Атырау, 26 желтоқсан 20:01
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қасымда болсын анам!

10 851 просмотра

Облыстық перзентханадан репортаж

Солғанша гүлім күзде тоңып,

Ана деп ән салам,

Кетейін мейлі жүзге толып,

Бөбекпін мен саған...

8-наурыз - халықаралық арулар мерекесі қарсаңында мен облыстық перзентхананың босану залында кезекшілікте болуға бекіндім.

АКУШЕР  ЖӘНЕ АНА

Акушер-гинеколог Сәуле ИЛЬЯСОВА (төменгі суретте) перзентханадағы бір тәулікке созылған кезекшілігі біткен соң да үйіне қайтпайды. Әдеттегі күндізгі жұмыс уақытына кірісіп, бір тәулік бойы көз ілместен кешкі сағат 6-ға дейін осы перзентханада жүреді.

-Біз осы режимге үйреніп кеттік. Мамандар жетіспейтін болғандықтан әзірге  шыдап, ештеңеге налымай жүріп жатырмыз. Жақын арада бұл мәселе де шешіледі деген үміттеміз, - дейді 34 жастағы Сәуле. – Облыстық перзентханада жұмыс істегеніме 9 жыл болды. Кейде бұл жұмыстан шығып кеткің келетін кез болады. Бірақ, кезекті еңбек демалысына шыққанда ұжымымды, жұмысымды сағынып кетемін.

С.Ильясова өзі де ана атанып отырған маман. Қазір қылығы балдай 2 жасар қызын тәрбиелеп отыр. Ол өзі де осы облыстық перзентханада босаныпты. Және осында  еңбек етіп жүр.

НЕМЕРЕСІНІҢ ҚҰРДАСЫ

Облыстық перзентханаға түскен жүкті әйелдердің босанар алдындағы жан қиналысын көру – мұндағы акушер-гинекологтар мен акушер-медбике, санитарлар үшін үйреншікті жағдай болса, мен үшін нәрестенің өмірге келуіне куә болу – үлкен жаңалықпен пара-пар болды.

... Босану залында анасының құрсағынан жарық дүниеге шығамын деп талпынған шарананың басы көріне бергенде, медбике дәрігерді көмекке шақырды. Ал дәрігер мені... Көз алдымда өтіп жатқан табиғи құбылыс – тарихи мезет. Өйткені, адамнан адам шығу оңай ма?! Көз алдымда дүние есігін ашқан қызылшақаның әрі қарайғы өмірі де қызық мен үшін. Кенет... сілейіп қаттым да қалдым. Әне, баланың басы да көрінді. Енді иығын шығару үшін босанып жатқан анадан тағы да күшенуін өтіндік.

Баланың иығы біразға дейін шықпады. Осы бір қырсық сәт бәрімізді қобалжытты. Мұндай кезде мүлт кеткенде сәби тұншығып та қалуы мүмкін. Баланың аман-есен туылуын тіледік. Ал оның денесі сыртқа түгел шыққан кезде төбем көкке жеткендей, іштей қуанғаннан қол шапалақтап та жіберіппін. Ұл туды!... Міне, ол анасының ішіне жатқызылды. Бұл ана мен баланың арасына тығыз байланыс, жақындастықты орнатудың алғашқы қадамы саналады. Екі сағаттан соң сәбидің салмағы мен бойы өлшенеді, денсаулығы тексеріледі. Биркасы толтырылады. 

Сонымен, бақытты ананың есімі - Венера СЕЙТКЕРЕЕВА. Ол бесінші баласын 16 жылдан кейін 42 жаста босанып отыр. Тұңғышы да ұл болған, қазір ол 25 жаста. Венераның  үш айлық немересі де бар. Осы босану кезіндегі жан азабын мәңгі ұмытпастай болыпты:

-Бойыма бала біткен соң жасым 40-тан асқанына қарамастан оны дүниеге келтіремін деп шештім. Күйеуім де қолдады. Бірақ, осындай жаста босанған тым ауырға соқты. Осы ұлым үйіміздің кенжесі болып қалады,- дейді ол.  

Жалпы, кейінгі кездері перзентханаға жасы келген әйелдер сирек түседі екен.  

ЖАҚЫНЫҢ БОЛСА ЖАНЫҢДА

Облыстық перзентханада орташа есеппен күн сайын - 20-30, ай сайын - 500-600 сәби дүниеге келеді. Мәселен, қаңтар айында – 592, ақпан айында – 543 бала туылған. Ал 28 ақпан күні 25 бала туылды. (Ғажайып сәйкестік: маған кейін хабарлағандай, ақпанның 29-ы күні 29 бала дүниеге келген!).

Босану залында басталған кезекшілік кезінде алғашқы босанғандардың бірі - 21 жастағы Ольга ХАМ (төмендегі суретте). Бұл оның бірінші баласы – қыз бала. Оған Ольга жолдасы екеуі Ангелина деп есім таңдап қойған. 

Облыстық перзентханада былтырдан бері серіктес босану әдісі қолданылып келеді. Ольга да серіктес босануды таңдапты. Босануға көмектесуге оның қайын апасы келген. Қайын апасы - екі баланың анасы. Ол қазіргі босану әдісін қолдайды.

- Мен екі баламды да креслода босандым. Меніңше, бұл толғағы қысып, жаны қысылған әйел үшін оған мініп жатуы өте қиын. Сондықтан,әйелдің жатқан керуетінде босануы әлдеқайда дұрыс әдіс деп есептеймін,- дейді ол.

Ольгамен бір бөлмеде жатқан Исатай ауданы, 17-ші разъезден келген 32 жастағы Толқын ДӘУЛЕТБАЕВА  (жоғарыдағы суретте) болса, ұлын бірнеше сағат бұрын босанған. Арнайы жатын орында жатқан сәби көзін ашып үлгермеген. 4 келі болып туылған ұлының есімін кім деп қоярын Толқын әлі ойланбапты. Ол да бұл нәрестені көптен күтті, 12 жылдан соң тәуекел етіп тұрғаны. Міне, 13-ке келетін қызына іні сыйлады.

ҚАНДАЙ МУЗЫКАҒА ТАПСЫРЫС БЕРЕСІЗ?

Босану залындағы дәлізде магнитофон ойнап тұр. Әсем әуен құлаққа жетіп жатты. Көңілді көтерер қызықты бағдарлама да елең еткізеді. Міне, тағы да жаныңа жақын әдемі әндер шырқалды. Акушерлер магнитофонның дәлізге әдейі шығарылғанын түсіндірді.

-Босанушы әйелдер үшін жақсы ән тыңдау жүйкесін, жанын тыныштандыруға игі ықпал етеді, - дейді олар. 

Фототілші екеуміз төменгі қабаттағы босанғаннан кейінгі жатқызылатын залға түстік. Онда егіз ұл босанған 37 жастағы тағы бір исатайлық келіншек Нәжида ҚОНЫСОВАМЕН таныстық. Оның бес баласы болатын, енді жеті баланың (4 қыз, 3 ұл) анасы атанды.

Егіздердің араларында 30 минут уақыт айырмашылығы бар. Біріншісі 3 келі 850 грамм болып туса, екіншісі әлсіздеу, салмағы 2 келі 900 грамм.

ОТА АРҚЫЛЫ БОСАНУ ЖИІЛЕГЕН

Соңғы кездері облыстық перзентханада операциямен босандырудың жиілегендігі байқалады. Мәселен, қаңтар айында 104, ақпан айында 101 операциямен босандыру жағдайы тіркелген. Акушер-гинекологтар жоғарыда айтылып өткендей, қан қысымының көтеріліп, аяқтары ісініп кеткендіктен және қан аздығы мен бүйрек, жүрек аурулары секілді басқа да толып жатқан қауіп-қатерлерге байланысты іштегі бала мен ананы аман алып қалу үшін амалсыздан операция арқылы босандыратынын түсіндіріп бағады. Сондай-ақ, соңғы жылдары салмағы ірі болып туылған сәбилердің де көбейіп отырғанын жасырмайды. Бұл да операциямен босандыруға итермелеп отырған жайттардың бірі. Ал денсаулық көтерсе, табиғи жолмен босанғанға не жетсін! Біз перзентханадан ерекше қуанышты сезіммен сыртқа шықтық. Себебі, біз адамның өмірге келуіне куәгер болдық қой. Аналар, мерекелеріңіз құтты болсын!

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

8 наурыз 2012, 00:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.