Атырау, 24 қараша 04:00
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кепілдік кері оралды

2 491 просмотра

14 ақпанда бұрын тоқтатылып тастаған зейнеткерлерден мемлекет кепілдігін тағайындау туралы өтініштерді қабылдау қайта жанданды.

 

Күрес қайтадан жалғасады

Біз зейнеткерлердің инфляциялық шығындарға қатысты проблемалары туралы әлденеше рет жазған едік. Мемлекет біздің зейнеткерлеріміздің зейнетақы аударымдарының шығындарын өтеуді ұйғарған болатын. Бір ай бұрын үкімет зейнеткерлерден мемлекет кепілдігін тағайындау туралы өтініштер қабылдауды тоқтатты. Осы сәтке дейін төлем «2009-2011 жылдардың республикалық бюджеті туралы» ҚР Заңына сәйкес жүргізілді. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы (МЗТО) Атырау филиалының директоры Алмагүл ШАТЕНОВА хабарлағандай, «2012-2014 жылдардағы республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес, үкімет тиісті қаулыға қол қойып, өтініштер қайта қабылдана бастады.

Мемлекеттік кепілдікті рәсімдеу үшін қажетті құжаттар тізімі газетіміздің 2012 жылғы 9 ақпандағы №6 санында жарияланды («Бір қоржындағы қаржылар» мақаласын қараңыз).

 

Кепілдіктер әр алуан

Ал сол кезде редакцияға Жаңаөзен қаласында зейнеткерлікке шыққан, бірақ бір жыл бұрын Атырауға көшіп келген зейнеткер Дина БИСЕНҒАЛИЕВА хабарласты.

– 2011 жылдың желтоқсанында мен мемлекеттік кепілдік алу үшін мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына бардым. Бланкті толтырып, қажетті құжаттардың көшірмелерін тапсырдым. Нәтижесін телефон арқылы бір айдан кейін хабарлауға уәде берді. Бір айдан кейін қоңырау шалдым, бірақ менің өтінішім ақыры қаралмай қалған екен. Мен мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының бастығымен байланыстыруды талап еткенімде, маған мәселені анықтап, түстен кейін қоңырау соғамыз деп уәде берді. Маған шынымен де қоңырау шалып, 3 000 теңге бөлінгенін, кешікпей оны қолыма алатынымды айтты. Бір ай бойына жасалмаған істі филиал қызметкерлері бір сағаттың ішінде тындырып тастады. Оның үстіне мені мемлекеттік кепілдік мөлшері қатты таң қалдырды. 9 926 теңге зейнетақыны 2004 жылы ала бастадым. Алайда бір мекемеде 40 жыл жұмыс жасадым және сол кездегі жалақым жақсы болатын.    

Зейнеткерлікке өткен жылдың қыркүйек айында шыққан, бірақ мемлекеттік кепілдікті желтоқсанда рәсімдеген әріптесіме 460 мың теңге есептепті. Бұрын бюджеттік мекемеде жұмыс істеген, кепілдікті желтоқсан айында рәсімдеген басқа бір танысыма 15 000 теңге есептеген.

Маңғышлақта жұмыс істеген мен 3 000 теңге ғана алатын болсам, бұл не қылған мемлекет кепілдігі?

 

Өз жинағыңызды қайдан табуға болады?

Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы қаржы қозғалысы туралы ақпарат зейнетақы жинағының құпиясына жатады және жеке ұсынылады. Ол үшін МЗТО филиалына өтінішпен және оған тіркелген жеке бас куәлігінің, ӘЖК, СТН көшірмелерін және екінші деңгейдегі кез келген банкте (Қазпоштада) 305 теңге (ақылы қызмет тарифі  - Л.С.) төлегендігі туралы түбіртекпен бару керек.

Бұл ақпаратты /www.e.gov. kz/ сайтынан тегін алуға болады, бірақ ол үшін электронды сандық қолтаңба қажет.

 

Инфляциялық өзгерістер

Біздің зейнетақымызды қалай өтейді? Инфляция деңгейі қалай және қай мерзімде есептеледі? Мемлекет кепілдігі қандай формула бойынша есептеледі? Осы сұрақтармен қайтадан облыстық МЗТО филиалына хабарласып, мынадай жауаптарды алдым:

«ҚР Ұлттық банкі жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне алдағы 3 жылға  болжамды инфляция деңгейі туралы мәліметтер ұсынады. Ол өз кезегінде жылдық болжамды инфляция деңгейін ескере отырып, ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1351 қаулысына сәйкес есептеулер формуласымен салымшылардың (алушылардың) міндетті зейнетақы жарналары сомасының мониторингісін жүргізеді.

МЗТО алушының айырмашылықты төлеу туралы өтінішін қабылдағаннан кейін барлық зейнетақы қорларына осы тұлғаның жеке зейнетақы шотының бар екендігі және зейнетақы жинағының сомасы туралы мағлұматтар алу үшін жүгінеді. Егер зейнеткерлік жасқа жеткен уақытта (мерзімсіз мүгедектікті белгілегенде, ҚР аумағынан тысқары шыққанда) инфляция деңгейі есебімен қордағы зейнетақы жинағының сомасы нақты салынған міндетті зейнетақы жарнасы сомасынан аз болса, МЗТО айырмашылық төлемінің сомасына есеп-айырысу жүргізеді, яғни, мемлекет кепілдігі төленеді.

Егер зейнеткерлік жасқа жеткен уақытта (мерзімсіз мүгедектікті белгілегенде, ҚР аумағынан тысқары шыққанда) инфляция деңгейі есебімен қордағы зейнетақы жинағының сомасы көп болса немесе нақты салынған міндетті зейнетақы жарнасының сомасына тең болса, мемлекеттік орган (Бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаменті) айырмашылықты төлеуді тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады, яғни мемлекет кепілдігі төленбейді.

Мемлекет кепілдігі сомасының мөлшері нақты салынған міндетті зейнетақы қорының сомасына және жылдық инфляция деңгейіне байланысты болады. Осыған байланысты әр алушыда мемлекеттік кепілдік сомасы әртүрлі болады».

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

7 наурыз 2012, 18:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.