Атырау, 27 қараша 11:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Судың да сұрауы бар

3 584 просмотра

Облыс көлеміндегі суару-суландыру жүйелері жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Және оларды қамыс басып, тайызданып кеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазсушар» РМК Атырау филиалының директоры Асланбек РЫСЖАНОВ айтты.

Кәсіпорынның филиалында жалпы ұзындығы 1 152 шақырым суару-суландыру жүйелері бар. Суару-суландыру жүйелерінің барлық саны 15. Оның 10-ы Махамбет ауданында, төртеуі Индерде, біреуі Құрманғазы ауданында орналасқан. Сонымен қатар Индер-Миялы, Миялы-Жангелді-Жасқайрат, Қоянды топтық су құбырлары мен Ералы су торабы жұмыс жасайды.

- 2016 жылы 113 шаруашылықпен келісімшартқа отырып, суармалы егістік пен лимандық жерлерге 12 млн 216 текше метр, одан басқа жайылымдық жерлерге 2 млн 167 текше метр су берілді, - деп хабарлады А.Рысжанов.

«2017-2021 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы» бойынша пайдаланылмай отырған суармалы жерлерді қалпына келтіру және оны пайдалану шараларына сәйкес Атырау облысына суармалы жерлерді қалпына келтіру жоспары жасақталды. Республикалық бюджеттен 3 млрд 228 млн теңге қаржы сұралып отыр.

- Исатай ауданы Зинеден ауылы тұсындағы каналдардың жағдайы не болады? Малшылар судың жетпейтінін айтып шағымданады.

- Бұл 75 шақырым болатын Кобяков-Забурын каналы. Біз Зинеден ауылына дейінгі үлкен қазылған қазандыққа суды толтырып қоямыз. Халықтың сұрайтыны – суды ауылдың ішімен өткізіп, ары қарай шығарып беру. Бұл жерде бәрі қаражатқа тіреледі. Бұл каналдың бойында егін жоқ. Егін салынатын каналдар бір-бірін жауып отыр. Және ыссы күндері қазандықтағы судың жетуі қиындау, кей жерлерде үзіліп қалады. Дегенмен, айтып өткенімдей, жөндеу жұмыстарына таяу арада жүргізу қарастырылуда.

- Қызылқоға ауданындағы жерасты суларының қоры қандай? Зерттеу жұмыстары жүргізіле ме? Соңғы уақытта су ащыланып барады деген шағымдар естіліп жүр.

- Бұл аудандағы суды ай сайын санэпид мамандары тексеріп отырады. Егер су ашып кеткен жағдай болса, бізге су беруді тоқтатуға нұсқау береді. Миялы-Жанкелді-Жасқайрат су торабының басында мембранды технология бар, суды тазалап жеткізіп береміз. Ал, Тайсойғанның суы таза, сапасы да жақсы. Миялы-Жанкелді-Жасқайрат су торабы су алатын Қарасудың қоры аздау, ал, Тайсойғанның қоры жақсы. Болашақта осы Тайсойғаннан тіке Миялыға су құбырын тартып, қосу жоспарда бар.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

7 маусым 2017, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.