Атырау, 27 қараша 11:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қалаға шұбат қайдан әкелінеді?

4 152 просмотра

Жылыой ауданынан басталған малшы ауылдың көші құйқалы өңір Қызылқоға өңіріне бет алғанына үшінші күн болды. Малшылар қыстақ маңынан шықпауды әдетке айналдырса, БАЙЖАНОВТАР әулеті бірнеше жылдан бері жазды жайлауда өткізеді. Тракторға вагонды тіркеп, алдына малын салып келеді. 130 шақырымды артқа тастаған көш Сағыз округіндегі жайлауға жетті.    

- Жыл сайын осы Сағыз округіндегі «Тасқұдық» учаскесінде жаз жайлауымызды өткізіп келеміз. Осыдан күздің қара суығында қыстаққа кері бет аламыз. Мұнда маса, сона жоқ. Әрі шөбі құнарлы. Жылыой өңірінде мұндай жерлер аз. Маса, сона көптігінен мал жайыла алмай тез қоңын жойып алады. Мұнда бойдақ малдар әкелінеді. Сауындар қыстақта қалады. Біз малды кезектесіп бағамыз, мұнда малды суару болмаса басқа ауыр жұмыс жоқ. Су сорғысы арқылы күніне 5 тоннадан астам су аламыз, - дейді «Манас» ШҚ төрғасы Нұртас БАЙЖАНОВ.

Негізі Байжановтар Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылының тумасы болып саналады. Отағасы Жарылғасын БАЙЖАНОВ сол ауылда тұрады. Жұмыссыз қалған кезде ол мал шаруашылығын дамытуды ойластырып, 2006 жылы «Манас» ШҚ құрады. ШҚ қыс қыстауы «Құлжан» қыстағы «Қара-Арна» округінен 22 шақырым жерде.

- Ұлдарым мал бағамыз дегенде мені құптап, қуана қабылдады. Осылайша жұмысымызды бастап кеттік. Мен басқарамын, қалғанын өздері игеріп алып кетті. Малымыз тоғыз жылда едәуір көбейді. Басында қойды көптеп өсіріп едік, кейін жылқы мен түйеге айырбастадық. Себебі етті әрі сүтті, өнімі сұранысқа ие, - дейді Ж. Байжанов.

Бүгінде шаруа қожалығының бағымында 30-ға жуық жылқы мен 100 шақты түйе бар. Соңғы төрт жылдан бері Атырау қаласындағы «Көктем», «Сарайшық» базарларын шұбат, қымыздарын өткізіп жүр. Сатушысы бөлек болғанымен «Манас» ШҚ өнімі қолдан-қолға тұрмайды екен, үлкен сұранысқа ие. Бұл жерде Жарылғасын Байжановтың жұбайы Үміт апаның еңбегі зор.

...Таңғы 5. Бар адам дастархан басына жиналады. Тамақтанып болысымен шелектерін қарына ілген 60 жастағы енесінің соңынан келіндер Ару мен Орынгүл шығады. Сауымда 30 шақты түйе, 5-6 бие бар. Сауым күніне үш реттен қайталанады. Әбден әккі болған сауыншылар үшін бұл түк емес. Асауларын тұсаулауға Бектас пен Манас Байжановтар көмектеседі. Әсіресе, бірінші сауынға іліккен мал үйренгенше аяғын байлап сауады. Оның бәрін Үміт апа қадағалап отырады.  

- Біз өнімді қалаға күнара жөнелтіп тұрмыз. Бір барғанда қымызды айтпағанда 180 литрдей шұбатты әкетеді. Бізге тұтынушы тарапынан ескертпе болған емес. Өнімнің таза әрі дәмі тіл үйіретіндей болар әдісті меңгеріп алғанбыз. Негізі айтуға оңай болғанымен өнімді дайындау оңай емес, - дейді Үміт апа.

Байжановтоар несиеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Каникул басталғанда көмекке Алмагүл, Бағылан және Халық келеді. Олар боталар мен құлындарға қарасып, төлдерді суарады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 маусым 2017, 18:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.