Атырау, 27 қараша 11:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жаңарған 1-сыныптар қалай оқып шықты?

5 977 просмотра

Көрнекі сурет. "АЖ" мұрағатынан
Аяқталған оқу жылының бір ерекшелігі – 1-сыныптар жаңарған оқу бағдарламасымен оқытылды. Басты жаңалықтардың ішінде 5 балдық бағалаудың орнына критериалды бағалау жүйесінің енгізілуін ерекше атап өтуге болады. Біз осы жаңашылдықтың алғашқы нәтижелерін білу үшін атыраулық әдіскерлерден, 1-сынып мұғалімдерінен, ата-аналардан пікір алдық.

КРИТЕРИЛЕР МЕН ҰПАЙЛАР

- Жалпы бұл бағдарлама бізге тосыннан келіп, төңкеріс жасап отырған дүние емес.  Мұнда сонау Кеңес дәуіріндегі білім жүйесі қайта жаңғырып, әлемдік озық тәжірибелермен дамып, толығып ұсынылып отыр,- дейді «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Балауса ЖАЛМҰХАНОВА. - Критериалды бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады.

Білікті маман маған критериялды бағалаудың маңызын қанша түсіндіргенмен, оқырмандарға дәл жеткізіп қиынға соғып тұр. Қысқасы, оқушылардың үлгерімі қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен анықталады.

Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді.

Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.

МҰҒАЛІМДЕР ӨЗ ПӘНДЕРІ ТУРАЛЫ

Баламен тікелей жұмыс жасайтын мұғалімдер білім саласындағы осы оң үрдістерді қолдайды екен.

- Бұл жаңарған оқу бағдарламасы ең алдымен балаларды логикалық ойлауға, өз ойларын ашық білдіруді үйретуге, яғни, оқу үдерісін шығармашылықпен жүргізуге арналған,- дейді №6 мектептің жоғары санатты бастауыш мектеп мұғалімі Әлия АЙТМАҒАМБЕТОВА. Дегенмен, ұстаздар күнділікті сабақ барысында бағдарламаның әлі де шикіліктері жеткілікті екендігіне көз жеткізген. Басты мәселе – оқу үдерісінің қарқындылығы мен тапсырмалардың күрделігінде.   

Математика. Амалдық (қосу, алу) есептер аз, бір таңбалы сандарды қосу кестесі бар да, алу кестесі жоқ, аз сағат берілгендіктен, бұларды меңгеріп болмай, екі таңбалы сандарды оқыту басталады. Сонымен қатар, санды жаңа үйреніп жатқан балаларға теңдеу,  диаграмма сызу сияқты күрделі есеп элементерін беріп, оқу процесін одан сайын қиындатады. Оқу процесі 45 минутқа сыймайды.

 «Сауат ашу». Мұнда да әр дыбысты, әріпті меңгеруге аз сағат беріліп тапсырмалар көбіне қиын мәтіндермен, сюжетті суреттермен  берілген. Тағы бір ерекшелігі, «Әліппеде» барлық тапсырмалар, мәтіндер өзіміздің ұлттық менталитетке, қазақы нақыштарға құрылған болса, «Сауат ашуда» ұлттық нышан жоқ, еуропалық тұрмыс салты басым.

Критериалды бағалау жүйесі енгізілгендіктен, дәстүрлі жазба диктанты, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары алынып тасталған.  Бастауыш мұғалімдері негізгі мақсаттары баланы сауатты жазып-оқуға үйрету болғандықтан, уақыт тауып, өз беттерінше жазба диктанттарын жүргізіп, баланы жазуға машықтандырады екен.

«Жаратылыстану» және «Дүниетану» пәндерінде де тапсырмалар өте күрделі.   Мұғалімдердің айтуынша, бұлардың барлығы бұрынғы дәстүрлі бағдарлама бойынша 4-7 сыныптарда берілетін тақырыптар.

Жаңа бағдарламаға сәйкес, мұғалімдердің бұрыннан да көп қағазбастылығы екі-үш есе артқан. Әр сабақтың бағалау бетшелері, үлестірмелі материалдар жасауға күніне 100 беттен аса қағаз жазатын кездері бар екен.

Мұғалімдердің айтуынша, жаңа бағдарламада оқу процесі бір сыныпта 18-20 оқушыға арналған. Алайда біз қазір кей мектептерде 25-30, кейде одан да көп бала отыратынын білеміз. Балалар да әр түрлі, біреулері тез меңгерсе, көпшілігіне қиын соғып жүр.

«СӨМКЕ АУЫР,  САБАҚ КҮРДЕЛІ»

Жаңарған оқыту бағдарламасымен балаларын оқыту ата-аналарға да қиын болып отыр. Күнделікті үй тапсырмасын орындауда бірінші сынып материалдарын ата-аналардың өздері шеше алмай қиналады. Тапсырмалар күрделі, мәтін сөздері, терминдер түсініксіз.

Оқулықтардың салмағы – бұл да үлкен мәселе. Күніне бес сабақ болса, оған жұмыс дәптерімен бірге 6-7 кітап әкеледі. Сөмкенің салмағы 1-сынып баласының физиологиялық дамуына сәйкес келмейді.

Мұалімдер мен ата-аналардың пікірінше, жаңа бағдарламамен бір жыл оқытылғанда көптеген кемшіліктер шыққан. Білім министрлігі осы келеңсіздіктерге көңіл бөліп, жақын әзірде оң өзгерістер енгізсе, дұрыс болар еді.   

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

3 маусым 2017, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.