕМ-ЧИЗ

Ел өмірін бар болғаны бір апта жарым уақыт белсенді түрде бақылап, не айтуға болады? Оның мінсіз еместігі сөзсіз, бірақ ұлылығын атамасқа болмайды. Оны суреттеу үшін great сөзі әрі қысқа, әрі нұсқа ұғым болмақ. Сөздік бұл сөз үшін  үлкен, ұлы, үздік, зор, керемет, тамаша, әдемі, қомақты, күшті, көрнекті, маңызды деген 11 лексикалық мағына береді. Олардың әрқайсысы осы елді айқын сипаттайды. Әр great! деп айтқан сайын, Америка туралы дәл сипаттап айтқаның. Алайда енді менде «great» сөзі тағы бір жеке нәрсемен сабақтасып жатты. Бірде таңғы ас кезінде жаңа піскен тәтті нанның үстіне еріп жатқан крем тәрізді массаны берді. Мысырлық Инджи: «Балмұздақ па?» деп таң қала болжам жасады. Жолсапарымызда бізді алып жүрген Вашингтон шетелдік баспасөз орталығының өкілі Мираим сәл ғана кекесінмен: «Америка, әрине, ұлы ел, бірақ таңғы асқа балмұздақ беруге әлі үйрене қойған жоқпыз» деді. Бұл крем-чиз болатын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

26 маусым 2017, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.