Атырау, 24 қараша 04:16
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жетi атасын бiлмеу жетесiздiк

5 580 просмотра

“Халық жай тұрғындарға айналғанда өледі десек, ол тұрғындарға өз тарихы мен мәдениетін ұмытқанда айналады”. Жазушы Ф.Абрамов.

Бір кездері өзінің шыққан тегін білу әрбір адам үшін аса қасиетті міндет болып есептелмейтін.  Атақты,  ақсүйек   отбастары өздерінің шыққан тегін мақтан тұтты. Өз сарайларының қабырғасынан ата-бабаларының портреттеріне орын берді. Қарапайым отбасы да өз ата-бабаларының шыққан тегін олардан кем білмеді. Мен бұл жерде ата-бабасының аруағын қастерлейтін қазақтың дәстүрі туралы айтпасам да болады. Дегенмен, біздің славяндық немесе шығу тегі басқа да қалалықтарымыз соңғы кездері өздерінің  ата-тегін білуге қызығушылық таныта бастады. Қазақстандағы жеке генеалогиялық сайтты құрушылардың бірі, Атырау қаласының байырғы тұрғыны Виктор ГОРБУНОВ осынау игілікті іспен айналысуға ешқашан да  кеш болмайды  деп есептейді.

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Негізгі жұмысынан бос уақытта өзіне бұйымтайымен келген адамдардың ата-тегінің шығу шежіресін жазумен айналысатын Горбунов түрлі ежелгі отбасылық аңыздарды тыңдау бақытына ие болып жүр. Дегенмен, ауыр операциядан шыққан хирургтің науқастың туысқандарына оның сәтсіздігін хабарлағандай,  отбасылық аңыздың бұлтартпас дәлелдермен анықталып, жалған болғандығын естірту де оңай шаруа емес.

 - Менде жеке тәжірибемнен алатын қызықты оқиғалар бар. – Виктор менің өтінішім бойынша әңгімесін бірден қызықты аңыздардан бастады. – Бір танысым өзінің қалада танымал болған көпес Александр Тимофеевич КАРАЕВТЫҢ көмекшісі болып еңбек еткен атасы жөнінде отбасылық шежіресін баян етті. Ол адам өз жағдайын қызыл балық сату арқылы жасап алған. Өмір ағысы жас жігіт байдың бойжеткен қызы Шураға ғашық болмай тұрғанда өз арнасымен ағып келген еді. Қыздың әкесі болса, қырсықты: қызымның теңі емес! Жастарға отбасының озбырлығынан қашудан басқа амал қалмады. Сөйтіп олар Ақтөбеден 100 шақырым жердегі Қандағашқа қоныстанды. Өз атасының батыл істері туралы тарихты әңгімелеген танысым ата-тегінің шежіресін жазып беруді өтінді. Мен оған қуана-қуана кірістім. Мұрағаттарды ақтара отырып,  бұл тарихтың әдемі аңыз ғана екендігіне көзім жетті.  Мұрағаттан мен Караевтің шын мәнінде қызының болғандығын дәлелдейтін құжатты таптым, бірақ, оның қызы оның көмекшісіне емес, Оралдағы алғашқы электр стансасының иесі, миллионер Винклерге тұрмысқа шыққан. Революциядан кейін ерлі-зайыптылар Магдебургке (Германия) кетіп қалған. Қызықты оқиға осылайша өкінішті күйде аяқталды. Алайда, аңыздар жайдан-жай тарамайды ғой. Бәлкім, Караевтің  қызы жалғыз болмаған болар?!

- Тағы да қандай аңыздар бар?

