Атырау, 19 сәуір 12:59
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жолаушылар өтемақы алуға құқылы

1 918 просмотра

– Бірер апта бұрын Астанадан Атырауға ұшатын ұшақтың ұшу мерзімі кешіктірілді. Әуе компаниясының қызметкерлері ұшуға жарты сағат қалғанда рейстің кідіретінін хабарлаумен ғана шектелді. Сол уақыт ішінде осындай жағдай орын алғанда тиесілі ішіп-жейтін тағамдар ұсынған жоқ. Сол күні кешке Астанадан көп рейстерді кідіртті. Олар бұған «ұшақтың кешігіп жетуіне байланысты» деген ресми себеп  айтады. Әуе тасымалдаушыда ұшуды кешіктіргені үшін жолаушылар алдында қандай да болмасын жауапкершілік бола ма?

Телефон арқылы

«Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ комментарий береді:

– Мұндай жағдайлар орын алып тұрады және заң шығарушылар бұл жөнінде қарастырған. Мұны азаматтардың бәрі бірдей біле бермейді. Мұндай жағдайда кез-келген жолаушы өзіне тигізілген қолайсыздықтар үшін өтемақы алуға құқылы. 1994 жылғы 21 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңның (әрі қарай - заң) 18-бабында, тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн Жүк және теңдеме жүк тасымалдау ережелерiмен анықталған мерзiмде тиiстi жерiне жеткiзуге мiндеттi делінген. Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалы кiдiрген жағдайда тасымалдаушы, егер зиян келтiрiлген болса, жолаушыға оны өтеумен бiрге, кiдiрістiң әрбiр сағаты үшiн билет құнының 3 пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi.

Жолаушы өндiрiп алған айыппұлдың сомасы сатып алынған билеттiң құнынан аспауға тиiс. Бұл айыппұлдың барлығына: тек әуе ғана емес, теміржол, автомобиль көлігі және т.б. тасымалдаушыларға да қатысты екенін атап өткен жөн. Рейстер 10 сағатқа және одан да көп уақытқа кiдiрген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларға өз есебiнен мейманханадан орын алып берiп, тамақтандыруға мiндеттi.

Теңдеме жүктi жеткiзiп берудi кешiктiргенi үшiн тасымалдаушы теңдеме жүктi алушыға кешiктiрген мерзiмнiң әрбiр тәулiгiне тасымал үшiн төленген ақының 10 пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол тасымалдау үшiн төленетiн ақының 50 пайызынан аспауға тиiс. Жүктi жеткiзiп берудi кешiктiргенi үшiн тасымалдаушы жүктi алушыға кешiктiрген мерзiмнiң әрбiр тәулiгiне тасымал үшiн төленген ақының 5 пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол тасымалдау үшiн төленетiн ақының 50 пайызынан аспауға тиiс.

Алайда егер жүктi немесе теңдеме жүктi жеткiзiп берудiң кешiктiрiлуi тасымалдаушының кiнәсiнен болмаса, ол кешiктiру жауапкершiлiгiнен босатылады.

Оның үстіне, заңның аталмыш нормасы, тасымалдаудың кiдiруiне байланысты, егер мұндай жағдай орын алған болса, теңдеме жүктi немесе жүктi жөнелтушi немесе алушы шеккен зиян үшiн тасымалдаушы жауапты болатынын қарастырған.

Сондай-ақ, бұл бапта жолаушының өтiнiшi бойынша оған тасымалдың кiдiру себебi туралы ресми құжат беру немесе билетiне белгi соғу қарастырылған.

Қызмет тұтынушыны қорғау шарасы 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының №182 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе жолдарында Жолаушыларды, жүктер мен теңдеме жүкті тасымалдау ережесінің 79-тармағында да бар. Соған орай, кез келген жолаушы немесе әуе компаниясының қызметін тұтынушы тасымалдаушының кінәсінен қандай да болмасын қолайсыздыққа тап болса, өтемақы алуға немесе зиянын өтетуге құқылы. Ол үшін жолаушыға міндетті түрде белгілі бір әрекет ету тәртібін сақтау қажет.

Заңның 17-1-бабына сәйкес, тасымалдаушыға тасымалға байланысты дау жөнiнде талап-арыз бергенге дейiн оған мiндеттi түрде талап қойылады. Талап үш айдың iшiнде, ал айыппұлдар мен өсiм төлеу туралы талап бiр айдың iшiнде қойылуы мүмкiн. Әдетте, көлік компанияларының мұндай талаптарды алғаннан кейін артық сөзге келместен, айыппұлдарды төлейтінін тәжірибеден көріп жүрміз. Тек талапқа билеттің, жеке бас куәлігінің көшірмелерін, деректемелерді тіркесе болғаны. Егер тасымалдаушы сіздің талабыңызды елең қылмаса немесе қойылған талап қабылданбаса, мәлiмдеушiнiң талап-арыз беру құқығы пайда болады.

14 наурыз 2012, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.