Атырау, 27 қараша 14:59
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сібір жарасының қорымдары ма? Қорытындыны күтеміз

2 598 просмотра

Жақында қалалық мәслихаттың сессиясында Атырау қалалық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВ қала аумағында сібір жарасынан өлген үш мал қорымы бар екенін хабарлады.

- Олардың екеуі тұрғын үй құрылысына байланысты елді мекеннің ішінде қалды: біреуі Нұрсая ықшамауданында, екіншісі Қайыршақты ауылдық округінде. Олар анықталып, тексеруге топырақ алынды. Ол жақта патогенді микробтар жоқ...

Баяндамашының сөзін қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ бөліп жіберді:

- Бұл екі учаске мал қорымы ретінде әлі расталған жоқ. Республикалық комитеттегілер растауы керек. Кеңөзек ауылдық округінде де солай. Қалай дегенмен де, қоршаулар орнатылатын болады.

Сессия аяқталған соң біз А.Айтбаевтан күтпеген жаңалыққа түсінік беруді және ықтимал мал қорымдарының нақты қай жерде екенін атауды өтіндік. Бірақ ол үзілді-кесілді бас тартып, өзінің кабинетіне Әбілғазиевті шақырды.

Атырау облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті редакция сауалына жауап ретінде біздің өңірімізде сібір жарасы сырқаты соңғы рет 1997 жылы Атырау қаласында тіркелгенін, сол кезде 13 адамның ауырғанын айтты.

«Біздің өңірімізде облыстық ветеринария қызметінің есебінде сібір жарасы бойынша 25 стационарлық-қолайсыз пункт бар, - деп хабарлайды департамент. – Нормативтік актілерге сәйкес, сібір жарасының топырақ ошағының айналасы санитарлық-қорғау аймағының (СҚА) бір шақырымы радиусында белгіленеді. СҚА-ға кіретін жер жергілікті органдардың шешімімен айналымнан алып тасталады. Онда ауыл шаруашылығы жұмыстарына және мал жаюға, сонымен қатар, іздестіру, гидромелиоративтік, құрылыс және басқа жұмыс түрлері үшін жер телімдерін бөліп беруге тыйым салынған. Сібір жарасы бойынша стационарлық-қолайсыз пункттерде микрофлора жағдайын тексеру үшін жыл сайын топырақты сынама алынуы тиіс».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 мамыр 2017, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.