Атырау, 26 желтоқсан 23:21
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жүрекке жасалған жәрдем

6 211 просмотра

Ашық миокардқа жасалған операциядан репортаж

Жүрекқан айналысын реттейтін бұлшық етті ағза ғана емес. Біз ғашық болсақ жүрегіміз ән салады, қиналсақ ауырады, қуанып лүпілдейді, таң қалсақ тына қалады, аясақ шаншиды. Тас боп қатады, қан жылайды, зу ете түседі... Ол қуанышта да, қайғыда да бізбен бірге, бірақ оған көмек керек болатын сәттер кездеседі. Біз репортажымызда қалалық ауруханаға (БСМП) барып, пациентпен бірге жүрекке операция жасаудың күрделі кезеңін өткергенімізді баяндаймыз.

АЖАЛ АУЗЫНДА

Операция залына кірмес бұрын бізге арнайы киім кигізді. Маған Гулливердің киіміндей мол пішілген киім тап болып, ішіне сүңгіп кеттім. Түсі де соған лайықты, теңіз толқынының реңіндей еді. Қолымызды арнайы сабынмен жуып, спирт ерітіндісімен өңдеп, ақыры кірдік-ау. Бізге бұрыштан орын белгілепті.

- Бұл адам – кенеттен өліп кетуі мүмкін. Сіздердің бұл жерде болуларыңыз орынды ма, білмеймін, - деді демпердесінің астынан сөйлеген кардиологиялық бөлімшенің меңгерушісі Мейрам НҰҒМАНОВ (суретте). – Операция өте күрделі, сондықтан кедергі келтірмеңіздер. Барлық сұрақтарды кейін қоясыздар.

Менің сергектігім әп-сәтте ғайып болды. Шынымен де біздің бұл жерде болуымыз орынсыз екен.

...Науқастың қуқыл тартқан жүзінен өтінгендей кейіптегі көз жанарын ғана көрдім. Саусақтарын қатты қылып жұмып, түйіп алған жұдырығы қалжыраған тәндегі алай-дүлей болған сезімді білдіргендей еді. Операция оның соңғы үміті болатын. Сәл кейінірек кардиохирург:

- Бұл оның тірі қалу үшін соңғы және жалғыз ғана мүмкіндігі, - деді.

Күрделі медицина терминдеріне бас сұқпай-ақ түсіндірейін: науқас жүректің ишемиялық сырқатына шалдыққан. Жүректің қан тамырларында түймешелер өсіп, ол біртіндеп артерияның саңылауын бітеп тастайды. Қан жүректі тек 20 пайызға қамтамасыз етіп отырған. Бұл өте қауіпті, өйткені жүрек бұлшықеті (миокард) дұрыс қан айналымы болмаса жұмыс істемейді. Қан оған қоректік заттар мен оттегі жеткізіп отырады. Егер қан тамыры бітеліп қалса... Қысқасы, кез келген уайым ол үшін соңғы сәт болуы мүмкін.

…ЖҮРЕК СОҒУЫН ТОҚТАТТЫ

Ақ кафельмен тұтасып кеткендей демімізді ішімізге тартып, көз бен құлаққа айналдық. Анестезиолог Жангелді ҚАДЫРОВ науқастың басын бұрып, мойнының оң жақ бөлігін йодпен өңдеп, мойынтырық венасын инемен тауып, терісін тесті. Сәл кейінірек катетер арқылы осы вена бойымен өкпе мен жүрек тоқтап тұрса да, ағзадағы тіршілікті ұстап тұру үшін дәрмек енгізетін болады.

Пациенттің бүкіл денесі йодпен өңделді. Денесін жеңіл діріл билеген ер адам әлі есін біліп жатты. Толықтай ес-түссіз күйге түсетін сәт те жақындап қалды. Білектегі күре тамырына дәрігерлер тағы бір катетер жалғады.

