Наурыз айынан бастап Атырауда «Қала тазалығына арналған екі айлық» жарияланады. Осы кезеңдегі жоспарлар, қоқыс контейнерлерінің тапшылығы, самса сататын дүңгіршектер мен қаңғыбас иттер жөнінде қалалық әкімдік кеңесінде айтылды. Бұл жаңа әкім Асқар КЕРІМОВТІҢ алғашқы өткізген үлкен шарасы болды.
ТЕМІР МӘСЕЛЕ
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай Қарағаевтың баяндамасы есеп түрінде болса, Атырау қаласының бас санитарлық дәрігері Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ қала проблемаларын бірінен соң бірін қозғап, экраннан «сөйлейтін» слайдтарды алға тартты. Кеңестен кейін оған қала маңындағы село округтерінің әкімдері амандасу үшін жақындап келіп, оны аса сынап жібергендігі үшін жазғыра бастады. Қалалық СЭС бастығы түнеріп жақ ашпады.
Мұсағалиев кеңейіп келе жатқан қалада қоқыс контейнерлерінің жетіспейтіндігін, ал бар контейнерлердің сұмдық күйде екенін, Атырауда қоқыс жинайтын қоршалған контейнер алаңдары жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
- Бұл да шағын сәулет құрылысы. 2006-2007 жылдары демеу қаржыға біз 50-60 үлгідегі қоқыс алаңдарын дайындадық. Бірақ бүгінде олар да жөндеуді қажет етіп тұр. Жалпы, контейнерлерді қақпағымен орнатқан жөн.
«Арнаулы автобаза» директоры Дулат ТҰРҒАМБАЕВбұған жауап ретінде қоқыс алаңдары мен контейнерлерді орнатуға қаржы бөлінбейтіндігін, ал бар контейнерлердің жауын-шашын салдарынан тез тозып қалатынын айтты:
- Су металды жеп тастайды. Ол тот басады да, мүжіліп қалады. Ал бір кездері сатып алынған, қалай болса-солай кесілген металл табағынан жасалынған 1 000 қоқыс контейнері көз алдымызда кесек-кесек боп бөлінуде. Біз қазір оларды қолымыздан келгенше жамап жатырмыз, ал 100 контейнер резервті (олар да жаңа емес) сынғандарын ауыстыру үшін және жаңа ықшамаудандарға орнату үшін алып қойып отырмыз.
ҮШ КҮНДЕ БІР РЕТ - АЗ
- Қала сұмдық қоқыс орнына айналып барады, - деп сөзін жалғастырды Тұрғамбаев. – Менің байқауымша, қазір қаланың жартысында құрылыс жүріп жатыр, бірақ ешкім де қоқыстарды қоқыс орнына шығармайды. Бәрі көшеге немесе шеткері жаққа шығарып тастайды. Айналма көпір маңында не боп жатқанын қараңыздар. Қала тез кеңейіп жатыр, оны тазартуға біздің күшіміз жетпейді.
- Сонда қазір қанша арнайы техника бар және қаншасы керек? – деп сұрады қала әкімі.
- 38 қоқыс шығаратын көлік пен 10 трактор бар. Осы техникалардың тағы 10 шақтысы керек.
- Менің үйімнің жанында тек бір контейнер ғана тұр. Қоқыстың шығарылмағанына үш күн болғанын байқадым. Сіздер контейнерлер аз қоясыздар. Егер 5 үйден қоқыс шығарылса, контейнер толып қалады. Демек, көбірек орнатып, жиі шығарып төгіп тұру керек. Контейнерлер бойынша нақты қаншасы қажет екенін анықтаңыз, соның ішінде ауылдық округтер бойынша да. Содан соң хабарлаңыз, - деп бұйырды Керімов.
Жалпы қаланы санитарлық тазартуға келер болсақ, ол 8 учаскеге бөлінген. Оның әрбіреуі үшін қалалық әкімдіктегі бөлім бастығы немесе ауылдық округтің әкімі жауапкершілікте болады. «Арнаулы автобаза» жұмыс көлемін игере алмай отырғанына қарағанда, жауапты тұлғалар осы учаскелерде орналасқан кәсіпорындарға қар мен қоқыстарды тазартуға қатысты көмек сұрайтын секілді. Ал осы кәсіпорынның қызметі үшін халық ақы төлеуі тиіс.
Округ әкімдері жапа тармағай шағымдана бастады. Өйткені бұған қатысты халықтан ақша жинау басты проблема болмақ.
УРНАЛАР ҚАЙДА?
Темірбек Мұсағалиев қоқыс жәшіктерін жер-жерге орнатуды талап етті. Аялдамаларға оларды тасымалдаушылар орнатуы тиіс:
- Адамдарды тасымалдап, аялдама павильондарына қызмет көрсететін солар ғой. Оларды жуып-тазартып, ретке келтірген жөн.
Айта кетелік, бұл павильондар, қала тұрғындарының ортақ пікірінше, келемеж үшін орнатылғандай, қыста желден, ал жазда ыстықтан қорғамайды.
- Тасымалдаушылар қала маршруттарына лас автобустарды жібермеуі тиіс, - деп қосып қойды Мұсағалиев.
Қалалық бас санитарлық дәрігердің пікірінше, тағы бір өзекті мәселе - қаңғыбас иттер. Тек 2011 жылы адамдарды ит қауып алған 500-ден астам оқиға тіркелген. Мемлекет құтыруға қарсы вакцинаға 5 млн теңгеден астам қаржы жұмсады. Қаңғыбас иттер қауып алған адамға 3-тен 6-ға дейін екпе салу қажет.
- Жыл басынан бері елімізде құтыру кеселінен 14 адам көз жұмды, 2010 жылы Ганюшкин селосында бір адам қайтыс болды, - деп хабарлады Мұсағалиев.
САМСА МЕН ПИК ЖАЙЛЫ
Мұсағалиев қалада жайлап кеткен самса, тауық-грильдер және т.б. сататын дүңгіршектер тақырыбын да қозғады.
- Мен оларға рұқсат берген жоқпын, олар қалалық әкімдікке де бармаған, ал дүңгіршектер антисанитарлық жағдайда жұмыс жасауда. Демек, оларға бәз біреулер «крыша» боп отыр. Келімсек өзбектің өздігімен қала ортасынан осындай дүңгіршек ашып алуы мүмкін емес қой, - деп ашуланды санитарлық дәрігер. – Көше бойында орналасқан дүңгіршектерді мүлдем алып тастау керек.
«Крыша» тақырыбын Асқар Керімов жалғастырды:
- Қалада балансқа алынбаған 120 үй бар, олардың санитарлық жағдайы дабыл қағарлық. Суға кеткен жертөлелер бар. ПИК-ке кіретін үйлерде де проблемалар бар. Олардың басшылары әлі күнге дейін аулаларын қардан тазартпаған. Ескерту айтсаң, заң бойынша тек үй аумағындағы 3 метр үшін ғана жауап беретіндігіне сілтейді. Қай нәрсеге де осындай сылтау табады. Менің пікірімше, ПИК жұмысында үнемі кемшіліктердің орын алуы мынада: төрағаларды тұрғындар сайламайды, оларды біреулер қойып, тағайындайды. Мен бірақ кім екенін әзір білмеймін. Бірақ анықтайтын боламын. Кім жұмыс істемесе, сол адам жұмыстан кетеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА