Атырау, 24 қараша 02:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бүгінше шатырымыз бүтiн емес пе?

2 739 просмотра

«АЖ» оқырмандарының жертөлелер мен шатырлардың құпиялары, сметалардың сырлары, су құбырының ғажайыптары мен ПИК-тің «тіміскіәрекеттері» туралы сұрақтарына Атырау қалалық ПИК қауымдастығының жетекшісі Асылбек МҮЛІКОВ пен оның орынбасары Гүлнар САЛИХОВА және «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры (баспананы термомодернизациялау бағдарламасының операторы) Серік ХАЙРОШЕВ жауап берді.

АЙТЫҢЫЗ, КІМ БОЛАСЫЗ?

- Қауымдастыққа Салихова қандай үлес қосты, ол қандай қызмет атқарады және жалпы оны сайлаған кім? Ал Мүліков кім, қандай адам, оны кім сайлаған?

Светлана, телефон арқылы

Г.С., А.М.

- «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 50-1-бабының 1-тармағына сәйкес ПИК-тердің Қауымдастықтарға, Одақтарға бірігуге құқығы бар. Қауымдастық басшылығы Атырау қаласының жалпықалалық конференциясының шешімімен сайланды. Екеуміздің де тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі басшылық лауазымында көпжылғы тәжірибеміз бен өтіліміз бар.

 

ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН ТҮБІРТЕК

- Нұрсая ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің ПИК қызметкерлері неліктен ыстық сумен қамту есептегіштерінің көрсеткішін жазып алмайды? Бірақ есеп-шоттар көрсетілген түбіртектер келіп жатады. Ендеше төлемақы сомасын қалай есептейді? Мүгедектерге, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға арналған жеңілдіктерді неліктен жылыту маусымында алып тастады? Бізге оның күші жойылды деп айтты.

Телефон арқылы

Г.С.

- «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-де (осы ықшамауданға қызмет көрсетеді) есептегіш көрсеткішін жазып алатын, бұйрықпен тағайындалған жауапты тұлға бар. Кез-келген (жұмыс) уақытында телефон арқылы хабарлауыңызға болады. Жеңілдіктерді үкімет, жергілікті мәслихаттар бекітеді, олар атаулы түрде бөлінеді. ПИК бюджеттен жеңілдіктер бойынша өтемақымен қаржыландырылмайды.

- Пәтер қожайындары , егер зейнеткер немесе «Күміс алқа» иегері болса, олар үшін жеңілдіктер қарастырылған ба?

К. Оралбекова 

Г.С.

- Біз осындай сұраққа жоғарыда жауап беріп өттік. Қайталап айтайын, жеңілдіктерді  үкімет, жергілікті мәслихаттар бекітеді, олар атаулы түрде бөлінеді. ПИК халықтың жеңілдік санатының шығындары үшін өтемақы алмайды.

- Лесхозда «Талғатжан» ПИК-і тарифтік төлемдерді іліп қоймайды. Сондықтан төлеу үшін бізге үнемі негізсіз сомаларды ұсынады. ПИК тарифтері 2009 жылы пәтерлерде газ қазандықтарының (АЖЭО, «Атыраугазинвест» АҚ рұқсатымен) орнатылғанына қарамастан бұрынғы деңгейде қалып отыр. Тарифтер неліктен өзгермейді?

Г.С.

- Автономды жылыту және ыстық сумен қамту қазандықтарын орнатуға байланысты үйлеріңіздегі тариф 1 шаршы метр үшін 25 теңгеден 15 теңгеге дейін азайды.

- Мен Привокзальный 3-А ықшам ауданы, 25-А үйде тұрамын. Бізге «Олжа» ПИК-і қызмет көрсетеді. ПИК ай сайынғы коммуналдық қызмет төлемақысын жинаудан басқа, тұрғындар үшін ештеңе жасамайды деуге болады. Тұрғындар ақшаларын уақытында төлемейді дегенді желеуретеді. Үйіміз «Дина» базарының маңында, пәтерлердің көпшілігі жалға беріледі, подъездерді қоқысқа толтырып, ластап кетеді. Жертөлелер суға толған, тұрбалар жамау-жамау. Жоғарғы қабаттарға су көтерілмейді. Су арнасы ПИК-ке, ал ПИК кері сілтейді. Кеңес беріңіздерші, не істеуге болады?

Г.С.

- Подъездер күн сайын тазалануы, ал дымқылдап тазалау аптасына 1 рет жүргізілуі тиіс. Тұрғындардың бастамашыл тобы ПИК-пен бірге қажетті жұмыс түрлеріне сметаны алдын-ала бекітіп, мақсаттық (бір мәрте) алымдар есебінен жертөлені күрделі жөндеу шарасын ұйымдастыра алады. Су қысымы бойынша «Атырау Су Арнасы» КМК-на, ал ол әрекет қылмаған жағдайда әкімдікке немесе монополияға қарсы органдарға жүгіну қажет.

 

ҚАЛАП АЛҒАН КІРІПТАРЛЫҚ

- Біздің жаңа үйде ПИК бағалары өте жоғары (11-б үй, Авангард, 2 м/а, «Модернстрой» ЖШС).  Тарифтер көңілімізден шықпайды (бұл үйлерді олардың өздері салды, енді өздері қызмет көрсетіп жатыр). Мен келісім-шарттың шарттарымен келіспеймін. ЖШС басшысы, егер төлемесем, сотқа баратынын айтып, қоқан-лоқы жасайды. Ал заң бұзушылық ап-айқын көрініп тұр: олар бізге абоненттік кітапшалар берген жоқ, бізден де талап етпейді, түбіртектер мен чектер бермейді. Ұзақ уақыт бойына лифт жұмыс жасамай қалды, ал оған қайта есептеу жүргізбейді. Жылу төлеміне тұрғын емес алаңдарды қосады. Бұл жағдайда не істеуге болады?

Динара

А.М.

- Егер сіз сату-сатып алу келісімін жасаған кезде, өзіңіз кіріптарлыққа түсетін шартқа қол қойған болсаңыз, онда барлық шарттарды сақтауға тиіссіз. Егер келісім-шарт болмаса, онда өз құқығыңызды сотта қорғаңыз. Чектер түбіртегін ЖШС беруге міндетті, олай болмаған жағдайда, бұл Салық Кодексін бұзу боп табылады. Жылу үшін төлемді есептеу кезінде пәтер-дің барлық пайдалы (тұрғын немесе тұрғын емес) алаңы назарға алынады.

 

ТАЗА ҚАҒАЗҒА ҚОЛ ҚОЙҒЫЗАДЫ

- 2012 жылы мен тұратын үйдің салынғанына 41 жыл толады. Үй 120 пәтерлік, бес қабатты. Модернизациялау қалай жүргізіледі, бұл жоба қалай қаржыландырылады, ПИК модернизациялауға тиесілі үй тұрғындарының өтініші бойынша танысу үшін смета ұсынуға міндетті ме және қайтару механизмі қандай (толық баяндауды өтінеміз)? Зейнеткерлерге жеңілдіктер бола ма?

Зейнеткер Татьяна Фролова

- Тұрғын үйді жөндеу үшін тұрғындардың (70 пайыз) жазбаша келісімі керек. Бұл жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Мақсаттық трансферттер жарғылық капиталдағы 100 пайыздық мемлекеттік үлеске ие ЖШС немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жергілікті атқарушы органдарға түседі. Тұрғындардың тілегі бойынша жөндеу жұмыстарына ақау актісі толтырылады. Осы акт бойынша смета жасақталады. Смета тұрғындардың жалпы жиналысында бекітіліп, қорытынды жасайтын мемлекеттік сараптамаға өтеді. Тұрғындар бекіткен және мемлекеттік сараптамадан өткен смета тұрғын үй инспекциясымен мақұлданады.

Тұрғын үйді модернизациялау бойынша күрделі жөндеу екі механизм бойынша жүргізіледі. Бірінші: үйді толықтай күрделі жөндеу, екіншісі: ішінара (шатырды, жертөле желілерін және т.б. бөлек) жөндеу. Бірінші механизм бойынша меншік иелерінің соманы қайтару мерзімі – 10 жылға дейін, екіншісі бойынша – 7 жылға дейін.

Кондоминиум нысанын басқару органы әр кондоминиум нысанына екінші деңгейлі банктенқайтарым сомасы үшін жинақ шотын ашады.

Келісім-шартта бекітілген мерзім ішінде пәтер иелері жүргізілген жөндеу үшін ай сайын жарналар төлеп отырады. Күрделі жөндеу жүргізілгенде халықтың аз қамтылған бөлігіне жөндеуді төлеу үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған. Пәтер иелері тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Атырау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барады. Жұмыспен қамту бөлімі құқығын, мөлшерін белгілеп, тұрғын үй көмегін белгіленген нормативтер шамасында бөліп, үйдің жинақ шотына аударады.

- Біздің үйде термомодернизациялау бағдарламасы тұрғындарды қорқыту арқылы жүргізіліп жатыр. Термомодернизациялауға ПИК-тің қандай қатысы бар? Олар соның есебінен өз жыртықтарын жамап алғысы келеді. Үйлерді аралап, таза қағазға қол қойғызып жүр. Біз қол қоюдан бас тарттық. Егер қол қоймасаңдар, ана нәрсені, мына нәрсені ажыратып тастаймыз деп, дүрліктіріп жатыр... Мынадай сұрақ туындап отыр: бұл бағдарламаға ПИК қалай қатысады және оның ролі қандай, неліктен бізге сенімімізден шықпаған мекемені тағы да таңып қойып отыр? Осындай «мердігермен» (біздің ПИК өздерін осылай атайды) ақшалардың далаға кететіндігіне сенімдімін.

Авангард-2 м/а, 18 үй

Г.С.

- Қол жинауға ПИК төрағасы қатыспайды. Тұрғындардың келісімін бастамашы топ жинайды (сіздің үйде оған Дурманова Людмила Павловна басшылық етеді). ПИК ұйымдастыру мәселелері бойынша өзара серіктестік туралы келісімге қол қояды. Қаржы алдағы уақытта мемлекеттің жөндеуге бөлген несиесімен есептесу үшін «Қазпошта» АҚ-да осы тұрғын үйдің арнайы ашылған шотына шоғырланатын болады. Бағдарламадағы ПИК-тің ролі – түсіндіру, жалпы жиналыс өткізу. Кворум жоқ болғандықтан, бастамашыл топпен бірге үйді күрделі жөндеуге келісім беру үшін тұрғындарға сауал жүргізеді. ПИК тұрғындармен бірге мердігер мекемені ұсына алады. Алайда құрылыс мекемесін ақырғы таңдау «Мемлекеттік сатып алулар туралы заң» негізінде, яғни, конкурстық негізде жүргізілетін болады.  

- Термомодернизациялау бағдарламасы бойынша біз-дің үйімізге (Махамбет, 118 г) жөндеу жүргізілді. Алайда нәтижесі менің көңілімнен шықпайды. Жалпы жергілікті биліктің оны балансқа қалай қабылдағаны немесе қалай қабылдайтыны түсініксіз. Жертөле желілерін ретке келтіру үшін жөндеу жасаймыз деген басты мәселе ақыры шешілген жоқ. Суға кеткен жертөле сол күйінде, иісі де кетпеген. Ал буы бұрынғыдан кем емес. Төраға біздің сұрақтарымызға жауап бермейді, жертөлені кілттеп, кілтін ешкімге бермейді. Оның бар жұмысы сол сияқты.  Мен сапалы орындалған жұмыс болса төлер едім, бірақ ақаулы жұмысқа төлемеймін және мұндай жұмысты қабылдамаймын. Сіздер супермаркеттен шіріген көкөністерді сатып алмайсыздар ғой, неліктен біз сапасыз тауар үшін ақша төлеуіміз керек?

Григорий Тепленький

А.М.

- Махамбет көшесі, 118 г мекен-жайындағы үй бағдарламаға енгізілген. Бірақ ауа-райына байланысты жөндеу аяқталған жоқ. Соның ішінде ыстық сумен қамту, салқын сумен қамту тұрбаларын ауыстыру және ішінара канализация жұмыстары жасалған жоқ. Оның үстіне сыртқы канализациялық тораптың апаты салдарынан лас сулар жертөлеге құйылған. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындардың, ПИК-тің, тұрғын үй инспекциясының, бағдарлама операторының қатысуымен қабылдау жұмыстары жүргізілетін болады.

- Мен Махамбет көшесі, 118 «г» мекен-жайында, 2-подъезде тұрамын.  Біз жұмыс сапасына риза емеспіз. Домофон қондырғанына қуанып едік, бірақ дұрыс пайдаланып үлгермей жатып, әлденеше рет бұзып тастады.  Мәселе мынада: үйдің бірінші қабатында «ТБС» кабельдік теледидар мекемесі орналасқан. Жан-жақтан келген адамдар біздің подъезімізге таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін кіріп-шығады. Біз оларға қатысты шара алсын деп «Әли» ПИК-іне жүгіндік. Бұл компанияның өздеріне бөлек есік шығарғанын қалаймыз. Модернизациялау бойынша сұрағым: бізге 34 000 000 теңгені қалай есептегенін білгім келеді?

Құрметпен, Айна

С.Х.

- Домофонды бұл үйдің тұрғындарына мердігер мекеме әлі тапсырған жоқ. Яғни, қандай да болмасын кемшіліктер болса, орындалған жұмыс актілерін қабылдамаңыздар.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістердің негізінде заңды тұлғалардың, бұл жағдайда кабельдік теледидар компаниясының бөлек есігі болуы тиіс. Сметалық құнына келер болсақ – сметаны тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері тексерді, ол мемлекеттік сараптамадан өткен, тіпті тұрғындардың жалпы жиналысында бекітілген. Барлық жұмыстарды аяқтағаннан кейін мердігер 2 жыл ішінде сапасыз орындалған жұмысты  дұрыстауға міндетті.

- Біздің ПИК-ке келіп, тұрғындарды жинап, үйімізге күрделі жөндеу жасасаңыздар екен. Адамдарға әдемі, жылы үйде тұрудан қорықпау керектігін түсіндіріп берсеңіздер.

Құрметпен, Ардақ Ізтелеуова

С.Х.

- Егер сіздің үйдің ПИК-і күрделі жөндеу жүргізу мәселесі бойынша тұрғындарды жинайтын болса, мен, ПИК Қауымдастығы және тұрғын үй инспекциясының мүшелері осы бағдарлама бойынша барлық мәселелерді түсіндіріп береміз. Күрделі және ішінара жөндеу жүргізу үшін пәтер иелерінің 2/3 (70 пайыз) жазбаша келісімі қажет. Көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін:

1. әділет басқармасына тұрғын үй кондоминиумы нысанының тіркелуі.

2. осы үйдің кондоминиум басқармасының органы.

3. осы тұрғын үйді күрделі жөндеуді жүзеге асыруға пәтер иелерінің ниеті болуы керек.

Күрделі жөндеу жүргізуді ұйымдастырудың әрі қарайғы кезеңдерін үй тұрғындарының жалпы жиналысында түсінді-ретін боламыз.

 

БАСПАНАҢЫЗ ӨТІМДІ БОЛАДЫ

- Ал осы бағдарлама бойынша жағымды пікірлер бар ма?

С.Х.

- Аз емес. Күрделі модернизациялау кезінде міндетті түрде жылу есептегіштер орнатылатындықтан, бұл оңай бақыланатын бап. Біз модернизация жүргізілген екі үйдің көрсеткішін алдық. Талдау жұмыстары жылу үшін төлемнің әжептәуір азайғанын көрсетті. Мәселен, Авангард 3-мөлтек ауданындағы 40-үйдің 4 бөлмелі пәтерінің мәліметтерін алып қарайық. 2010 жылдың қараша айында жылу үшін төлем 5270 теңге құраған, ал 2011 жылдың қарашасында 3750 теңге болды. 2010 жылдың желтоқсанында 6700 тг, бір жылдан кейін 4968 теңге құрады. Аязды күндері үнемдеу түсінікті себептер бойынша төмендейді, жылынған кезде артады. Бұған подъездерді жылу жоғалтудан қорғау (домофондар есіктердің ашық қалуына мүмкіндік бермейді) есебінен және жертөлелерді, подъездерді, шатырларды жылыту арқылы қол жеткіздік. Тағы бір маңызды факт – бәріміз дерлік бекітілген тариф бойынша жылу үшін ақы төлеп отырған кезде, жөндеу жүргізілген үйлердің тұрғындары есептегіш арқылы, яғни факт бойынша төлейді. Әрине, бұл факторлар осы баспананың өтімділігіне әсер етті. Біздің мағлұматтарымыз бойынша, бағдарлама аясында жөндеуден өткен пәтерлердің құны 5-6 мың доллардай сомада едәуір өскендігін айта кеткен жөн.

 

ШАТЫР ОРТАҚ

- Біз бес қабатты Сәтбаев көшесі, 36 мекен-жайының 5-қабатында 1991 жылдан бері тұрамыз. 1998 жылдан бастап барлық бөлмелер дерлік көгеріп, сыз байқала бастады. Шатырды өз күшімізбен әлденеше рет жөндеп, битум мен рубероид төсеп тастадық. Үйдің шатыры екі қабатты. Зеңмен қанша күрессек те, шыға береді. Несиеге жөндеу жүргізілгеннен кейін зең мен көгергеннің болмайтындығына кепілдік бар ма?

Т.К. Ерімбетов, 2-топ мүгедегі

С.Х.

- Шатырды өз күшімен ішінара жөндеу нәтиже бермейтіндігін тәжірибе көрсетіп отыр. Екінші жағынан алып қарағанда, шатыр – сіздің үйде тұратын бүкіл тұрғындардың ортақ меншігі. Сондықтан тұрғындардың ортақ жиналысында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін модернизациялау бағдарламасы бойынша шатырлар мен басқа инженерлік тораптарға күрделі жөндеу жүргізу туралы мәселені шешу керек. Кепілдікке келер болсақ, сіз өзіңіз ПИК-пен бірге орындалған жұмыстарды қабылдауға қатысасыз. Мердігер өз тарапынан орындалған жұмысқа 2 жыл кепілдік береді.

Г.С.

- Әлі күнге дейін өзіндік айырбас тәжірибеде болды. 5-қабаттың тұрғыны өз күшімен және өз қаржысымен шатырды жөндейді. Ал оған бір жылға пайдалану шығындарын есептен алып тастайды. Бірақ бұған көп шығын жұмсалды. Шатырды жөндеу өте қымбат тұрады, ал ПИК-тің жылдық жарнасы бұл соманың 10 пайызын да жаба алмайды. Сондықтан біз осындай сызбадан да бас тартып, көрші облыстардың тәжірибесіне көшеміз. Ол жерде тұрғындарға жиналыс тақырыбы туралы алдын-ала хабарлап, өтініштер қабылдап, смета жасақтап, тұрғындардың келісімімен барлық пәтер иелеріне шығындарды бөледі. Шатыр – жертөле желісі секілді ортақ үй мүлкі болғандықтан, оны жөндеу ортақ қаржымен жүргізілуі тиіс.

- Жасым 76-да, 5-қабатта тұрамын. Үйдің шатыры өте нашар, төбе үнемі көгеріп тұрады. Үйіміздің шатырына қашан жөндеу жүргізіледі?

Ажар Қуатова, Шамин көшесі, 1-30

А.М.

- Бұл ақпаратты тек сіздің ПИК қана білуі мүмкін. Ол сұраным бойынша жиналыс өткізеді. Егер үйді ішінара немесе толықтай жөндеуге пәтер иелерінің 70 пайызының келісімі жиналса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне термомодернизациялау бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізуге өтінім жасайды.

 

«КӨЛТАУЫСАР» РӨЛІНДЕГІ КІМ?