- Тоңып барамын... – деді шыдай алмаған науқас. Мониторда цифрлар тізбегі көрінді. Та-дам, та-дам, та-дам – науқастың жағдайын көрсетіп тұратын тізбектер электрлі соқпалармен секіріп тұрды.

- Сәл шыдаңыз, – деді дәрігер байсалды үнмен. – Қазір сіз ұйқыға кетесіз, ал оянған кезде бәрі жақсы болады.

Анестезиолог бетіне оттегі демпердесін кигізді. Бірнеше секундтан кейін науқастың кірпігі ашылып, жабылып, бұлшық еті босап, жұдырығы жазылып, қалың ұйқыға кетті.

- Енді тезірек кірісейік,- деп бұйрық берді хирург.

Осыдан сәл ғана бұрын тыныштық орнаған операция залы қозғалысқа толды. Бөлмедегі тоғыз дәрігердің бәрі әбігерге түсіп, әркім өз қызметін атқарып жатты. Біреуі қуықты босату үшін катетер енгізсе, екіншісі табанын орады. Анестезиологтар пациенттің кеңірдегіне өкпесін оттегімен толтыратын түтік енгізіп, ауыз кергіш кигізді (осы түтікті тістеп алмас үшін). Медициналық аспаптар жатқан үстелді пациент ұйықтап жатқан үстелге тақап әкеліп қойды. Көзді ашып-жұмғанша, пациенттің үстіне бір мәрте пайдаланатын жамылғы секілді нәрсені жауып тастады. Содан соң қабағына дымқыл дәке салып қойды. Кейін анықтағанымдай, мұны көздің мөлдір қабығы құрғап кетпес үшін жасаған екен. Наркоздың әсерінен қабақ аздап ашылып тұратын көрінеді.

Операция кеудесіне де, аяғына да қатар жасалады екен. Ассистент аяқтағы венаны жүректегі қан тамырын алмастыру үшін алмақ. Ол үшін жіліншікті йодпен өңдеп, теріні қайшымен қияды. Миллиметрлеп венаны теріасты майынан босатып, шығарып алады.

Хирург М.Нұғманов пен оның ассистенті Асылбек ҚОНЫСОВ оптикалық көзәйнекті (бұл ең ұсақ тамырларды көру үшін қажет) мұрындарына нығыздай түсіре киіп көкірек қуысын ашуға кірісті. Теріге скальпельді жүргізген дәрігер төс сүйекті айыру үшін екінші аспапты – электр арасын қолға алды. Содан кейін электр пышағын алды. Ол жүрекке жол ашып қана қоймай, қан тамшылап ақпас үшін тамырларды күйдіреді екен. Үйтілген тән мен сүйектің адам төзгісіз иісіне жүрегім айнып кетті. Аузыммен тыныстап ауа жұттым, талып қалуға болмайды. Хирургтар ашылған қабырғаларға жара кеңейткіштер бекітіп жатты.

- Бері жақында, — деп шақырды анестезиолог, - қазір қарауға болады.

Бар күшімді жинап, операция алаңын жауып тұрған жаймаға үңілдім. Дәрігер шынтағымнан сүйеп тұрды, еті үйренбеген журналистің талып қалуы ықтимал ғой.

Бұл сұмдық әрі арбап алатын көрініс екен.

Өмірімде бірінші рет тірі адамның жүрегін көріп тұрғаным. Үздіксіз двигатель секілді қанды литрлеп айдап жатыр.

- Ал өкпе мына жерде, - деді біреуі, медициналық демперденің ар жағынан қайсысының айтқанын түсінбедім. – Нағыз шылымқордың өкпесі.

Құдайым-ай! Мен мұны жағымсыз әдетті тастап, спортпен айналысуға мәжбүрлеу үшін медиктердің ойдан шығарған аңызы екен деп ойлап жүрсем. Өкпе жұлдызшалармен, қарайып кеткен тамыр жолақтармен шимайланып қалыпты.

