Вашингтон - АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен журналистер тобы үшін Шетелдік баспасөз орталығы ұйымдастырған «Медиасауаттылық және баспасөз еркіндігі» турының аясында мен танысқан американдық үш қаланың біріншісі.
ТАНЫМАЛДАР ОРТАСЫ
Аспан көгінде 20 сағаттай уақыт үш рет орын ауыстырып ұшқаннан кейін қалжырап, Құрама Штаттардың астанасына да жеттім. Арамыздағы уақыт айырмашылығы – 9 сағат, джетлагтың (сағаттық белдеу ауысу синдромы) туындауы сөзсіз, сондықтан жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 7-де саналы түрде ұйықтауға кірісемін, өйткені таңертең алдын ала жоспарланған шараларға толы бағдарлама басталады.
Маған Австриядан бастап Африкаға дейінгі 18 елдің тәуелсіз басылымдары өкілдерінің қатарына ілігу бақыты бұйырды. Әлемдік танымал редакциялардың, жаңалықтар агенттіктерінің, телеарналардың, оқу орындарының, ықпалды мемлекеттік мекемелер мен журналистік ұйымдардың адам нанғысыз декорацияларында мазмұнды кездесулер кестесі дайындалды. Бізді қабылдаған спикерлердің кейбірінің өмірбаяны қайран қалдырады: танымал репортерлер (кейбірі Пулитцер сыйлығы) мен беделді профессорлар, аңызға айналған онлайн-жобалар мен әлеуметтік желілердің негізін салушылар, алып компанияларды басқарушылар мен жоғары лауазымды тұлғалар өз жұмыс кестелерінен өздерінің тәжірибелері туралы әңгімелеп, шетелдік журналистердің сауалдарына жауап беру үшін жеткілікті уақыт таба білген. Америка қалыпты қоғамдағы көптеген құндылықтарға көңіл бөледі, олардың бірі - БАҚ өкілдеріне деген айрықша құрмет.
КӘСІПҚОЙЛАР МЕКТЕБІ
Алғашқы болып бізді Американ университетінің Коммуникация мектебі қабылдады. Университет әлемдегі үздік 100 университет тізіміне кіреді. Сондықтан коммуникация факультетінде, тіпті, біздің тобымыздағы қалыптасқан редакторлар үйренетін нәрселер көп. Біздің бриферлер керемет. Университет профессоры Эми Эйсман журналистикадан, цифрлық контенттен және кәсіпкерлік бойынша сабақ береді. 2015 жылы Washingtonian журналының нұсқасы бойынша «Цифрлық Вашингтонның 100 техникалық алыбы» деп аталатын тізімге енген. USAtoday және USA weekend басылымдарына редактор болған, washingtonpost.com, Freedom Forum, Прага мен Мәскеуде Radio Free Europe/Radio Liberty-ге арналған семинарлардың авторы, White House Correspondents' Association Awards (Ақ үй тілшілері Қауымдастығының сыйлығы) қазылар мүшесі. Журналистика профессоры Линн Перри визуалды журналистика мен журналистік әдеп бойынша сабақ береді. USAtoday және The Tampa Tribune басылымдарының бұрынғы репортеры және редакторы, The Washington Post, Халықаралық журналистердің рыцар орталығы, Американ баспасөз институты және т.б. арналған журналистер семинарларының авторы. Профессор Чарльз Льюис – ұлттық журналист-тергеуші, ABC News-тің бұрынғы баспагері және CBS News 60 Minutes продюсері, алты бестселлердің авторы мен қосалқы авторы, Пулитцер сыйлығын алған екі коммерциялық емес жаңалықтар ұйымының негізін салушы. «Журналистика энциклопедиясына» ол «Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ-тың танымал журналист-зерттеушілерінің бірі» ретінде енгізілген. Профессор Льюис Гарвард және Принстон университеттерінде жұмыс жасаған тәжірибесі бар, журналистік тергеу жөніндегі курстың авторы.
ШЫНАЙЫ ТӨРТТІК
Бұл күні қызмет еткен 147 жылда 47 Пулитцер сыйлығын алған TheWashingtonPost кеңсесінің редакторларымен кездесу ең жарқын әсер қалдырды. АҚШ-тың көне газетінің қызметкерлерінің пікірінше, The Washington Post пен The New York Times американдық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына және заманауи келбетіне анағұрлым ықпал еткен медиаресурстар болып табылады.
Бұлар шынайы төртінші билікті бейнелейді және журналистиканың дәстүрлі стандартын қамтамасыз ететін анағұрлым тұрақты, аңызға айналған американдық екі басылым.
Редакцияның Вашингтондағы негізгі кеңсесі – ауқымды, дәлірек айтқанда, тәулігіне 24 сағат бойына әлемнің кез келген нүктесіндегі оқиғалар туралы өзекті мазмұндағы контентті шығаратын кеңістік. Бұл орташа трафикті тәулігіне 9 миллионнан астам оқылымда, ал дүниежүзілік ірі сенсация болған күндері, мәселен, біз барған күндерде секундына 92 мыңға дейін және тәулігіне 12 миллионға дейін оқылымда «ұстап тұруға» мүмкіндік береді - адамдарды жақында өткен Лондон терактісінің егжей-тегжейі қызықтырады. Жер шарындағы жаңалықтарды өңірлік 4 бөлім бақылап отырады, ондаған арнайы бөлімдер аналитикалық құрамын дайындайды. Бізді тур аясында журналистік тергеу және фактчекинг бөлімдері – Қазақстандағы жаңа, бірақ АҚШ-та өте дамыған медиабағыт, фактілердің шынайылығын тексеру жөніндегі ақпарат қызықтырды. Арнайы бөлім командалары өз тәжірибелерімен және атқарған жұмыстарымен таныстырды. Бриферлердің бірі, АҚШ-тағы кеме жасау өнеркәсібінің көлеңкелі тұстарын тергеумен айналысқаны үшін 1998 жылғы Пулитцер сыйлығының жүлдегері болған, The Washington Post бас редакторының шетелдік жаңалықтар жөніндегі орынбасары Уилл Энглунд АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың Ресеймен өте тығыз және терең байланысы туралы американ қоғамында таралған күдіктермен, бұл оның көзқарасы бойынша елдер арасындағы қарым-қатынастың объективті дамуына кедергі келтіруі мүмкін деген ойымен бөлісті. Оның пікірінше, ұзақ мерзімді болашақтағы бұл көңіл-күй екі елге де пайда әкелмейді.
- Адамдар осыған алаңдаулы, олар бұл туралы көбірек білгілері келеді, - деді Энглунд.
Литвалық журналистің Ресей тарапынан еуропалық көршілерге ықтимал қаупі туралы сұрағына «Вашингтон пост» редакторының орынбасары былай деп жауап берді:
- Әрине, Ресей өте үлкен әрі қауіпті ел, бірақ мен бұл орын алады дегенге сенбеймін. Әскери көзқарас тұрғысында, Ресейдің едәуір залал тигізуге қабілетті екені сөзсіз, бірақ ол Еуропамен бейбіт қарым-қатынаста қалады және НАТО-ның қандай да болмасын мүше-еліне қарсы мұндай қадамға бармайды деп ойлаймын.
Кез келген журналист үшін кең таралған ақпарат көзінің бірі қауесет екені жасырын емес. Анықталғандай, американдық әріптестер үшін де солай екен. Соның ішінде, Ақ үйден келетін қауесеттер. Бірақ тек тексеріліп, расталған ақпарат қана жарияланады. Американ редакциясында мойындағандай, кейде олар да ақпаратты жеткілікті сенімді дәлел тапқанша айлап сақтауға мәжбүр болады екен. Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі басты проблема – бұл көбінесе бір күндік ресурстарда туындайтын фейк жаңалықтар. Энглунд Трамп туралы фейктердің, атап айтқанда, айтарлықтай үлкен аудиторияны жинағандығын және жинап та келе жатқанын айтады. Бірақ, АҚШ-тағы бұл құбылыс «вакцина» секілді қарсы құбылысты - жалған жаңалықтарды әшкерелеуге мүмкіндік беретін фактчекингті тудырды. Ол үшін Вашингтон постта, айтып өткенімдей, тұтас бір бөлім жұмыс істейді.
ҚАЗАҚСТАН - 157
Халықаралық саясат және американдық саяси дәстүрдің негізгі принциптерін ауқымды зерттеумен айналысатын
АҚШ зерттеу институты «Мұра» қорының (Heritage Foundation) өкілдерімен қазіргі заманғы әлемдік журналистика туралы әңгіме өте қызықты әрі ашық өтті. Тікелей міндетін орындау кезіндегі журналистің жеке қауіпсіздігі саясаты туралы Халықаралық журналистер орталығының (ICFJ) вице-президентінің орынбасары Элиза Тинсли әңгімеледі.
ICFJ орталығына келгенге дейін ол USA Today басылымында әлем жаңалықтары бойынша редактор болған. Ол Ауғанстан мен Ирактағы соғыстарды жарыққа шығару жөніндегі халықаралық бюрода жұмыс жүргізген, Кеңес Одағында ұзақ жылдар бойына жұмыс жасаған. Сонымен қатар, әскери іс-қимылдар аймағында жұмыс істейтін журналистер үшін қауіпсіздік саясатын әзірлеген.