- Ондай аңыздар жетерлік! Менің бір танысымның әжесі қайтыс болар алдында бірнеше жыл сақтап келген құпиясын жайып салды: ол 1812 жылғы Отан соғысының батыры Денис Давыдовтың шөбересі екен-мыс. Бұл аңыз сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, оны адамдар кеңестік дәуірде жария етуден қорыққан, сөйтіп құпия сақтаған. Менің танысым оның ақиқатын анықтауды өтінді. Сөйтіп, мен үйден шықпастан интернеттің көмегімен іздестіру жұмыстарын бастап кеттім. Денис Давыдовтың генеологиялық шығу тегін тауып, түрлі сайттарды қарап көрдім, оның сонау заманнан бүгінгі күнге дейінгі ұрпақтарын таптым. Өкінішке, қарай менің құрбымның әжесі олардың арасынан табылмады. Сөйтіп, мен тағы бір әдемі отбасылық аңыздың шырқын бұзушы болып шыға келдім. Sorry…

ГОРБУНОВТАРДЫҢ ӨЗІ 125 МЫҢ

- Сіз өз отбасыңыздың генеологиялық   шығу тегімен айналысуыңызға не себеп болды? Оның үстіне сіз бұл іс үшін жеке сайт та ашып қойған екенсіз?

- Менің атам, Виктор Тимофеевичтің өзі алты ағайынды жігіт және үш қарындасы болды. Олардың барлығы да Гурьевте, қазіргі Атырауда тұрды. Әжемнің төрт сіңлісі болды. Бала кезімде мені туысқандық байланыс қатты қызықтыратын. Есейе келе ойлана бастадым: адамдар өмірден өтеді, алайда, олардың артында естеліктер қалады. Қазір мен өзімнің алғашқы ата-тегімнің шығу шежіресін дәптер бетіне қалай түсіргенімді еске түсіріп отырмын.

Кейін мен Горбуновтардың генеологиялық жүйесіне сайт арнадым. 2006 жылдың маусым айынан бастап «Горбуновтар генеологиясы» деген сайт пайда болды. Бастапқыда бұл менің ата-тегіме арналған бір ғана бетше болатын. Кейін басқа қалалардағы менің туысқандарыммен қатар өз туысқандарын тауып алдым деп ойлаған фамилияластардан да хаттар келе бастады. Айта кетейін, әлемде шамамен 125 мыңдай Горбуновтар бар екен. Менің ата-тегімнің тармағымен байланысты емес екендіктеріне көздері жеткен олар өздері туралы жазуды өтінді, бәлкім, туысқандары табылып, біздің тармақтарымыз, егер содан тараған бірнеше ұрпақтарға  тереңірек үңілер болса, тоғысуы да ғажап қой. Мен олардың ақпараттары бойынша ата-тектерінің жүйесін жасауға және сайтқа салуға келістім. Әдейі бір фамилияластар үшін тарау аштым. Кейбір ғалымдар қазіргі өмір сүріп жатқан адамдар 15-ші ұрпағы бойынша туысқандар болып табылады  деп есептейді. Соған қарағанда бір фамилияластардың өзі бір-біріне туысқан деп сеніммен айтуға болады.

МҰРАҒАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ

- Әдетте, өз ата-тегіңнің шығу тарихын қалай жасақтауға болады? Неден бастау керек, ақпаратты қайдан алуға болады?

- Өзіңнің 3-4 ұрпағыңның ата-тегінің шығу тарихын жазу аса қиын емес. Бастапқыда қарындаш, қағаз алып қаруланып, тек төзімділік танытса болғаны. Алдымен, жақын деген туысқандарыңыздың  – ата-анаң, ата-әжеңнің арасында сауалнама жүргізу керек. Барлық есте қалған естеліктерді, тіпті, еленбейтін нәрселерді болса да жіпке тізгендей мұқият жазып алған жөн. Әсіресе, отбасылық аңыздар, олар алға қарай керек болуы мүмкін. Қазір арнайы жасақталған компьютерлік, айталық, “Geno Pro”, “Древо Жизни”, “Genway” секілді  бағдарламалар көп. Олар сіздің жұмысыңызды біраз жеңілдетеді.