- Бір шунт дайын! – деп баяндады қысқашқа шамамен он бес сантиметрдей вена кесіндісін қысып ұстаған ассистент.

- Керемет!  Жүректі тоқтататын кез келді.

Кереуетке жасанды қан айналдыру аппаратын жақындатты. Агрегат тірі секілді, айналып, дүңгірлеп, түтік-терімен және бауларымен бүлкілдеп соғып тұрды. Қолқаға жүректі тоқтататын салқындатылған сұйықтық құйылды. Ол бүлкілдеуін тоқтатқан кезде, монитор тр-р-р-р-р-р деп тарсылдап, соғу көрсеткіштері, қысым – жіп тәрізді бір сызық боп кетті. Сол сәтте жасанды қан айналдыру аппаратының «венасымен» қан жүгіре бастады.

Аппаратқа қан қуыс вена арқылы келеді, оттегімен қанығып, бүкіл денеге айналу үшін қолқаға беріледі. Алайда аппараттың жұмысы қанды вена бойынша айдау ғана емес. Құрылғы қанға толтырылып, одан көмірқышқыл газы шығады, содан кейін қайтадан оттегімен қанығып, пациенттің денесіне оралады.

ҮШ, ЕКІ, БІР – ІСКЕ ҚОС!

- Мына жерде қанша қан болады?

- Пациенттің қанынан басқа бұл жерде дәрмектер мен ерітінді бар, нақты есептеу қиын, -  деп жауап берді аппаратпен жұмыс істеген перфузиолог Гүлия ШҰҒАЙЫПОВА.Ал пациенттің өз қаны  4 литр 620 миллилитр.

Жасанды қан айналдыру аппаратына қарадым – дене температурасы 33,7°C болып тұр екен.

- Бұл операция кезіндегі қалыпты температура, - деп түсіндірді менің қарағанымды байқап.

Осы баулар мен түтіктердің барлығына тиіп кетпес үшін сақтықпен «денеге» жақындап келдім. Осы кезде хирург аяқтан алынған венаны жүрекке, қан апаратын тамырға тігіп жатыр екен.

- Соқпай тұрған жүректің кейпі қалай екен? – деп сұрады М. Нұғманов.

- Шынын айтқанда, өте жаман екен.

Дәрігер «тігуден» көзін алмастан, миығынан күліп:

- Іске қосамыз, уайымдамаңыз, - деді.

Хирургтің операция кезіндегі қолы естен кетпейтін көрініс екен. Ептілік пен шапшаңдық керек, бір ғана жаңсақ қимыл болса, осы ағзаның өмірін тоқтатуы мүмкін. Операция төртінші сағатқа созылғанда тік тұрғаннан аяқ талды. Кафельденген еденге бір минут болса да отыра кеткің келеді екен.

Ақырында операцияның ең маңызды кезеңі өтті. Хирургтар қан айналысын қалпына келтіріп жатыр. Егер жүректі салқынмен тоқтатса, жылы қанмен қайта іске қосады екен. Жүрек тартыншақтана тыпырлап барып, құшырлана соға бастады. Монитор қайта жанданып, та-дам, та-дам, та-дам деген дыбыстар естілді…

Көкірек қуысын медициналық болатпен қусырады. Ол пациенттің бойында мәңгіге қалады. Тері жіппен тігіледі, кейін ол алынып тасталады. Алты сағаттан соң пациент қарқынды терапия бөлімшесінде оянады. Ал жарты жылдан кейін бәрі біржола жазылып кетеді.

Мен бар жүрегіммен сүйемін!

Мен бар жүрегіммен қуанамын!

Ол енді осы сөздерді өз өмірі үшін қорықпай, ауыруды сезінбей айта алады. Ал әзірге пациент ұйқы құшағында.

Өздеріңізді аялаңыздар.

Анастасия ПАСТУХОВА,

Суреттерді түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

7 наурыз 2012, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.