Атырау, 24 қараша 04:28
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қолжетімді пәтерді екі жыл күту керек екен

2 273 просмотра

Мемлекет басшысы қолжетімді баспана туралы сөз қозғап еді, жан-жақтан түрлі-түрлі бағдарламалар ұсыныла бастады. Мәселен, кеше «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысу үшін әзірлеген ұсыныстарымен бөлісті.

Бүгінгі таңда қолжетімді деп атауға тұрады-ау деген бір-екі бағдарлама бар. Солардың қатарында мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері мен баласы бар жас отбасыларды арзандау баспанамен қамтамасыз етуді көздеген Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламаны айтуға болады. Енді бұлардың қатарына «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры ұсынып отырған бағдарлама қосылмақ. Аталған қор жүргізген зерттеу бойынша, Қазақстанда жылына баспанаға деген сұраныс 16,5 млн шаршы метрді құрайды екен. Ал бүгінгі құрылыс қарқыны соның 6 млн шаршы метрін ғана қамтамасыз ете алады. «Осы жағдайдың өзі баспана бағасының аспандауына ықпал етіп отыр. Баспана бағасын тұрақтандыру үшін көбірек үй салу қажет. Бұл ретте, біз Ұлттық талдау орталығымен бірге нарықтағы жағдайды зерттеп шықтық. Әлеуметтік сауалнама да жүргіздік. Сауалнама нәтижесінде демографиялық өсудің, әлеуметтік-экономикалық дамудың, еңбек көші-қонының, ескі және апатты тұрғын үй қорының әсерінен тұрғын үйге деген қажеттіліктің айтарлықтай жоғары екеніне көз жеткіздік. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 66 пайызы тұрғын үй сатып алғысы келеді және оған төлем қабілеттері бар. Сол 66 пайыздың 63 пайызы 74 шаршы метрлік баспананы қанағат тұтар едік дейді. Олардың 29 пайызының үйі жоқ, ал 37 пайызы тұрғын жайларын жаңартқысы келеді» деді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-тың басқарушы директоры М.Кәрібжанов.
Оның айтуынша, Жылжымайтын мүлік қоры 2020 жылға дейін 3,5 млн шаршы метр үйді пайдалануға беруді жоспарлауда. Пәтерлердің құны аймақтарда 1 шаршы метріне 120 мың, ал Астана мен Алматыда 150 мың теңгені құрамақ. Бағдарламада отандық өндірушілердің үлесін кем дегенде 70 пайызға дейін көтеру де қарастырылыпты. «Өйткені бүгінгі таңда пайдаланылатын құрылыс материалдарының 35,2 пайызы ғана Қазақстанда шығарылады. Ал 21,2 пайызы Ресейден әкелінеді, қалғандары Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Белоруссия сияқты елдерден жеткізіледі» дейді М.Кәрібжанов. Осы кезде орыстілді журналистер тарапынан «Кеден одағына мүше Ресей мен Белоруссияның құрылыс материалдарын пайдаланасыздар ма, отандық өнімге ғана басымдық береміз деп КО-ның нормаларына қайшы келіп жүрмейсіздер ме?» деген қитұрқылау сұрақ қойылды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов бұл арада басымдық баға саясатына берілетінін атап өтті. «Егер Ресей мен Беларусьтің құрылыс материалдары қымбат болып жатса, сапасы сәйкесетін отандық өндірушіге басымдық беріледі» деді ол.
Сапалы баспана салу үшін құрылыс компанияларына аймақтарда кем дегенде 15 мың шаршы метр, ал Астана мен Алматыда 50 мың шаршы метр тұрғын үй салған тәжірибесі болуы тиіс деген талап қойылып отыр екен. «Ол компаниялардың жұмысы Қор тарапынан қатаң бақылауда болады. Бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуы, құрылыс сапасы, нысанның уақытында пайдалануға берілуін тұрақты бақылап отырамыз» дейді М.Кәрібжанов. Оның айтуынша, құрылыс компанияларынан тұрғын үйге энергоүнемдеу шынысымен жабдықтауды, бейнебақылау, шуы жоқ лифтілер мен домофон байланысын орнатуды, ойын алаңдарын жасақтауды талап етпек. Айтқандай, құрылыс компанияларына тұрғын үйдегі пәтерлердің жобасын да Қордың өзі ұсынып отыр. Бір бөлмелі пәтер 31-32, екі бөлмелі пәтер 44-45, ал үш бөлмелі пәтер 62-63 шаршы метрден тұрады. «Біз құрылыс құнын құрылыс материалдарының сапасын төмендету немесе талаптарды азайту есебінен емес, тұрғын үй алаңының тиімсіз қолданылуына жол бермейтін аса тиімді жоспарланған сәтті жобалық шешімдер есебінен азайтуды көздейміз» деді бұл ретте басқарушы директор. Егер осы бағдарлама шеңберінде Алматы мен Астанада 1 бөлмелі пәтерді жалға алсаңыз, ай сайын 51123 теңге төлейсіз, ал егер ол үйді ипотекаға рәсімдесеңіз, ай сайын 74683 теңге төлейсіз. Сонда 15 жылдан соң пәтер сіздің атыңызға аударылады. Егер табысыңыз тасып, қаржысын ертерек төлеп тастағыңыз келсе, үш жыл күтесіз. Бұл қолжетімді пәтерді бір айдан соң басқа адамға сатып жіберудің алдын алу үшін жасалған амал көрінеді.
Болат Палымбетовтің айтуынша, қазірдің өзінде аталған бағдарлама бойынша аймақтардан жалпы аумағы 1 млн 800 мың шаршы метрден асатын 47 жоба келіп түсіпті. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 37 құрылыс компаниясы дайын тұр екен. Тек Үкімет бағдарламаны мақұлдап, батасын берсе болғаны. Тұрғын үйлер қанша жерден қолжетімді дегенімізбен, бағдарламада төлем қабілеті жоғарыларға басымдық берілетін сияқты. Өйткені Жылжымайтын мүлік қоры бағдарламаны жүзеге асыратын қаржыны Ұлттық қордан несиеге алмақ.
Қалай болғанда да, тұрғын үй бағдарламаларының көп болғаны бізге - халыққа тиімді, таңдау мүмкіндігіміз болады. Ал қолжетімді баспанаға құжаттарды өткізу тұрғын үйлер пайдалануға берілерден бір ай бұрын ғана басталады екен. Алдын ала болжам бойынша, егер «Самұрық-Қазына» тұрғын үй құрылыстарын биыл бастаса, пәтерлерді 2014 жылы ғана бере алады. Демек, қолжетімді баспананы әлі екі жыл күтуіңізге тура келеді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

Дереккөз: baq.kz

13 наурыз 2012, 18:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.