Біз SunlightFoundation қорына (Күн жарығы) да бардық. Беделді коммерциялық емес бұл ұйым американдық үкіметтің және жергілікті, мемлекеттік, федералдық және халықаралық деңгейлердегі саяси іс-әрекеттердің есептілігі мен ашықтығын арттыру үшін американдық азаматтық технология құралдарын, ашық мәліметтерді, саясат пен журналистика анализдерін пайдаланады. Бүгінде ол, тіпті АҚШ Конгресі құлақ асатын ықпалды ұйымға айналған.
Жыл сайынғы «Әлемдегі баспасөз еркіндігінің индексі» әлемнің 180 еліндегі сөз еркіндігі мен БАҚ еркіндігіне баға береді. Сирия (177), Түркіменстан (178), Солтүстік Корея (179) және Эритреяның (180-орын) журналистеріне қиынға соғып тұр. Сондықтан картада олар қара түспен боялған. Біз 54.01 индексімен және «күрделі ахуал» деген тұжырымдамамен 157-орында тұрмыз. «Шекарасыз репортерлер» зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда БАҚ-тарға қысым жасау күшеюде, «өте қауіпті ахуал» индексінен қазақстандық тәуелсіз баспасөзді бір таяқша ғана бөліп тұр. Бір тармақ қосылса, бізді де қара түспен тұншықтырады. Салыстырар болсақ, Ресей 148-орында, Украина – 102, Қырғызстан – 88, АҚШ – 49-орында тұр. Өткеніміз бір болған, қазір 10-орындағы және баспасөз еркіндігін білдіретін ақ түске боялған шағын ғана Эстония керемет үлгі болады.
РЕСМИ АҚҚҰБА ӘЙЕЛ
Мен үшін АҚШ мемлекеттік департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бюросының қабылдауында болу өте әсерлі оқиға болды. Суық формальдылыққа толы көрінетін бұл жердің қожайындары іс жүзінде хаттамаға қарағанда көп нәрсені көрсетіп, біраз әңгіме айтты. Бізге жоспардан тыс АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Науэрт кіріп шықты.
- Сіздер бұл турға дүние жүзінің кез келген нүктесінде қысым көретін тәуелсіз баспасөз өкілдері болғандықтан шақырылдыңыздар. Мұның дүние жүзінде, тіпті, Америкада оңай жұмыс еместігі сөзсіз. Сіздер бұл жерде жаңа тәжірибе мен білім аласыздар деп сенемін, - деп нақтылап айтты аққұба сұлу әйел.
Брифингтен кейін БАҚ-пен халықаралық өзара әрекеттестік жөніндегі басқарушы директоры Ричард Буанган мемлекеттік департамент ғимаратына экскурсия жасап, мемлекеттік департамент фойесіндегі 250 елдің мемлекеттік символдары қойылған ұзын галереядан біздің туымызды суретке түсіріп алдым. Дипломатиялық мұралар мен түрлі елдердің сыйлықтарына бай музейден өзбек шапаны мен қырғыздың бас киімін тауып алдым. Өкінішке орай, Қазақстаннан бірде-бір сыйлық таба алмадым. Мемлекеттік департаменттің көгалданған ішкі ауласын жасырын суретке түсіріп алдым. Ол жерде түскі үзіліс кезінде йогамен айналысып жатқан қызметкерлерді байқап қалған едім. Біз тіпті, АҚШ президенттерінің мінберінен бір-екі селфи жасадық. Бұл мінберде әлемдік ауқымдағы маңызды жүздеген, тіпті, мыңдаған мәлімдемелер жасалған еді.
ФБ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Үш күн ішінде Вашингтоннан ондаған алаңдарды ауыстырып, өз ісіне берілген көптеген кәсіпқой мамандармен кездесіп үлгердік. Соңғы кездесуде Фейсбуктың бұқаралық саясаты үшін жауап беретін Энди О’Коннэлмен кездестік. Ол ең танымал әлеуметтік желіде қолданылатын жалған жаңалықтармен күрес жөніндегі шаралар туралы әңгімеледі. Айтпақшы, Фейсбуктің ағылшын тілді сегментінде өткен жылдан бері фактілерді тексеру опциясы жұмыс істейді, фейк жаңалықтар «false» жалаушасымен белгіленеді.
Алайда, мұндай сервистерді басқа тілдер үшін енгізу мерзімін О’Коннэлл нақтылай алмады. Бұл көп жұмысты қажет ететін бағдарлама және оны енгізу, әсіресе, фейсбукті жаңа нарықтардың, тиісінше, тілдердің де қарқынмен қамтитынын ескерсек, көп ресурстарды қажет етеді. Мен «дизлайк» функциясын енгізу жөніндегі жоспарлар туралы сұрадым. О’Коннэлл қолданыстағы эмоджи сызығы бүкіл бағалау пайымдарын білдіру үшін жеткілікті кеңістік береді деп есептейді. Сондықтан ФБ хейтерлердің жетегіне еріп кетуге асықпайды. Шамасы, әлеуметтік желіде жағымсыз бағалаулар толып кетпесін дейтін шығар.