- Азаттық, 179 «а» үйінің тұрғындары, «Заря» ПИК-і. Салқын суға қатысты үнемі проблемалар туындайды - күндіз арыны болмайды, тіпті қолды жуу мүмкін емес. ПИК-тегілер «бәрі дұрыс» деп, бізді қалалық «Су арнасына» сілтейді. Ал ондағылар болса, бізге жеткілікті мөлшерде қысым беріп отырмыз дейді.  Бірақ су жоқ. Біз мұны көршілес орналасқан «Ягуар» көлік жуу орнының кесірінен деп отырмыз.  Ол жерден ауыз суды бөтелкелеп «Газельге» тиеп жатқанын әлденеше рет көрдім. Қысым күндіз - олар жұмыс жасайтын кезде болмайды. Кешкісін сегізден кейін және таңертең сағат 10-ға дейін су қалыпты жүреді.

Айнұр 

Г.С.

- Үйге монометр орнатып қою керек, сонда белгілі болады. Яғни, «Су арнасынан» қысым деңгейін анықтайтын комиссияны келтіруге қол жеткізу керек. Су дайындау кәсіпорнына арыз жазып, көшірмесін міндетті түрде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау филиалына жолдау қажет. Тек сонда ғана комиссиялық түрде, қысым жеткілікті ме, анықталатын болады. ПИК өкілдерінің, тұрғындардың және «Су арнасы» қызметкерлерінің қатысуымен акт жасау қажет. Қысымды өлшеу үйдегі судың қай қабатқа дейін көтерілетіндігін нақты көрсететін болады. Шағымдар бар болғандықтан және олар соның клиенті боп табылатындықтан, «Су арнасындағылар» көлік жуатын орынды да тексере алады. Бас тартқан жағдайда су дайындау кәсіпорнына монополияға қарсы комитет әсер ете алады. Оның «Су арнасын» тексеруге толық құқығы бар және оны осы нысандарды тексеруге мәжбүрлей алады.

Алайда, менің өз пікірім – көлік жуатын орынның бұған қатысы жоқ шығар. Бұл жеткілікті қысымның болмауынан орын алып отырған секілді. Жанама дәлелдерге келер болсақ – күндізгі жұмыс уақытында су қысымының болмауымен ешкімді таңқалдыра алмайсың. Бізде қалада бәрі сондай. Бәлкім, мәселе стояктарда шығар. Бірақ егер олар жаңа болса, онда шүмектегі су арыны төмен кезде, қысымды күндізгі уақытта өлшету керек.

 

АРТЫҚ МЕТРЛЕР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

- Смағұлов, 56-32 мекен-жайындағы біздің «Еламан» ПИК-індегілер үйіміздің биыл күрделі жөндеу тізіміне кіретінін айтты.  Қалалық әкімдік өкілі жиналыс жасап, мұрағаттан біздің үйдің жоспарын сұратты. Онда біздің бәріміздің пәтер алаңдарымыз өзгеше ұсынылған. Олардың бәрі бірдей жобада, бірақ 71,2-ден 84 шаршы метрге дейінгі алаңдарға ие болып шықты.  Яғни, менің 62,2 шаршы метрім 84 метрге дейін кеңіп кетіпті. Бұл қалай болғаны? Біздің ПИК тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне желтоқсан айында анықтау жөнінде хат жолдаған еді, бірақ әлі жауап келген жоқ. Екінші кемшілігі – бұл біздің ПИК-ке белгілі болғаннан кейін ол сол сәтте жаңа алаң көлеміне сәйкес және оған балкон алаңдарын қосып, біз үшін төлем сомасын көбейтті. Оның бұлай жасауына негіз бар ма?

Н. Жасмағамбетова

Г.С.

- Кондоминиумға куәлік алу, оны тіркеу, үйдің төлқұжатын рәсімдеу – қажетті процедуралар. Термомодернизациялауға үміткер барлық үйлердің техникалық құжаттары болуы тиіс. Мұндай айырмашылық қайдан пайда болған? Түсініксіз. Техникалық төлқұжат дайындау кезінде ПИК Жылжымайтын мүлік орталығының өкілін шақыруы тиіс. Алайда көбінесе олар мұрағаттан ескі төлқұжаттарды алады да, көшіре салады. Алаңды қайтадан өлшеу қажет, бірақ міндетті түрде ПИК пен қожайынның өзі қатысуы міндетті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне («Еламан» ПИК-інің алдыңғы өтінішін тіркеп) және Жылжымайтын мүлік орталығына, яғни, жұмысқа тапсырыс беруші мен оны орындаушыға өтінішпен шығу керек. Төлемге келер болсақ, даулы жағдай анықталмайынша пайдалану шығындарының төлемі бұрынғыша қалу керек. Бұл адамдардың орнында болсам, мен Жылжымайтын мүлік орталығына барып, жоспарды қайта жасауды талап етер едім. Өйткені жоспардың қате мәліметтермен жасалғандығы көрініп тұр.  Егер оқырманның айтқанындай болса, онда оған жоспарды қайта жасатқаны үшін ақша төлеуге тура келмейді.

АРАША, АҒАЙЫН!

- Біздің үйіміздегі 3-қабаттан 5-қабатқа дейінгі пәтерлердің асүйінде, жуынатын бөлмесінде және әжетханасында жылудың болмағанына екінші жыл болды. 2010 жылдың желтоқсанында жылу жүйесі қызметінен комиссия келді. Сөйтсе, 1-ші пәтерде жөндеу жүргізіп, пластик тұрбаларды қайта дәнекерлеп тастаған екен. Бұл кемшілікті ПИК жоюы тиіс деген акт келді. Бірақ екі жылдан бері ешкім ештеңе жасамай отыр, ал біз жылытылмаған бөлмелер үшін ақша төлеп отырмыз.

Авангард, 3-47,«Рахман-2» ПИК-і

А.М.

- Бұл мәселені тексеру керек. Біз бұл хабарламаны назарға алып, мекен-жайды сақтап қоямыз, алайда жылыту маусымының аяқталуын күту керек. Ол жерде түрлі себептер болуы мүмкін, бәлкім, пәтер иелері үйлеріне ПИК-ті кіргізбейтін шығар, мүмкін басқа себептері бар шығар. Біз тексеретін боламыз.

- Біз 9-қабатта тұрамыз. 2007 жылдан бері үш бөлменің бәрі үнемі суға кетеді. Қар болсын, жаңбыр жаусын, оған қоса, әлдекім техникалық қабаттағы вентильді жабуды ұмытып кетсе де (бізде су пәтерлерге төменнен жоғарыға емес, жоғарыдан төменге келеді), су қайта бізге құйылады. Өз есебімізден жөндеу де жүргіздік, бірақ еш көмегі жоқ. Себебін анықтау мүмкін емес. Бұл мәселе кімнің құзырында?

Алмагүл м/а, 5-үй

Г.С.

- Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментіне өкілін жібертіп, қорытынды жасату үшін өтінішпен шығу керек. Өйткені бұл құрылыс құрылымының бұзылуына байланысты болуы мүмкін. Қорытындыға сәйкес, кімге: егер инженерлік құрылымнан болса ПИК-ке, егер құрылыс құрылымынан болса тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіну қажеттігі айқындалатын болады

 

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН ЛИФТІЛЕР

- Лифтілерге қызмет көрсету келісім-шарттарын кім жасауы тиіс - ПИК пе әлде тұрғындар ма?

Электронды пошта арқылы

Г.С.

- Лифтілерге лицензиясы бар мамандандырылған мекемелер жеке келісім-шарттар бойынша қызмет көрсету тиіс (энергі-шілер, жылу қызметкерлері мен басқа қызмет көрсетушілер секілді). Ал «Атыраулифт» бәрін ПИК-ке іліп қояды, өйткені оған осылай ыңғайлы.

Қала бойынша бүкіл лифті-лердің 10 пайызы жұмыс жасап тұрса жақсы ғой. Пайдалануға берілген күннен бастап Алмагүл ықшамауданында лифтілер жұмыс жасаған жоқ деуге болады. Қазір модернизациялау бағдарламасы арқылы оларды ауыстыру жөнінде ұсыныс бар, егер бұған тұрғындар келіссе, әрине. Бүгінгі қалалық әкімдікте болған кеңесте осы нұсқа қарастырылды. Жаңа үйлер модернизациялауға мұқтаж екен-дігіне қатысты наразылықтың болуы түсінікті. Құрылысшылар баяғыда ізім-ғайым болды, ал кепілдік мерзімі – тапсырылғаннан бері 2 жыл баяғыда өтіп кетті.

7 наурыз 2012, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.