Кейін танымал ата-бабаларыңыздың нақты туған жері мен қоныс тепкен елді-мекенін анықтау керек болады. Одан соң АХАЖ бөлімі мен облыстық мемлекеттік мұрағаттағы жұмыстар басталады.  Өйткені, АХАЖ бөлімінде құжаттар 75 жыл сақталады, кейін олар мұрағатқа тапсырылады. Барлық мұрағат құжаттарының ішінен бұл кезеңде ерекше қызықтыратыны метрикалық кітаптар (яғни, туу туралы жазбалар). Туу туралы жазбаны тауып алып, баланың ата-анасының есімдері мен әкелерінің атын біліп алуға болады. Осылайша, туған жері мен күнін растап аласыз.  Одан әрі ең қызықтысы – яғни, халық санағының  материалдары басталады. Кеңестік кезеңге дейінгі барлық ақпарат Алматыдағы Қазақстанның мемлекеттік мұрағатында сақталады. Барлығы 10 ревизия болған, әдетте, мұрағаттарда сақтауда 4-тен 10-ға дейінгі ревизия (1782 жылдан 1858 ж.ж. дейін) мәліметтері болады. 1-3 ревизия материалдары (1719-1763 ж.ж.) Ресей мемлекеттік ежелгі акттер мұрағатында сақталады. Ревизиялық есептер болыстар бойынша жүргізілген. Олармен таныса отырып, өзіңнің ата-тегіңнің шамамен XVIII ғасырдың басталуына дейін тексеріп көруіңе болады.   Ата-тектің шығу тарихын сондай-ақ, жазба кітаптары мен санақ кітаптары (XVII - басы XVIII ғасыр) және ландрат кітаптары  (1715-1717 ж.ж..) бойынша кеңейтуге болады.

*Ландрат кітаптарынан жұбайларының, отбасы басқа да мүшелерінің туғаны мен қазасы жайлы  ғана емес, жасы туралы мәліметті, бала санымен денсаулығы туралы ақпаратты да табуға болады.

Бірден айтайын: зерттеудің барлық кешенін жүргізу тек біліктілердің қолынан ғана келеді. Мен тек Алматыдағы мемлекеттік мұрағат деңгейіне дейін  жұмыстандым. Менің ата-тегімнің тармағында барлығы жеті ұрпақ қана, бір жарым жылда жинақталғаны алты жүз адам. Бірақ, мен қашан болса да Ресейдегі мемлекеттік мұрағатқа барамын деген сенімдемін.

Мұның бәрі өте маңызды! Түрлі себептерге байланысты адамдарда ата-тегінің шығу тарихының шежіресін жазуға мүмкіндігі болмады. Ақпараттар ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп отырды. Мұның бәрі 1917 жылға, яғни революцияға дейін жалғасты. Жаңа билікке өткен өмірі кіршіксіз, жаңа өмірбаяны бар адамдар керек болды. Адамдар өздерінің туысқандық байланыстарынан бас тартты, құжаттарын, аты-жөндерін ауыстырды. Ал, қазір уақыт өзгерді, сондықтан да бұл істі кейінге қалдырмаңыздар. Бәлкім, кейін кеш болып қалуы да мүмкін. 

Анастасия ПАСТУХОВА

 

“Родовед” клубы ашылды, дәрістер әр бейсенбі сайын сағат 18.30-да «Мирас» тарихи-өлкетану  клубында өткізіледі. Өз  ата-бабаларының шығу тегін білуге қызығушылық танытқандардың барлығы жас ерекшеліктеріне қарамастан  шақырылады. Жинақталған материалдар, кітаптар, бейнефильмдер, оқулықтар бар. Алға қарай клуб көрме және тақырыптық кештерді өткізуді жоспарлап отыр.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Егер сіздің туысқаныңыз екінші дүние жүзілік соғыстан оралмаған болса, ол туралы мәліметті Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің http://www.obd-memorial.ru сайтынан білуіңізге болады. Онда көптеген құжаттар – бұйрықтар, әскери мәліметтер, госпитальдар және жерленген жерлері туралы мәліметтер бар. Тағы бір – «Подвиг народа»: http://podvignaroda.mil.ru сайтынан марапаттау туралы бұйрықтарды, ерліктері баяндалған құжаттарды таба аласыз. Егер сіздің ата-бабаңыз саяси қуғын-сүргін құрбаны болса, онда http://lists.memo.ru сайтын ашып қарауыңызға болады. Бұл сайтта саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай дерек қорлары бар. Ал, Горбуновтың пікірінше, ең негізгі ақпарат көзі “Всероссийского Генеологического Древа” http://www.vgd.ru сайты болып табылады.

14 наурыз 2012, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.