ФБ-ның вашингтондық кеңсесінде қауіпсіздік саясатының мемлекеттік департаментке қарағанда анағұрлым қатаң екені таң қалдырды. Айта кету керек, мен тіпті «Фейсбук» маңдайшаларын еш жерден көрмедім. Бізге тек кеңсе қабырғасына «петроглиф» қалдырып, оны естелік үшін суретке түсіріп алуға рұқсат берді.
АСТАНАДАҒЫ СЕРУЕН
Өкінішке қарай, толық қамтылған жұмыс бағадарламасы қаланы аралап, серуендеуге көп уақыт қалдыра қоймады. Міндетті түрде көруге тиісті деп есептелген АҚШ әкімшілік қорғанын көруге мүмкіндік туды. Ақ үй - президенттің отбасы тұруы үшін бар-жоғы екі қабаты берілген, қалғандары қызметтік мақсатқа арналған қарапайым ғана жекежай болып шықты. Мені бәрінен бұрын Ақ үйдің солтүстік есігіне тура қарама-қарсы Лафайет алаңындағы басқа бір «баспана» қайран қалдырды. Қоршаудан бар-жоғы жүз метрдей жерде соңғы отыз жылда америкалық президенттердің көзіне сүйел болған ерекше плакаттары бар пластик шатыр орналасқан. Олардың Вьетнамдағы және Ирактағы соғысты тоқтату талабымен шыққанына ондаған жылдар болды. Соңғы талаптары – үйілген нәжіс түрінде, кешіріңіздер, бейнеленген Дональд Трампқа импичмент жариялауды талап етуде. Полиция мен Ақ үйдің күзет қызметі рахаттана камера алдына бой түзей қалып, туристердің қауіпсіздігі мен тәртіпті көз қырына алған және тыныштық бұзушыларға мүлдем назар аудармайды, өйткені, АҚШ Конституциясына енгізілген бірінші түзетулерге сәйкес, олардың сөз бостандығына заңды құқықтары бар. Бір қарағанда қаңғыбасқа әрі монахқа қатты ұқсайтын наразылық қозғалысының белсендісі Бери Морроу әңгімелегендей, олардың тобы бес адамнан құралған және олар бұл жерде наразылыққа 1981 жылдан бері шығып келеді. Айта кету керек, алғашқы ереуілші өз өмірі үшін наразылық танытқан Испаниядан келген эмигрант әйел Кончита Пичотто болды. Ол 35 жыл ереуілге шыққан, осы жылдың қаңтарында қайтыс болды. Ал оның орнын жолдастары басты және Вашингтонның осынау көрнекі жері туристер үшін босап көрген емес.
Жалпы Колумбия округінің орталығында ондаған ескі америкалық фильмдердің арқасында өзіңді өз үйіңде жүргендей сезінесің, барлығы таныс: Ақ үй, Линкольн мемориалы, Ұлттық аллея, екі шеті сорайған стела «Вашингтон монументі» және АҚШ билігінің символы - Капитолий. Ал, мына Джейн секірген («Форрест Гамп» фильміндегі осы көрініс естеріңізде болар?), шеті мәрмәр таспен көмкерілген жасанды тоған, АҚШ Жоғары сотының ғимараты («Народ против Ларри Флинта»), Жартылыстану тарихи музейі («Ночь в музее!), керемет Юнион Стейшн
(«Мадагаскардағы» Нью-йорк Орталық вокзалы)… 10 миль жерді жаяу қараңғыда бір өзің жүріп өткеніңе қарамастан айнала қауіпсіз әрі тыныш көрінеді. Тек бір сағат бұрын ғана орын алған шағын көрініс өз үйімді еске салды: әлдебір үкімет ғимараты алдындағы қиылыс бағдаршамында бірнеше ондаған адам жиналып қалған. Оларға полицей көлігінің жыпылықтаған жарығы түсіп тұр екен. Сол жерге жетіп, «Сіз шын айтып тұрсыз ба?!» деп таң қала айқайлап жіберген велосипедшімен қатар келіп қалдым. Бұл бар болғаны 5 минутқа созылып, кешікпей топтың у-шу, ысқырығымен үкіметтің бірнеше көлігі өтіп кетті. Мұның не екенін көрші қыз айтып берді. Бұл вице-президент Майк Пенстің кортежі екен. Біздің пендешілігіміз оларға да жат емес екен деп күрсініп алдым да, қиылыс арқылы өте бергенімде, біздің ақиқатымызға сай келмейтін ұнамсыз көрініске тап болдым. Бір күзетші қару секілді нәрсені үлкен қара джиптің жүксалғышына салып жатқан кезде, екіншісі жапондық туристермен көңілдене селфиге түсіп жатты. Не қылған адамдар бұлар?!
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА