Атырау, 24 қараша 03:51
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Маржан қыз» Елтайда тұрады

7 595 просмотра

«Маржан қыз» әнінің кейіпкері Маржан ЕНБАЕВА Индер ауданы, Елтай селосында  тұрады.

Ол – Социалистік Еңбек Ері, «Индер ауданының құрметті азаматы».

Мереке қарсаңында жолыққанымызбен, Маржан әжеймен әңгімеміз көңілсіздеу басталды. Өз атын иеленген көшеде тұратын, ауданның құрметті азаматшасының тұрып жатқан баспанасының әбден тозығы жетіп ескіріпті. Қамыстан салынған сапасыз үй көп жөндеуді қажет етіп тұр. Осы жағдайын айтып, омырауында «Қызыл жұлдыз» ордені жарқыраған, 88 жастағы Маржан Енбаева биліктің табалдырығын талай рет аттағанымен, тілегі орындалмапты.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары «Маржан қыз»  әні талай рет сахна төрінде, жиын, тойда шырқалып еді. Қазір де сұраныстан түскен жоқ. Сазды, сүйікті әннен үзінді келтірейік:

...Кездесіп ек колхозда айлы түні,

Құлағымнан қалқаның кетпейді үні.

Шығасыңба, алдымнаншықпайсыңба,

Москвадан жұлдыз ап келген күні?!

Қайырмасы:

Кездескен күн есімде,

Айлы жаздың кешінде.

Еске сақта, қалқатай,

Айта берем - ау, несіне.

...Бұл әннің жазылуының өзі бір дүние. Маржан қыз Есбол селосына қарасты «Толыбай» құмында дүниеге келді. Ағасы Шалабай екеуі әкесі Енбайға жылқы бағысты. Кейін 1944 жылы 19 жастағы Шалабай соғысқа аттанды. Жылқы бағудың барлық мехнаты енді қаршадай қыз бен әкесіне түсті.

-Қарамағымызда 300-ге жуық жылқы болды. Ол кемімейді, не көбеймейді. Он күнде бір келіп, жылқыларды іріктеп, Атырау арқылы вагондап соғысқа жібереді де, орнына басқа арық-тұрағын әкеледі. Қайғысызға қара су да ас, әкемді жүнжітіп жібергені, жылқының жайы емес. Жалғыз ұлының соғыста хабар-ошарсыз кеткені болды. Көзі жұмылғанша «Шалабайым келіп қалар» деп елеңдеумен есікке қарап жатты. Ағатайымнан қара қағаз келмегесін мен де үмітімді жоймадым. Бірақ Шалабай сол кеткеннен оралмады, - дейді Маржан әжей өткен күндерді еске алып.

Соғыс бітті. Қоғам малын шашау шығармай аман сақтап,  1942-1946 жылдар аралығында 237 құлын алған Маржан Енбаеваға 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

Маржан ол кезде 24 жаста болатын. Оның даңқы республикаға жайылып, бірқатар басылымдардың бас кейіпкері болды. Жылқышы қыз  ақындардың да шабытын оятты.

Белгілі сатирик Садықбек АДАМБЕКОВ Маржанды көрмесе де өлеңіне арқау етіп, «Маржан қыз» өлеңін жазды. Ал есімі елімізге танымал композитор Әбілахат ЕСПАЕВ бұл өлеңге ән жазып, сөйтіп ән өткен ғасырдың елуінші жылдарының сүйікті әніне айналып еді.

- Әннің тарихы жайлы теледидарда берген сұхбатында сатирик Садықбек Адамбеков Маржан туралы мерзімді баспасөз арқылы атына қанық болғанын айтқан болатын,-дейді Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Зейнеткерлік жасқа дейін мал баққан Маржан әжей талай суық-қа тоңып, ерен еңбектің үлгісін танытумен болған еді. Шұбаркөл ауылының бастамасын қолдап, мектеп түлектерінен құрылған «Жас дәурен-74» комсомол-жастар бригадасына жетекшілік етеді. Маржан әже - екі қыз, бір ұлдың анасы. Дариғасы мен Гүлзадасы Махамбет селосында тұрмыста, үйлі-баранды. Жалғыз ұлы Руслан да үйленіп, бүгінде келіні Гүлжан екеуінен өрбіген немерелерін қызықтап отыр.

Алла хош көрсе, танымал әннің кейіпкері енді екі жылдан соң 90 жас мерейтойын тойлайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

Суретті түсірген автор

7 наурыз 2012, 22:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.