Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қоршаған ортаны қорғау күніне арналған брифингте төрт спикер: Атырау аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат ӘБДІРАХМАН, экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ, облыс прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ пен геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының бастығы Құттығали НӘУКИЕВ болды.
Залдың бірінші қатарында отырған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАНОВ, бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИН және басқалар оларға «көмектесті».
Алғашқы сұрақтардың бірі жақын арада Теңіз кенішінде орын алған шығарынды туралы болды. Қадағалаушы органдардың басшылары тексеру жұмыстарының жалғасып жатқанын және қандай да болмасын тұжырым жасауға әлі ерте екенін айтты.
«АЖ» төмендегі сұрақтарды қойып, жауаптар алған еді.
- Жайықта қазір балық жоқтың қасы. Әуесқойлықпен балық аулау аймағын кеңейтуге болмай ма? Дамбыға дейін, мәселен.
Әбдірахман: Жыл сайын балық аулау аймағы өзгере бермейді. Ол жерде қыстау шұңқырлары бар. Балық уылдырық шашатын кезеңде өзен ағысының бойымен жоғары көтеріледі. Бұл ғылыми негізделген ереже.
Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ерболат ҚАДИМОВ: Бізге (әуесқойлықпен балық аулауға) тыйым мерзімін өзгерту туралы ұсыныспен өтініш келіп түсті. Бұл өтінішті біз қолдап, Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне жолдадық. Әңгіме әуесқойлықпен балық аулауды кәсіпшілікпен балық ауланып жатқанда 24 сәуірге дейін ұзарту (қазір тыйым 1 сәуірден 15 маусымға дейін) және әуесқойлықпен және кәсіпшілікпен балық аулауды бір уақытта қатар тоқтату туралы болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ қолы қойылған хат Астанаға жолданып, осы мәселе ғылыми зерттеу тақырыбына енгізілді.
- Редакцияға облыс орталығының көп мөлшерде газбен ластануына және мұнай өнімдерінің иісіне қатысты шағымдар жиі түседі. Әр шағым сайын экология департаментінен тексеру жүргізуді өтінеміз, ал оларда газ анализатор аспабы жоқ. Осыған комментарий берсеңіз.
Қапанов: Иіске қатысты көп шағым түсіп жатады. Атырау шығарындылар тастайтын ірі кәсіпорындарға толы. Шынымен де, бақылау аспаптарына қатысты проблемамыз бар. Соңғы төрт жылда бірде бір аспап сатып алынбады. Өйткені Қаржы министрлігі ақша бөлген жоқ. Қазіргі кезде бізге облыстық әкімдік көмектесіп жатыр. Жеткілікті мөлшерде ақша бөлінді. 20 шақты аспап сатып алынады, соның ішінде газ анализаторлары мен көшпелі зертхана болады. Тендерді енді жариялаймыз. Таяудағы бір-екі айда бәрі сатып алынады. Ал бүгінде аспаптарды бөгде мекемелерден сұрауымызға тура келеді. Көбінесе иіс нормаланбайды. Айталық, иіс бар, бірақ аспап газдың бар екенін тіркемейді, бұдан шығатын қорытынды: мөлшерден аспаған. Бірақ кешікпей аспаптарымыз болады, онда анықталатын ингридиенттер мөлшері 9-дан 25-ке дейін артады.
- Аспапты сатып аласыздар, бұл жақсы. Ал шығарындылар түнгі уақытта тасталуына байланысты жұмыс жоспары бола ма? Қызметкерлерді үйлерінен шақырып аласыздар ма, әлде түнгі кезекшілік қоясыздар ма?
Қапанов: Кезекшілік қою біздің құзырымызға кірмейді. Сенім телефоны бар. Ол бойынша депутаттар да, тұрғындар да қоңырау шалады. Содан соң шығарынды болған жерге біздің зертхананың қызметкерлері барады. Түнгі кезекшілікке келер болсақ, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде өткен кеңесте бұл мәселе көтерілді. Тағы да талқыланатын болады. Мұны біз шешпейміз.
- Сіздің қызметкерлеріңіз төсегінен тұрғанша, бүкіл газ желмен таралып кетеді ғой...
Қапанов: Біз түнгі 3-те де шығып барамыз. Сіздерді тыңдасақ, біздің қызметкерлеріміздің барлығын қай жақтан жел соққанын білсін деп дүниенің төрт бұрышына кезекшілікке қою керек. Олай болмайды. Мүмкіндігіне қарай шығатын боламыз. Егер шекті рұқсат етілген деңгейден асса, шаралар аламыз. Барлық жерге пост қойсаң – ешқандай штат жетіспейді. Оның үстіне, бізде үнемі кадрлар қысқарып жатады. Өткен жылы бір адам, 2015 жылы екі адам қатарынан жұмыстан босатылды.
Брифинг соңында Қ.Арыстанов сөз алды. Ол Сасықсайдағы булану алаңын қалпына келтіруге 13 млрд теңгенің бөлінгені және әрі қарай оның «АМӨЗ» ЖШС-нің балансына берілетіндігі туралы хабарлады. Сонымен қатар қаланың оң жақ жағалауындағы булану алаңын қалпына келтіруді жобалауға қаржы бөлінген.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор